Алматыдағы 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында ҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының 25-ші мерейтойлық түлектеріне арналған салтанатты рәсім өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Биыл әскери жоғары оқу орнын 70-тен астам курсант аяқтап, алғашқы «лейтенант» әскери шені мен дипломдарын алды. Олардың қатарында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының әскери кадрларды даярлау бағдарламасы бойынша білім алған Қырғыз Республикасының екі әскери қызметшісі де бар.

Жас офицерлерге ақ жол тілегі айтылды
Салтанатты шараға Қорғаныс министрлігі мен Әуе қорғанысы күштері бас басқармасының өкілдері, Қарулы Күштердің ардагерлері, институттың профессорлық-оқытушылық құрамы және түлектердің жақындары қатысты.
Жас офицерлерге Қорғаныс министрлігі Білім және ғылым департаментінің бастығы полковник Мұрат Олжабаев ізгі тілегін жеткізді.

«Институт қабырғасында алған білімдеріңіз еліміздің әуе қауіпсіздігі мен әскери технологиялардың іргетасына айналады. Офицерлік намыс, Әскери антқа адалдық және бағыныстағы сарбаздарға қамқорлық — басты өмірлік ұстанымдарыңыз болуы тиіс.»
Баян Дәулетқазыұлының тағдыры көпшілікті тебірентті
Салтанатты рәсімде ерекше әсер қалдырған оқиғалардың бірі – түлек Баян Дәулетқазыұлының өмір жолы болды.
Төрт жыл бұрын Әскери ант қабылдау рәсіміне келе жатқан оның отбасы жол апатына ұшырап, ата-анасы мен екі әпкесі көз жұмған. Қайғылы оқиғадан кейін тек кенже інісі ғана аман қалған.
Соған қарамастан Баян оқуын жалғастырып, институтты сәтті тәмамдады. Табандылығы мен жауапкершілігінің арқасында ол командирлері мен курстастарының құрметіне ие болды.

Оның қайсарлығына тәнті болған институт бастығы генерал-майор Нұртас Қабаков жас офицерге өзінің қолсағатын сыйға тартты.
«Мына сағатты өзіңе табыстағым келеді. Бұл сыйлық нағыз офицерді сыртқы қиындықтар емес, оның ішкі рухы айқындайтынын есіңе салып тұрсын. Әрдайым адал қызмет ет, тек алға ұмтыл және ешқашан берілме!»
Ұсыныс жасау сәті ерекше әсер сыйлады
Салтанатты рәсімнің көрігін қыздырған сәттердің бірі – офицерлік вальс болды.
Би аяқталғаннан кейін бірнеше жас лейтенант сүйіктілеріне үйленуге ұсыныс жасап, көпшіліктің қошеметімен бойжеткендер келісімдерін берді. Бұл көрініс мерекелік кештің ең әсерлі сәттерінің біріне айналды.

Дәстүрге сай Жауынгерлік Тумен қоштасты
Шара соңында жас офицерлер институттың Жауынгерлік Туымен қоштасты.
Әскери оркестрдің сүйемелдеуімен лейтенанттар салтанатты шерумен жүріп өтіп, қалыптасқан дәстүр бойынша тиыннан шашу шашты.

Институт ширек ғасырда 4 мыңнан астам офицер даярлады
25 жыл ішінде Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты 4 мыңнан астам жоғары білікті офицерді даярлап шығарды.
Бүгінде олардың басым бөлігі Қазақстан Қарулы Күштерінде, өзге де әскери құрылымдарда қызмет атқарып, елдің қорғаныс қабілеті мен әуе кеңістігінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосып келеді.
Бұл оқу орнының мерейтойлық шығарылымы әскери білім беру жүйесінің тұрақты дамып келе жатқанын және елдің қорғаныс саласына кәсіби офицерлер даярлаудағы маңызды рөлін тағы бір мәрте көрсетті.