Астанада белгілі қазақстандық суретші Нелли Бубэнің «Көпқырлы Еуразия әлемі» атты жеке көрмесі ашылды.
ҚР ПІБ Президенттік орталығында өтіп жатқан экспозиция көрерменді тек өнер туындыларымен ғана емес, Еуразия кеңістігінің тарихи жадымен, көшпелі өркениеттің мәдени кодымен және бүгінгі қоғам үшін өзекті экологиялық мәселелермен жүздестіреді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Көрме Қазақстан Республикасы Көркемөнер академиясы қоғамдық қорымен және Almaty Gallery-мен бірлесіп ұйымдастырылған. Жоба Қазақстан Көркемөнер академиясының 20 жылдығына арналды.

Нелли Бубэ – Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы Көркемөнер академиясының академигі, Ресей Көркемөнер академиясының құрметті мүшесі және ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының құрмет медалінің иегері.
Экспозицияда суретшінің әр жылдары жазылған 56 кескіндеме және аралас техникада орындалған жұмыстары ұсынылған. Олардың барлығы бір маңызды идеямен байланысады: өркениеттердің, халықтардың және уақыттың өзара үнқатысуы.
Көрменің ашылу рәсіміне мәдениет және өнер қайраткерлері, мемлекеттік органдар өкілдері, қоғам белсенділері мен елорда тұрғындары қатысты.
ҚР Президенттік орталығының директоры Бақытжан Темірболат суретшінің шығармашылығы ұлттық мәдени мұра мен заманауи дүниетанымды ерекше үйлестіретінін атап өтті.
«Нелли Витальевна Бубэ – отандық бейнелеу өнеріндегі шын мәніндегі көрнекті тұлға. Оның қайталанбас шығармашылық қолтаңбасы көпқырлы қазақстандық мәдениеттің өркениеттік кодын бойына сіңіріп, тарихи қабаттарды, этнографиялық нақыштарды және мәдени өзара ықпалдастық тақырыбының терең философиялық мәнін үйлестіре біледі. Сондықтан да суретші өз туындыларында көшпелі мәдениет әлемін, Ұлы Жібек жолының мұрасын, көне қалалардың келбетін және тілсіз-ақ түсінікті символдарды ерекше сезімталдықпен әрі тереңдікпен ашады. Оның өнері – дәстүр мен жаңашылдық, ұлттық тамыр мен жалпыадамзаттық гуманизм тоғысқан кеңістік. Бұл өнер өткен мен бүгінді, ұрпақтар мен мәдениеттерді жалғайтын өзіндік рухани көпір іспетті», – деді ол.
Іс-шара барысында көрме авторына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хаты табысталды.
Ұлы Жібек жолынан экология тақырыбына дейін
«Көпқырлы Еуразия» жобасы суретшінің ұзақ жылдар бойғы шығармашылық ізденістерінің нәтижесін көрсетеді. Әсіресе, көшпелі өркениеттің мәдени кодын зерттеуге арналған еңбектер көрменің басты өзегіне айналған.
Нелли Бубэ бірнеше жыл бойы «Ұлы Жібек жолы» тақырыбын дамытып келеді. Оның осы циклдегі панорамалық картиналарының бірі 2004 жылы Женевадағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Ұлттар үйінде өткен жеке көрмеде таныстырылған болатын.
Суретші үшін Еуразия – жай ғана географиялық кеңістік емес. Бұл – әртүрлі халықтардың мәдениеті, тарихы мен дүниетанымы тоғысатын ерекше өркениеттік алаң.
Көрмеде экология тақырыбына арналған ауқымды жұмыстар да ерекше назар аударады. Автор табиғат пен адамның техногендік даму дәуіріндегі қарым-қатынасын бейнелей отырып, қоршаған орта алдындағы жауапкершілік мәселесін көтереді.
«Табиғатты сақтау – ортақ міндет»
Көрме авторының айтуынша, бұл жоба арқылы ол көрерменге қарапайым, бірақ аса маңызды құндылықтарды жеткізгісі келеді.
«Әрбір көрме суретші үшін өз-өзіне де, шығармашылығын бағалайтын көрерменге де берілетін өзіндік бір емтихан. Бұл – өзіңе қоғамның көзімен қарап, жүріп өткен жолыңды саралап, алдағы бағытыңды айқындауға мүмкіндік. Осы жолы мен өз туындыларым арқылы қарапайым, бірақ аса маңызды ойларды жеткізгім келеді: туған жерді сүю, табиғатты аялау, бір-бірімізге құрметпен қарап, бірлікке ұмтылу қажет.

Көшпелі мәдениет бізге адам мен табиғаттың үйлесімді өмір сүруінің бірегей үлгісін қалдырды. Онда табиғат ең жоғары құндылық ретінде қабылданды. Экология және адамзаттың барша тіршілік иелері алдындағы жауапкершілігі тақырыбы менің шығармашылығымда ерекше орын алады. Егер ұсынылған туындылар көрерменнің жүрегіне жол тауып, оларды планетамыздың болашағы, бейбітшілікті, мәдениет пен рухани бірлікті сақтау қажеттігі туралы ойландырса, онда көрменің мақсатына жеткені», – деді Нелли Бубэ.
Көрме келушілер үшін 2026 жылдың 17 шілдесіне дейін ашық болады.
Бұл экспозиция тек өнерсүйер қауымға ғана емес, Қазақстанның тарихи тамырына, Еуразия өркениетінің мұрасына және бүгінгі қоғам алдында тұрған маңызды мәселелерге қызығатын кез келген адамға ой салары анық.


