Қостанай облысындағы Арқалық қаласы соңғы жылдары тозған инфрақұрылым мәселесімен жиі күн тәртібіне шығып жүр.
Қыста жылу жүйесіндегі ақаулар, ескі электр желілерінің жиі істен шығуы — жергілікті халық үшін қалыпты жағдайға айнала бастаған еді. Енді бұл мәселені шешуге Үкімет резервінен 5,8 млрд теңге бөлінді.
Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойған қаулыға сәйкес, қаржы екі ірі бағытқа жұмсалады:
- 3 млрд теңге — электр желілерін реконструкциялауға;
- 2,8 млрд теңге — ұзындығы 8,3 шақырым жылу магистралін жаңғырту жұмыстарын аяқтауға бағытталады.
Неге Арқалыққа ерекше назар аударылды?
Арқалықтағы жылу және электр жүйелерінің басым бөлігі өткен ғасырдың 70-жылдарынан бері жұмыс істеп келеді. Яғни, кейбір желілерге жарты ғасырдан астам уақыт болған. Мамандардың айтуынша, дәл осы тозған инфрақұрылым қыс мезгілінде апаттық жағдайлардың көбеюіне себеп болып отыр.
Соңғы жылдары қала тұрғындары үшін “жылу маусымы қалай өтеді?” деген сұрақ тұрақты алаңдаушылыққа айналған. Сондықтан Үкімет бұл жолы мәселені уақытша жөндеумен емес, толық реконструкция арқылы шешуге кіріспек.
Былтыр басталған жұмыс биыл жалғасады
2025 жылы Арқалықтағы жылу желілерін жөндеуге 914 млн теңге бөлінген болатын. Оның 645,5 млн теңгесі Үкімет резервінен, қалған бөлігі облыстық бюджеттен қарастырылды. Сол қаржыға 1,6 шақырым жылу желісі жаңартылған.
Енді магистральдің қалған бөлігін аяқтау жоспарланып отыр. Ресми мәліметке сәйкес, бұл жұмыстар жылу желілерінің тозуын 25%-ға дейін төмендетеді. Ең бастысы — қаладағы жылумен қамту жүйесінің сенімділігі артады.
Электр желілері де толық жаңарады
Жоба тек жылумен шектелмейді. Арқалықтағы электр инфрақұрылымы да күрделі өзгеріске ұшырайды.
Жоспар бойынша:
- үш қосалқы станса реконструкцияланады;
- 110, 35 және 10 кВ электр желілері салынып, қайта жаңартылады;
- ұзындығы 37,8 шақырым болатын желідегі ескі ағаш бағандар темірбетон тіректерге ауыстырылады.
Бұл өзгерістер тек Арқалық тұрғындарына ғана емес, Жангелдин мен Амангелді аудандарындағы халыққа да әсер етеді. Жалпы саны 58 мың адам тұрақты электрмен қамтылуы тиіс.
Арқалық үшін бұл нені өзгертеді?
Сарапшылардың пікірінше, мұндай инфрақұрылымдық жобалар тек коммуналдық мәселені шешпейді. Жылу мен жарықтың тұрақты болуы — инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және халықтың көшуін азайту үшін маңызды фактор.
Соңғы жылдары Арқалық туралы әңгіме көбіне “тоқырау”, “ескі жүйе”, “апат” деген сөздермен қатар айтылатын. Енді қалада жағдай өзгеруі мүмкін.
Үкіметтің мәліметінше, қолға алынған шаралар өңірдің тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерінің тұрақтылығын арттыруға, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға және Арқалық пен оған жақын аудандардың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беруге бағытталған.
