Алматы облысында жеміс-жидек пен көкөністі қайта өңдейтін заманауи кәсіпорын жұмысын бастады. Еңбекшіқазақ ауданының Тескенсу ауылында орналасқан «Qazaq Global Food JV» зауытының елімізде баламасы жоқ, деп хабарлайды DKNews.kz.
Жобаны жүзеге асыруға 9,5 миллиард теңге инвестиция тартылған. Кәсіпорын жылына 70 мың тоннаға дейін ауыл шаруашылығы өнімін өңдеуге қауқарлы. Бүгін өндірістік кешеннің алғашқы кезеңі іске қосылып, екінші зауыттың іргетасы қаланды.
Өнім түгелдей экспортқа шығарылады
Жобаны «Alpecon Group» ЖШС жүзеге асырып жатыр.
Алғашқы кезеңде зауытта өңделген 70 мың тонна шикізаттан:
- 13 мың тонна жеміс-жидек және көкөніс шырынының концентраты;
- Пюре;
- Паста өндіріледі.

Дайын өнімнің барлығы Түркия нарығына экспортталады.
Жобаның екінші кезеңінде алма қалдықтарынан пектин өндіру жоспарланған. Бұл бағыт көршілес елдерде әлі кеңінен дамымаған. Қазіргі таңда мұндай өндіріс Германия, Қытай және АҚШ-та ғана жоғары деңгейде жолға қойылған.
Жоспар бойынша кәсіпорын жыл сайын:
- 1000 тонна пектин;
- 3000 тонна алма талшығын өндіреді.
Бұл өнімдер Корея мен Жапонияға экспортталмақ.
Түркиялық серіктеспен бірлескен жоба
Кәсіпорынның негізгі халықаралық серіктесі – Түркиядағы осы саладағы жетекші компаниялардың бірі саналатын «Göknur Gıda».
Жобаға қаржылық қолдауды:
- Қазақстанның Даму Банкі;
- «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры;
- «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің еншілес ұйымдары көрсетті.
Жаңа өндіріс 100-ден астам жұмыс орнын ашты
Зауыттың ашылу рәсіміне Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысты.

Өңір басшысы кәсіпорынның іске қосылуы жергілікті ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін жаңа мүмкіндік ашатынын атап өтті.
«Өңіріміз әлемдегі алма ағаштарының түпкі отаны екені баршаға белгілі. Ғасырлар бойы бұл аймақ жеміс-жидек өсірудің басты орталығы болып келді. Бүгін осы үрдіс жаңа сатыға көтеріліп, өндірістік экожүйе тағы бір игі жобамен толығып отыр. Кәсіпорынның іске қосылуы жергілікті шаруалар үшін тұрақты нарық алаңын қалыптастырып, шетелдік тұтынушыларға дайын өнім жеткізетін экспорт тізбегін құруға мүмкіндік береді. Бұл – елімізді шикізатқа тәуелділіктен арылтып, дайын өнім шығаруға бағытталған индустриялық саясаттың нақты жемісі. 30 гектар аумақты алып жатқан өндіріс кешенінің техникалық мүмкіндіктері өте жоғары. Маңыздысы сол, бұл жобаның халыққа әкелетін әлеуметтік пайдасы орасан зор. Жаңа зауыттың іске қосылуы арқылы өңірде 100-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылды. Болашақта олардың саны бірнеше есе артады».
10 мың фермерді біріктіретін агрокластер құрылады
«Alpecon Group» компаниясының бас директоры Самат Балабеков бұл жоба Мемлекет басшысының экономиканы әртараптандыру және экспорттық әлеуетті арттыру жөніндегі тапсырмаларына толық сәйкес келетінін айтты.
Оның сөзінше, алдағы жылдары Қазақстандағы алғашқы толық циклді агроөнеркәсіп кластері қалыптастырылады.
«Басты мақсатымыз – 2028 жылға қарай шикізат өндірісін, цифрлық технологияларды, маман даярлауды, ғылыми зерттеулер мен экспортты біріктіретін алғашқы толық циклді агроөнеркәсіп кластерін қалыптастыру. Бүкіл экожүйені құрған кезде Жетісу өңірінен Түркістан облысына дейін қабылдау пункттері болады. Оған 10 000-ға дейін фермер мен 500 мыңға жуық ауыл шаруашылығы саласының қызметкері тартылады. Бірлескен жұмыстың арқасында еліміздің экономикалық дамуына елеулі үлес қосатынымызға сенімдімін».
Екінші зауыттың құрылысы басталды
Салтанатты шара барысында қатысушылар өндіріс цехтарын аралап, технологиялық мүмкіндіктерімен танысты.
Сондай-ақ Марат Сұлтанғазиев, компания басшылығы және жоба серіктестері екінші зауыттың іргетасына уақыт капсуласын салды.
Болашақта бұл аумақта:
- Жеміс сақтау қоймалары;
- Заманауи өңдеу кәсіпорындары;
- Цифрлық басқару платформасы;
- Мамандар даярлайтын академия орналасатын толық циклді агроөнеркәсіп кластері құрылады.
Бұл не үшін маңызды?
Қазақстанда жеміс-жидек пен көкөністі терең өңдеу деңгейі әлі де төмен. Сондықтан мұндай өндірістер ауыл шаруашылығы өнімдерінің қосылған құнын арттырып, дайын өнім экспортын көбейтуге мүмкіндік береді.
Жоба жергілікті фермерлер үшін тұрақты өткізу нарығын қалыптастырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, шетелдік инвестиция тартуға және өңдеу өнеркәсібінің дамуына серпін береді.

