Қазақстан Қарулы күштерінде мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерді сауда-тұрмыстық қамтамасыз ету жүйесін жетілдіруге бағытталған Voenmart пилоттық жобасы іске қосылды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Жобаны ҚР Қарулы күштері Тыл бастығы басқармасы жүзеге асырып жатыр. Қазіргі уақытта жаңа сервис бірнеше әскери бөлімде сынақ режимінде енгізілген.

Voenmart қай әскери бөлімдерде жұмыс істейді?
Бүгінде жоба:
- Алматы облысындағы 78460 әскери бөлімінде;
- Гвардейск гарнизонының Оқу орталығында;
- Астанадағы 68665 әскери бөлімінде;
- Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Әскери колледжде іске қосылды.
Тапсырыстарды рәсімдеу үшін жеткізуші тарап әскери бөлімдерге терминалдар мен планшеттерді тегін орнатқан. Кейін бұл құрылғылар әскери бөлімдердің балансына беріледі.

Сарбаздар қандай мүмкіндіктерге ие болды?
Қорғаныс министрлігінің Ақпараттық технологиялар департаменті бастығының орынбасары Алмат Махановтың айтуынша, жоба армиялық тұрмысты ұйымдастырудың жаңа деңгейіне жол ашады.
«Voenmart – жаңа деңгейдегі армиялық тұрмыс жүйесі. Цифрлық форматтың арқасында әскери қызметшілер қажетті тауарларға жылдам әрі ыңғайлы қол жеткізіп, қызмет жағдайы қазіргі заман талаптарына сай жақсара түседі», – деді ол.
Жүйе арқылы сарбаздар қажетті тауарларға тапсырыс беріп, оларды әскери бөлім аумағында қабылдай алады.

Ассортимент айтарлықтай кеңейтілді
Дәстүрлі әскери дүкендермен салыстырғанда Voenmart-тағы тауар түрлері әлдеқайда көп.
Әскери қызметшілерге:
- жеке гигиена құралдары;
- тігін және тұрмыстық бұйымдар;
- жаңа піскен жемістер;
- шырындар;
- танымал жеңіл тағамдар;
- кондитерлік өнімдер;
- күнделікті тұтынуға арналған басқа да тауарлар ұсынылады.
Ыстық тағамдарға да тапсырыс беруге болады
Жобаның ерекше мүмкіндіктерінің бірі – ыстық жеткізу қызметі.
Сарбаздар:
- бәліш пен тоқаштарға;
- бургерлерге;
- пиццаға;
- басқа да дайын тағамдарға тапсырыс бере алады.
Тапсырыстар әскери бөлім аумағына ыстық күйінде жеткізіледі.
Тауар жеткізу тегін болады
Voenmart сервисінің маңызды артықшылықтарының бірі – жеткізу қызметінің тегін болуы.
Әскери қызметшілер тек тауардың құнын төлейді. Қосымша комиссиялар мен қызмет көрсету төлемдері қарастырылмаған.
Сонымен қатар жүйеде жеткізілетін өнімдердің сапасын бақылаудың бірнеше деңгейі енгізілген. Тапсырыстардың ашық есебі жүргізіліп, олардың орындалуын бақылауға мүмкіндік жасалған.

Жоба не үшін маңызды?
Voenmart әскери қызметшілердің күнделікті қажеттіліктерін жылдам әрі қолжетімді түрде қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл бастама армиядағы тұрмыстық жағдайды жақсартып қана қоймай, әскери инфрақұрылымды цифрландыру үдерісінің бір бөлігіне айналып отыр.
Пилоттық кезең аяқталғаннан кейін жобаның тиімділігі бағаланып, оны еліміздің басқа әскери бөлімдеріне кезең-кезеңімен енгізу мәселесі қаралады.