Тоқаев пен Руто Астанада бірлескен брифинг өткізді

814
Фотосурет: akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Кения Президенті Уильям Руто Астанада БАҚ өкілдеріне арналған бірлескен брифинг өткізді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Мемлекет басшысы Кения Президентінің Қазақстанға жасаған алғашқы мемлекеттік сапары екі ел арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.

Тоқаев Кенияның Африкадағы рөлін атап өтті

Қазақстан Президенті Кенияны Африка құрлығындағы маңызды әрі сенімді серіктестердің бірі деп атады.

– Кения – Қазақстанның Африка құрлығындағы ең ірі және сенімді сауда серіктесінің бірі. Біз екі елдің ықпалдастығын одан әрі бекемдей түсуге ниеттіміз. Кения Республикасы соңғы жылдары дамудың даңғыл жолына шықты. Шығыс Африканың жауһары саналатын бұл ел қаржы, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика және басқа да салаларда елеулі жетістікке қол жеткізді. Найроби қаласы маңызды халықаралық дипломатия орталығы саналады. Мұнда Біріккен Ұлттар Ұйымының бірнеше құрылымы тиімді жұмыс істеп тұр. Жалпы алғанда, Кенияның әлемдік сахнадағы беделі артып келеді. Бұл Президент Рутоның сарабдал саясаты мен көреген көшбасшылығының нәтижесі деп білеміз. Біз былтыр Найробиде өз елшілігімізді аштық. Бұл шешім Қазақстанның Кенияға шынайы ықыласы мен достығын аңғартады. Жалпы, бұл – Қазақстанның Африка құрлығындағы алтыншы дипломатиялық өкілдігі. Еліміз Африка мемлекеттерімен байланысын бекемдеуге баса мән береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан мен Кения жаңа жобаларды талқылады

Президенттің айтуынша, келіссөздер барысында сауда-экономикалық ынтымақтастыққа ерекше назар аударылған.

Тараптар:

  • көлік және логистика
  • ауыл шаруашылығы
  • ақпараттық технологиялар
  • туризм
  • өнеркәсіп

салаларындағы бірлескен жобаларды талқылаған.

Сонымен қатар:

  • тікелей әуе рейстерін ашу
  • Қазақстан өнімдерін Африка нарығына шығару
  • Кения тауарларын Еуразияға жеткізу

мәселелері қарастырылған.

– Әсіресе, сауда-экономикалық ықпалдастықты кеңейтуге назар аудардық. Көлік, ауыл шаруашылығы, ақпараттық технологиялар, туризм, өнеркәсіп және басқа да салада бірлескен жобаларды іске асыруға уағдаластық. Елдеріміздің арасында тұрақты түрде тікелей әуе рейстерін ашу мүмкіндігі туралы да пікір алмастық. Біз ауыл шаруашылығы өнімдерін, ең алдымен, бидайды және өзге де тауарларды Африка нарығына жеткізуге мүдделіміз. Осы мақсатпен Момбаса портын пайдалану мәселесін қарастырдық. Бұл – осы аймақтың сегіз мемлекетіне жол ашатын Шығыс Африкадағы ең ірі логистика орталығының бірі. Бүгінде Қазақстан нарығында Кенияның бірқатар тауары, соның ішінде шай және кофе өнімдері бар. Мұны екі ел арасында орныққан тұрақты сауда қатынасының көрінісі деуге болады. Сонымен қатар біз Кения өнімдерін Қазақстан арқылы Еуразия елдеріне жеткізу мәселесін талқыладық. Сауда-экономикалық ықпалдастықты жаңа деңгейге көтеру қажет екенін айттық. Қазақстан-Кения Іскерлік кеңесін құру туралы бастама көтердік. Бұл кеңес нақты жобаларды ілгерілетуге, өзара алыс-берісті арттыруға мүмкіндік береді, – деді Мемлекет басшысы.

Кения Қазақстанның цифрлық тәжірибесіне қызығушылық танытты

Қасым-Жомарт Тоқаев Кения тарапы Қазақстанның:

  • Egov жүйесіне
  • ғарыш саласына
  • ақпараттық технологиялар бағытындағы тәжірибесіне

қызығушылық білдіргенін айтты.

Сапар аясында Уильям Руто:

  • AlemAI халықаралық жасанды интеллект орталығына
  • Қазақстанның ұлттық ғарыш орталығына

барады.

Президенттер мәдениет, білім, ғылым және туризм саласындағы байланысты дамыту мәселесін де талқылаған.

Халықаралық мәселелер де күн тәртібінде болды

Келіссөз барысында Африка мен Таяу Шығыстағы жағдайға қатысты пікір алмасу өтті.

Тоқаев Кенияның:

  • бейбітшілік бастамаларын қолдайтынын
  • аймақтық тұрақтылықты нығайтуға үлес қосып отырғанын

атап өтті.

– Әлемдегі көптеген түйткілге қатысты Қазақстан мен Кенияның ұстанымдары – ұқсас. Екі ел де халықаралық мәселелерді тек бейбіт, дипломатиялық жолмен, яғни, келіссөздер арқылы шешу керек деп есептейді. Біз Біріккен Ұлттар Ұйымы және басқа да халықаралық құрылымдар аясындағы ықпалдастығымызды күшейтуге келістік, – деді Президент.

Руто: Қазақстан – Орталық Азияға шығатын негізгі қақпа

Кения Президенті келіссөздерді нәтижелі деп бағалады.

– Біз екіжақты қарым-қатынастың қазіргі жай-күйін қарастырып, сауда, инвестиция, инновация және өңірлік өзара ықпалдастық бағыттарындағы нақты шараларды іске асыру жайында уағдаластық. Кения Қазақстанды маңызды стратегиялық серіктес және Орталық Азияға, тұтас Еуразия аймағына негізгі қақпа санайды. Біз Қазақстанның Шығыс және Орталық Африка елдерімен байланысына дәнекер болуға дайынбыз. Қазақстан тарапына Найроби қаласында құрлықтағы қызметін ұйымдастырудың стратегиялық базасын жасақтауды, ал Момбаса және Ламу порттарын өңірлік нарыққа шығу үшін негізгі логистикалық хаб ретінде қарастыруды ұсындық, – деді Уильям Руто.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -