Қазақстандық мамандар АҚШ-та жерасты суын басқарудың заманауи технологияларын меңгеріп жатыр, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл жұмыс ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі мен АҚШ Геологиялық қызметі (USGS) арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында жүзеге асуда.

Оқу Бойсе қаласында өтті
Қазақстандық гидрогеологтар АҚШ-тың Бойсе қаласында арнайы оқудан өтті. Олар Айдахо штатының Су ресурстары ғылыми орталығы жанындағы жерасты суы оқу орталығының қызметімен танысты.
Сапар барысында мамандар:
- жерасты суын мониторингтеу жүйелерін зерттеді
- су көздерін модельдеу тәсілдерімен танысты
- жерасты суын қорғаудың заманауи әдістерін қарастырды
Сонымен қатар гидрогеология және су ресурстарын басқару мәселелері бойынша ғылыми кездесулер, техникалық семинарлар мен тәжірибелік талқылаулар ұйымдастырылды.
Барлық шығынды америкалық тарап өз мойнына алған.

Қазақстан үшін бұл неге маңызды?
Соңғы жылдары Қазақстанда су қауіпсіздігі мәселесі стратегиялық бағыттардың біріне айналды. Әсіресе климаттың өзгеруі мен су тапшылығы жағдайында жерасты су қорларын тиімді пайдалану өзекті болып отыр.

Мамандардың халықаралық тәжірибе алмасуы елімізде су ресурстарын басқару сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
«Бұл тәжірибе отандық гидрогеология мамандарының біліктілігін арттыруға, жерасты суын басқарудың заманауи технологияларын енгізуге және АҚШ сарапшыларымен кәсіби ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді», - деді «Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеологиялық қызметі басқарма төрағасының орынбасары Даир Ибраев.