Астанада E-LIGHT 2026 халықаралық жастар форум-фестивалі өтіп, энергетика, технология және халықаралық ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Іс-шара Халықаралық диалог күніне, Энергетикалық Жібек жолы бастамасына және жаңа буынның тұрақты халықаралық ынтымақтастықты дамытудағы рөліне арналды.
Форумға энергетика саласының өкілдері, мемлекеттік органдар, дипломатиялық корпус мүшелері, халықаралық сарапшылар, жас инженерлер, зерттеушілер мен студенттер қатысты.
Энергетика – тек ресурс емес, диалог құралы
Ұйымдастырушылардың айтуынша, форумның негізгі мақсаты – энергетиканы тек өндіріс пен инфрақұрылым саласы ретінде ғана емес, мемлекеттер арасындағы өзара сенім мен әріптестікті нығайтатын құрал ретінде қарастыру.
Бүгінде Орталық Азия өңірі жаһандық энергетикалық өзгерістер мен жаңа экономикалық байланыстардың маңызды орталығына айналып келеді. Осыған байланысты фестиваль аясында Қытай мен Орталық Азия арасындағы энергетикалық ынтымақтастықтың болашағы, цифрлық технологиялар, инфрақұрылымдық жобалар және кадр даярлау мәселелері талқыланды.
Фото көзі: Едиресов Магжан
Фестивальдің ашылуында Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің кеңесші-елшісі Чэн Кэфань сөз сөйледі.
Ол мәдени-гуманитарлық байланыстардың маңызын атап өтіп, музыка халықтар арасындағы өзара түсіністік пен достықты нығайтатын көпір екенін айтты.
Музыка түрлі елдер мен халықтарды біріктіріп, өзара түсіністік пен достыққа жол ашады. Осындай бастамалардың мәдени байланыстарды нығайтудағы рөлі ерекше, – деді ол.
Жастарға арналған халықаралық алаң
CNPC Central Asia компаниясы бас директорының орынбасары Гао Биннің айтуынша, форумның негізгі міндеті – әртүрлі мемлекеттердің жас мамандары арасында байланыс орнату.
Жастар форумын өткізудегі басты мақсат – түрлі елдер мен өңірлердің жастары арасындағы ынтымақтастықты күшейту. Мұндай алаңдар жастарға ортақ мәселелерді талқылап, бірлескен бастамаларды дамытуға мүмкіндік береді, – деді Гао Бин.
Оның пікірінше, жастар кез келген мемлекеттің болашағын айқындайтын негізгі күш болып саналады.
Қытайда «Жастар мықты болса, мемлекет те мықты болады» деген сөз бар. Біз осы іс-шара арқылы жастардың дамуына қолдау көрсетуді көздейміз, – деді компания өкілі.
Сонымен қатар ол қазіргі кезде Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық дәстүрлі энергетикамен ғана шектелмейтінін атап өтті.
Бүгінде екі ел дәстүрлі энергетика бағытында да, жаңартылатын энергия көздері мен жаңа технологиялар саласында да белсенді ынтымақтастық орнатып отыр, – деді Гао Бин.
Форум аясында «Энергетикалық Жібек жолының іздері» атты арнайы көрме ұйымдастырылды.
Көрмеде Қазақстан мен Қытай арасындағы энергетикалық ынтымақтастықтың негізгі кезеңдері, инфрақұрылымдық жобалар, цифрлық технологиялар, энергетикадағы инновациялар және CNPC компаниясының жобалары таныстырылды.
Фото көзі: Едиресов Магжан
Экспозиция бірнеше тақырыптық бөлімнен тұрды. Онда энергетика саласындағы технологиялық жетістіктер, өндірістік жобалар, цифрландыру үдерістері және болашақтағы даму бағыттары көрсетілді.
Жастарға инвестиция – болашаққа инвестиция
Сондай-ақ форумда жастар саясаты, цифрландыру және халықаралық ынтымақтастық мәселелері де кеңінен талқыланды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының міндетін атқарушы Біржан Әлімжановтың айтуынша, E-LIGHT 2026 фестивалінің өткізілуі Халықаралық өркениеттер диалогы күнімен тұспа-тұс келуі ерекше мәнге ие.
Ол 2024 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы 10 маусымды Халықаралық өркениеттер диалогы күні ретінде бекіткенін еске салды. Бұл бастаманы Қытай Халық Республикасы ұсынып, оған БҰҰ-ға мүше мемлекеттер кең қолдау көрсеткен.
Қазақстан үшін бұл тақырыптың маңызы зор. Ғасырлар бойы біздің жеріміз түрлі мәдениеттер мен өркениеттер тоғысқан мекен болды. Ұлы Жібек жолы тек сауда бағыты ғана емес, білім мен идеялардың алмасу алаңы қызметін атқарды. Бүгінде сол миссия жаңа мазмұнға ие болып отыр. Егер бұрын Жібек жолымен жібек пен дәмдеуіштер тасымалданса, қазір оның басты құндылықтары – білім, технология, инновация және адами капитал, – деді ол.
Комитет басшысы қазіргі таңда әлем жастарының адамзат тарихындағы ең үлкен буын екенін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі жастар бұрын-соңды болмаған деңгейде білім мен технологияға қол жеткізіп отыр.
Фото көзі: Едиресов Магжан
Оның айтуынша, Қазақстан жастар саясаты бағытында Қытаймен және басқа да халықаралық серіктестермен байланысты нығайтуға мүдделі. Қазіргі уақытта тараптар 2027 жылы жастар саясатының түрлі бағыттары бойынша бірлескен семинарлар өткізуді де қарастырып жатыр.
Форумда сөз сөйлеген «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасының орынбасары Әсет Мағауов компания үшін жастардың маңызы ерекше екенін айтты.
Оның мәліметінше, бүгінде ҚМГ компаниялар тобында шамамен 15 мың жас маман жұмыс істейді. Олар үшін кәсіби өсуге, білім алуға, тәжірибе алмасуға және инновациялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік жасалған.
Компанияның жастарды қолдауға бағытталған негізгі бастамаларының бірі – «АЛЫП» бағдарламасы. Бұл өндірістік үдерістердің тиімділігін арттыруға арналған цифрлық шешімдерді әзірлейтін арнайы алаң.
Бағдарламаның тиімділігі нақты нәтижелермен дәлелденді. Алдыңғы кезеңге қатысушылар ұсынған 50-ден астам жоба қазір ҚМГ-ның еншілес ұйымдарында сынақтан өтіп жатыр. Оларды іске асырудан күтілетін экономикалық тиімділік 1,2 миллиард теңгеден асады, – деді Әсет Мағауов.
Оның айтуынша, компания жыл сайын ұйымдастыратын жастар форумы да жас мамандардың тәжірибе алмасуына және жаңа идеяларды дамытуына мүмкіндік береді.
Біз жастардың әлеуетін ашуға, кәсіби тұрғыда дамуына және мұнай-газ саласының болашақ көшбасшыларын даярлауға ерекше көңіл бөлеміз, – деді ол.
Ал «QazaqGaz» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Асылжан Дәулетов қазіргі әлемде энергетика саласының түбегейлі өзгерістер кезеңіне аяқ басқанын айтты.
Оның пікірінше, технологиялық даму, цифрландыру және жасанды интеллект энергетика секторына жаңа талаптар қойып отыр. Спикердің айтуынша, қазіргі заманғы Жібек жолы мемлекеттерді энергетика, инфрақұрылым және инновациялар арқылы байланыстырады.
Энергетиканың болашағы тек технологиялар мен инвестицияларға ғана байланысты емес. Оның басты қозғаушы күші – адам капиталы. Қазіргі студенттер, жас инженерлер мен зерттеушілер ертең энергетиканың жаңа моделін қалыптастыратын болады, – деді Асылжан Дәулетов.
QazaqGaz өкілі жастарды қолдау энергетика саласының ұзақ мерзімді дамуы үшін маңызды екенін атап өтті.
Жастарға салынатын инвестиция – энергетиканың болашағына салынатын инвестиция. Жас буын цифрлық ортада еркін жұмыс істейді, инновацияларға ашық және жаһандық деңгейде ойлай алады, – деді ол.
Форум бағдарламасына панельдік пікірталастар, жастардың ашық баяндамалары, мәдени қойылымдар мен көрме жұмысы енгізілді.
Фото көзі: Едиресов Магжан
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, форум қорытындысы бойынша жастар арасындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған E-LIGHT жастар бастамасы қабылданды.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай алаңдар жастардың кәсіби байланыстарын кеңейтіп қана қоймай, энергетика, технология және халықаралық серіктестік бағыттарындағы жаңа идеялардың қалыптасуына мүмкіндік береді.