Қазақстанның мал шаруашылығы соңғы жылдары ең қарқынды дамып келе жатқан салалардың біріне айналды.
Бір кездері тек ішкі нарықты қамтамасыз ету міндеті тұрған болса, бүгінде отандық өндірушілер экспортты ұлғайтып, жаңа нарықтарға шығуды көздеп отыр, деп хабарлайды DKNews.kz.
Мал шаруашылығы қызметкерлері күні қарсаңында сала көрсеткіштері осы өзгерістердің нақты дәлеліне айналды.
Биылғы жылдың алғашқы төрт айында елімізде өндірілген мал шаруашылығы өнімдерінің көлемі 1 трлн 158 млрд теңгеден асты. Нақты көлем индексі 103,5 пайызға жетіп, сектордың тұрақты өсімін көрсетті.
Ет те көбейді, сүт те артты
Қазақстандықтардың дастарханына келетін негізгі өнімдердің өндірісі өсіп келеді.
Жыл басынан бері барлық санаттағы ет өндірісі 338,2 мың тоннаға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,4 пайызға артты. Оның ішінде:
- сиыр еті – 112,9 мың тонна;
- құс еті – 126,7 мың тонна;
- жылқы еті – 41,2 мың тонна;
- қой еті – 34,7 мың тонна;
- шошқа еті – 16,9 мың тонна.
Сүт өндірісі де жоғары қарқын көрсетуде. Төрт айда 986,8 мың тонна сүт өндіріліп, өсім 3,1 пайызды құрады.
Ал жұмыртқа өндірісі 1,5 млрд данаға жетіп, бір жыл ішінде 8,6 пайызға көбейді.
Бұл көрсеткіштер ауылдағы еңбектің нақты нәтижесін көрсетеді. Сарапшылардың пікірінше, өндірістің өсуі ішкі нарықтағы тұрақтылықты қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық мүмкіндіктерді де кеңейтіп отыр.
Қазақстан өзін толық қамтамасыз етіп қана қоймай, экспортты көздеп отыр
Соңғы жылдары ерекше қарқын алған бағыттардың бірі – құс шаруашылығы.
Бүгінде елде азық-түлік жұмыртқасын өндіретін 37 өнеркәсіптік құс фабрикасы жұмыс істейді. Олардың жалпы қуаты жылына 4,5 млрд жұмыртқаны құрайды. Бұл Қазақстанның ішкі сұранысын толық жабуға жеткілікті.
Енді басты мақсат – экспорт көлемін арттыру.
Мысалы, Ақтөбе облысында құс фабрикасының қуатын жылына 180 млн жұмыртқаға дейін ұлғайту жобасы жүзеге асырылып жатыр.
Ал құс еті өндірісінде жалпы қуаты 505 мың тонна болатын 32 кәсіпорын жұмыс істейді. Соңғы бес жылда жаңа фабрикалардың іске қосылуы импортқа тәуелділікті айтарлықтай азайтты.
Алдағы жылдары салада тағы төрт ірі жоба жүзеге асырылып, құс еті өндірісінің қуаты қосымша 190 мың тоннаға ұлғаяды.
Олардың арасында нарықтағы ең ірі ойыншылардың бірі саналатын «Aitas» пен «Алель Агроның» ауқымды жобалары бар.
Цифрлы фермалар дәуірі басталды
Қазақстандағы мал шаруашылығы бұрынғыдай тек дәстүрлі әдістерге сүйенбейді.
Қазір елде жұмыс істеп тұрған 373 сүт-тауарлы ферманың 112-сі толық цифрландырылған заманауи кешендер саналады. Бұл фермалар жылына 594 мың тонна сүт өндіреді.
Цифрлы технологиялар малдың денсаулығын бақылаудан бастап, азықтандыру мен өнімділікті талдауға дейінгі барлық процесті автоматтандыруға мүмкіндік береді.
Сарапшылардың бағалауынша, дәл осы технологиялық жаңғыру алдағы жылдары өндіріс көлемінің негізгі драйверіне айналады.
Ауылдағы жаңа инвестициялық толқын
Мемлекет Солтүстік Қазақстан облысында өзін дәлелдеген тәжірибені енді бүкіл елге таратуда.
Жоспар бойынша Қазақстанда жылына қосымша 600 мың тонна сүт өндіретін 116 жаңа сүт-тауарлы ферма салынады.
Қазірдің өзінде 94 жобаның құрылысы қаржыландырылған. Оның 71-і пайдалануға берілсе, тағы 19 нысан биыл іске қосылады.
Бұл жобалар ауылдағы жұмыс орындарын көбейтіп, импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.
Орталық Азиядағы ең ірі бордақылау алаңы іске қосылды
Етті мал шаруашылығы да жаңа деңгейге көтерілуде.
Түркістан облысында австралиялық технологиялар негізінде 50 мың басқа арналған Орталық Азиядағы ең ірі бордақылау алаңы іске қосылды.
Бұдан бөлек, өткізу қабілеті 12 мың басқа дейін жететін алғашқы мамандандырылған мал биржасын құру жобасы қолға алынуда.
Бұл бастамалар мал саудасын ашық әрі тиімді етуге бағытталған.
Фермерлерге жаңа мүмкіндіктер
Мал шаруашылығын қолдау мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып қала береді.
2026 жылы саланы субсидиялауға 117,6 млрд теңге бөлінді.
Сонымен қатар фермерлер үшін жылдық 6 пайыздық мөлшерлемемен «Игілік» және «Береке» жеңілдетілген несие бағдарламалары іске қосылды.
Жақын арада жайылымдық мал шаруашылығына арналған жаңа «Жайлау» бағдарламасы мен айналым қаражатын толықтыруға арналған жылдық 5 пайыздық жеңілдетілген несие өнімі де қолжетімді болады.
Мемлекет сондай-ақ малдың генетикалық сапасын жақсартуға арналған қолдау көлемін ұлғайтты. Бұл өнімділікті арттырып, экспортқа бағытталған өндірісті күшейтуге мүмкіндік береді.
2030 жылға дейін қандай нәтиже күтіледі?
Алдағы төрт жылда Қазақстан мал шаруашылығы бойынша жаңа белеске шығуды көздеп отыр.
Болжам бойынша:
- ірі қара саны 12 млн басқа жетеді;
- ұсақ мал саны 28 млн басқа дейін өседі;
- ет экспорты 2,5 есеге ұлғаяды.
Бұл көрсеткіштер орындалса, Қазақстан өңірдегі ең ірі аграрлық экспорттаушылардың біріне айналуы мүмкін.
Бүгінде саладағы өсім тек статистика емес. Бұл – ауылдағы жаңа жұмыс орындары, заманауи технологиялар, инвестициялар және әлемдік нарыққа шығуға ұмтылған қазақстандық агробизнестің жаңа кезеңі.


