Соңғы жылдары Алтын Орда тарихына қатысты ғылыми зерттеулер мен халықаралық қызығушылық айтарлықтай күшейді. Бұл тақырып тек өткенді танумен шектелмей, қазіргі Еуразия кеңістігіндегі саяси, мәдени және өркениеттік үдерістерді түсінудің маңызды бағытына айналып отыр. Осы ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық симпозиумда Алтын Орда мұрасын адамзатқа ортақ тарихи қазына ретінде бағалап, оны жаңа ғылыми көзқарас тұрғысынан зерттеудің маңызын ерекше атап өтті.
Тарих магистрі, Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушісі Аяулы Нурбекованың айтуынша, бүгінгі таңда Алтын Орда тарихына деген қызығушылықтың артуы заңды құбылыс. «Алтын Орда – тек көшпелі империя тарихы емес, ол Еуразия кеңістігіндегі саяси басқару, құқықтық жүйе, дипломатия, сауда және мәдени ықпалдастықтың бірегей үлгісі. Сондықтан бұл тақырып әлемдік ғылыми қауымдастық үшін әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ», – дейді ол. Сонымен қатар спикер Президенттің тарихи мұраны бұрмаламай, ғылыми әрі бейтарап тұрғыда зерттеу туралы ұстанымының маңызына ерекше тоқталды.
Сұхбат барысында Нурбекова Аяулы Калымбековна Алтын Орданың әлемдік тарихтағы орны, Ясауи мұрасының рухани мәні, дала демократиясы мен заң үстемдігі дәстүрі, Жошы ұлысының сауда-логистикалық жүйесі және тарихты цифрландыру мәселелері төңірегінде кеңінен пікір білдірді. Сондай-ақ ол Алтын Орда тәжірибесінің қазіргі Қазақстан үшін де маңызды тарихи әрі стратегиялық сабақ екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын Орда тарихын адамзатқа ортақ мұра деп атап, бұл тақырыпты Қытай, Моңғолия, АҚШ, Жапония және Еуропа елдерінің ғалымдары зерттеп жатқанын айтты. Неліктен Алтын Орда тарихы әлемдік ғылыми қауымдастық үшін әлі күнге дейін өзекті болып отыр?
– Қазіргі тарихи даму кезеңінде Алтын Орда тарихына деген қызығушылықтың артуы кездейсоқ құбылыс емес. Бұл мәселенің тек Алтын Орда мұрагерлері үшін ғана емес, АҚШ, Еуропа, Қытай, Жапония, Моңғолия секілді елдердің ғылыми ортасы үшін де өзектілігін жоғалтпауы – оның әлемдік тарихи үдерістерге терең ықпал еткенін көрсетеді.
Ұзақ уақыт бойы Алтын Орда тарихы біржақты түсіндіріліп, «жабайы көшпелілер үстемдігі» ретінде сипатталып келді. Кеңестік және кейбір батыстық тарихнамада қалыптасқан мұндай көзқарастар көшпелі өркениетке қатысты теріс стереотиптердің орнығуына әсер етті. Алайда бүгінгі таңда ғылыми айналымға жаңа деректердің енгізілуі Алтын Орданың шынайы тарихын қайта пайымдауға мүмкіндік беріп отыр. Қазіргі жаһандық геосаяси жағдайда Азия мен Еуропаны байланыстыратын құрлықтық дәліздер қайтадан маңызды рөлге ие бола бастады. Осы тұрғыдан қарағанда, кезінде Шығыс пен Батысты байланыстырып, Еуразия кеңістігінде қауіпсіз сауда мен дипломатиялық байланыстар жүйесін құрған Жошы ұлысы мен Алтын Орданың тарихи тәжірибесі ерекше маңызға ие. Президент атап өткендей, Алтын Орда – адамзатқа ортақ мұра. Сондықтан бұл тарихты зерттеу – тек өткенді тану емес, бүгінгі Еуразия кеңістігіндегі саяси, мәдени және өркениеттік үдерістерді терең түсінудің де маңызды кілті. Еуропа үшін бұл – Шығыспен байланыс көпірі, Қытай үшін – «Бір белдеу – бір жол» бастамасының тарихи аналогы, ал Қазақстан мен Орталық Азия үшін – мемлекеттілік пен еуразиялық өркениеттің маңызды негіздерінің бірі.
Президент Алтын Орда тарихын бұрмалауға немесе оны бір халықтың ғана мұрасы ретінде көрсетуге болмайтынын ерекше атап өтті. Ортақ тарихи мұраны ғылыми әрі бейтарап тұрғыда зерттеу мемлекеттер арасындағы сенімге қалай әсер етеді?
– Жалпы, тарих мәселесі қазіргі саяси үдерістермен тікелей байланысты. Өткендегі ірі тарихи оқиғалар мен мемлекеттерге қатысты әр елдің өзіндік көзқарасы мен тарихи жады қалыптасады. Сондықтан тарихты біржақты түсіндіру немесе оны белгілі бір халықтың ғана меншігі ретінде көрсету мемлекеттер арасындағы сенімге сызат түсіруі мүмкін.
Осы тұрғыдан алғанда, Алтын Орда тарихын ғылыми әрі бейтарап негізде зерттеу ерекше маңызды. Себебі Алтын Орда – бір ғана халықтың емес, ондаған қазіргі халықтар мен мемлекеттердің ортақ тарихи мұрасы. Сондықтан мемлекеттер Алтын Орданың мұрагері болу үшін өзара бәсекелеспей, керісінше оның әртүрлі қырларын бірлесе зерттеуге ұмтылғаны дұрыс.
Алтын Орда сияқты алып империяның ұзақ өмір сүруінің басты себептерінің бірі – оның түрлі этностар мен дін өкілдеріне төзімділік таныта білуінде. Мемлекеттік дін ислам болғанымен, өзге дін өкілдерінің құқықтары заңмен қорғалды. Шіркеулер мен монастырларға еркіндік беріліп, олардың қызметіне араласуға қатаң тыйым салынды. Бұл – ортағасырлық Еуразия үшін сирек кездесетін толеранттылық үлгісі.
Сондықтан Алтын Орда мұрасын ортақ өркениеттік құндылық ретінде қабылдау бүгінгі Еуразия кеңістігіндегі мемлекеттер арасындағы өзара сенім мен ынтымақтастықты күшейтеді. Әсіресе Қазақстан мен түркі әлемі елдері үшін бұл тарихи сабақтастық рухани және стратегиялық тұрғыдан маңызды факторға айналып отыр.
Әл-Фараби мен Қожа Ахмет Ясауи мұрасына ерекше мән берілді. Президенттің «Ясауи хикметтері – Ұлы даланың мәдени коды» деген пікірін қалай түсінесіз?
– Бұл пікірдің астарында өте терең тарихи әрі рухани мағына жатыр. Негізінде, Қожа Ахмет Ясауи қалыптастырған дүниетаным Алтын Орда дәуіріндегі негізгі рухани-идеологиялық тіректердің біріне айналды. Бүгінгі қазақ халқын құраған көптеген ру-тайпалар дәл осы кезеңде ислам дінін қабылдап, мұсылмандық құндылықтарды бойына сіңірді. Ал сол рухани кеңістіктің қалыптасуына Ясауи ілімінің ықпалы ерекше болды. Ясауи жолының ерекшелігі – исламдық құндылықтарды Ұлы даладағы көне түркілік дүниетаныммен табиғи үйлестіре білуінде. Ол исламды дала халқының рухани табиғатына жақындатып, түркілік мәдениетпен сабақтастырды. Сондықтан Ясауи ілімі сырттан таңылған жат идеология емес, халқымыздың өз болмысымен біте қайнасқан рухани жүйе ретінде қабылданды. Президенттің «Ясауи хикметтері – Ұлы даланың мәдени коды» деуі сондықтан өте орынды. Өйткені бұл ілім ислам мен түркілік дәстүрдің үйлесімін көрсететін бірегей өркениеттік модель қалыптастырды. Ясауи хикметтері бүгінгі қазақ халқының рухани өзегін, дүниетанымын және мәдени сабақтастығын айқындайтын маңызды құндылықтардың бірі болып саналады.
Мемлекет басшысы Алтын Орда дәуіріндегі меритократия, заң үстемдігі және Құрылтай институтын дала демократиясының үлгісі ретінде атады. Осы тарихи тәжірибенің қазіргі мемлекеттік басқару жүйесі үшін қандай сабақтары бар?
– Алтын Орда дәуіріндегі мемлекеттік басқару жүйесі тек әскери күшке емес, өз заманы үшін озық саяси-құқықтық институттарға негізделген күрделі құрылым болды. Мемлекет басшысы атап өткен Құрылтай институты, заң үстемдігі мен меритократия қағидалары бүгінгі заманауи мемлекеттік басқару үшін де аса маңызды құндылықтар болып қала береді. Ортағасырлық Құрылтай – шын мәніндегі «дала демократиясының» көрінісі. Ол тек хан сайлайтын рәсім емес, мемлекет тағдырына қатысты маңызды шешімдер қабылданатын жоғарғы саяси институт болды. Соғыс пен бейбітшілік мәселелері, заңдар мен реформалар дәл осы ортақ ақылдасу алаңында талқыланған. Алтын Орданың құқықтық жүйесі Шыңғыс ханның «Ұлы жасақ» заңдарынан бастау алды. Оның басты ерекшелігі – заңның баршаға ортақ болуы. Ханнан бастап қарапайым адамға дейін заң алдында тең саналды. Бұл – құқықтық мемлекеттің негізгі қағидаларының бірі. Сонымен қатар империя басқаруында шығу тегінен бұрын қабілетке, адалдық пен еңбекке басымдық берілді. Яғни меритократия принципі жұмыс істеді. Көптеген қолбасшылар мен мемлекет қайраткерлері қарапайым ортадан шығып, өз дарынының арқасында жоғары дәрежеге көтерілді. Бүгінгі күні де құқықтық мемлекет құру, сыбайлас жемқорлықпен күресу, мемлекеттік қызметте кәсібилікті күшейту сияқты мәселелер дәл осы тарихи тәжірибемен үндеседі. Алтын Орда мұрасы бізге мемлекеттің қуаты қаруда емес, әділ заңда, халықпен санасу мәдениетінде және қабілетті кадрларды іріктей білуде екенін көрсетеді.
Президент Алтын Орданың экономикасы мен сауда жүйесіне арнайы тоқталып, Жошы ұлысы алғашқылардың бірі болып жаһандық нарық қалыптастырғанын айтты. Бұл Қазақстанның қазіргі транзиттік және логистикалық әлеуетімен қаншалықты үндеседі?
– Тарихқа қарасақ, Ұлы Жібек жолының негізгі бағыттарының бірі дәл қазақ даласы арқылы өткен. Алтын Орда мен одан бұрынғы Түрік қағанаты кезеңінде бұл кеңістік Шығыс пен Батысты жалғайтын маңызды өркениеттік көпірге айналды. Дала империяларының күшеюі халықаралық сауда жолдарының қауіпсіздігімен тікелей байланысты болды. Алтын Орданың экономикалық жетістігінің басты сыры – тиімді логистика мен қауіпсіз транзит жүйесін қалыптастыра білуінде. Империя аумағында әр 25–30 шақырым сайын орналасқан пошта бекеттері жұмыс істеп, ақпараттың, елшілер мен сауда керуендерінің жылдам әрі қауіпсіз қозғалуын қамтамасыз етті. Бұл өз дәуірінің жоғары деңгейдегі логистикалық жүйесі еді. Сонымен қатар Алтын Орда халықаралық саудаға ашық саясат ұстанды. Венециялықтар мен генуялықтарға еркін сауда жасауға мүмкіндік беріп, түрлі салықтық жеңілдіктер ұсынды. Осы арқылы Қытай мен Жерорта теңізі аралығында қауіпсіз экономикалық кеңістік қалыптасты. Бүгінде Қазақстан дәл осы тарихи миссияны жаңа форматта қайта жаңғыртып отыр деуге болады. Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» бастамасы, Транскаспий дәлізі және Еуразия кеңістігіндегі жаңа логистикалық жобалар Қазақстанның геосаяси маңызын арттырып келеді. Егер біз тарихтан дұрыс сабақ алып, транзиттік әлеуетімізді тиімді пайдалана алсақ, Қазақстан Еуразиядағы басты көлік-логистикалық хабтардың біріне айналуы әбден мүмкін. Бұл – Алтын Орда дәуіріндегі тәжірибенің бүгінгі заманмен тікелей үндесетінін көрсетеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын Орда мұрасын зерттеуді цифрландыру, жасанды интеллект және креативті индустриялармен байланыстыру қажет екенін атап өтті. Тарих пен заманауи технологияны ұштастырудың қандай нақты мүмкіндіктері бар деп ойлайсыз?
– Біз көбіне тарихты тек өткен шақпен байланыстырып қабылдаймыз. Алайда тарихты зерттеудің негізгі мақсаты – өткенді қайталау емес, одан сабақ алып, болашақты дұрыс құру. Сондықтан тарих бүгінгі күн мен келешек үшін стратегиялық бағдар болуы тиіс. Қазіргі технологиялық мүмкіндіктер, әсіресе жасанды интеллект, тарихи мұраны зерттеуге мүлде жаңа деңгей алып келіп отыр. Мысалы, тарихи деректерді цифрландыру, археологиялық жәдігерлерді 3D форматта қалпына келтіру, көне қолжазбаларды автоматты түрде талдау, тарихи процестерді модельдеу сияқты бағыттар ғылымға тың серпін береді. Сонымен қатар жасанды интеллект арқылы үлкен тарихи деректерді салыстырып, олардың негізінде қазіргі заманға қажетті саяси, экономикалық немесе мәдени қорытындылар жасауға болады. Яғни тарих тек архивте сақталатын естелік емес, заманауи шешімдер қабылдауға көмектесетін интеллектуалдық ресурсқа айналады. Президенттің тарихты креативті индустриямен байланыстыру туралы пікірі де өте маңызды. Себебі кино, анимация, ойын индустриясы, цифрлық музейлер мен мультимедиялық жобалар арқылы Алтын Орда мұрасын әлемге жаңа форматта танытуға мүмкіндік бар. Сондықтан тарих пен технологияның тоғысуы – өткенді жаңғыртудың ғана емес, болашақ ұрпақтың тарихи санасын қалыптастырудың да маңызды құралы.