Атырауда өткен KMG Digital Hackathon 2026 жасанды интеллекттің тек тренд емес, өндірістегі нақты мәселелерді шешетін құралға айналып келе жатқанын көрсетті.
Екі күн ішінде студенттер мұнай-газ саласындағы күрделі міндеттерге арналған цифрлық шешімдер әзірлеп, ҚазМұнайГаз компаниялар тобының нақты өндірістік кейстерімен жұмыс істеді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Хакатон Атырау мұнай және газ университетінде өтті. Оған еліміздің әр өңірінен келген 20 команда құрамындағы 80-нен астам жас қатысушы қатысты. Олар жасанды интеллект, машиналық оқыту және деректерді талдау технологияларын пайдаланып, «Геология» және «Адами ресурстарды басқару (HR)» бағыттары бойынша жобаларын ұсынды.
Студенттер геологтарға арналған AI агент жасады
Байқаудың ең маңызды ерекшелігі — қатысушылардың ойдан шығарылған тапсырмалар емес, өндірісте кездесетін нақты мәселелермен жұмыс істеуі болды.
«Геология» бағыты бойынша командалар геологиялық есептер мен күрделі техникалық деректерді өңдей алатын арнайы AI агенттерін әзірледі. Мұндай жүйелер мамандарға қажетті ақпаратты жылдам тауып, талдау жасап, шешім қабылдауға көмектеседі.
Сала мамандарының айтуынша, мұнай-газ өндірісінде деректер көлемі жыл сайын артып келеді. Сондықтан жасанды интеллект құралдары ақпаратты өңдеу уақытын қысқартып, өндірістік тиімділікті арттыруға мүмкіндік береді.
Жаңа қызметкерлерге цифрлық көмекші
Ал HR бағыты бойынша қатысушылар компанияға жаңадан қабылданған қызметкерлердің бейімделу процесін жеңілдететін цифрлық көмекшілерді ұсынды.
Жобалар жұмысқа қабылдау, оқыту, ішкі корпоративтік ақпаратпен таныстыру және қызметкерлердің сұрақтарына жедел жауап беру міндеттерін автоматтандыруға бағытталды.
Бұл шешімдер ірі өндірістік компаниялар үшін кадрлық процестерді оңтайландырып қана қоймай, жаңа мамандардың жұмысқа тезірек кірісуіне мүмкіндік береді.
Жастардың технологияға қызығушылығы артып келеді
Технологиялық дода «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ қолдауымен KMG Digital компаниясы және Атырау мұнай және газ университеті ұйымдастырды.
Университет ректоры Гүлзада Шакуликова бүгінгі күні цифрлық технологиялардың өндірістегі маңызы ерекше екенін атап өтті.
«Бүгінде жасанды интеллект, деректерді талдау және цифрлық технологиялар өндірістік процестердің тиімділігін арттыруда, білімді басқаруда және адами капиталды дамытуда маңызды құралға айналып отыр. Қатысушылар географиясының кеңеюі мен жасалған жобалардың жоғары деңгейі жастардың цифрлық технологияларға және мұнай-газ саласында сұранысқа ие құзыреттерді дамытуға деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді», – деді ректор.
Екі миллион теңге жүлде қоры
Қазылар алқасы жобаларды креативтілігі, практикалық маңызы, тиімділігі және дизайны бойынша бағалады.
Нәтижесінде «Геология» бағыты бойынша Атырау мұнай және газ университетінің студенттерінен құралған iSteam командасы жеңімпаз атанды.
Ал HR бағыты бойынша Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің Prompt командасы үздік жоба ретінде танылды.
Жалпы жүлде қоры екі миллион теңгені құраған хакатон жас зерттеушілер мен болашақ инженерлердің инновациялық идеяларын қолдауға бағытталған маңызды алаңға айналды.
Бүгінде жасанды интеллект мұнай-газ саласының болашағын айқындайтын технологиялардың біріне айналып отыр. Ал Атыраудағы хакатон көрсеткендей, бұл өзгерістердің алдыңғы қатарында қазақстандық студенттердің өзі жүр.




