Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева журналистерді құттықтап қана қоймай, қазіргі медианың алдында тұрған ең өзекті сын-қатерлер мен елдегі маңызды өзгерістер туралы айтты, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бүгінде ақпарат бұрынғыдан да жылдам таралады. Әлеуметтік желілер, жасанды интеллект, дипфейктер мен жалған ақпарат ағыны қоғамның ақпаратқа деген сұранысын түбегейлі өзгертті. Осындай жағдайда кәсіби журналистиканың рөлі бұрынғыдан да маңызды бола түскенін министр ерекше атап өтті.
«Қалам елді түзейді».
Аида Балаева Мемлекет басшысының осы сөзін келтіре отырып, журналистің басты миссиясы тек жаңалық тарату емес, қоғамды біріктіру, ақиқатты жеткізу және азаматтардың сенімін сақтау екенін айтты.
Сенім – журналистиканың басты капиталы
Министрдің айтуынша, технология қанша дамығанымен, кәсіби журналистиканың негізгі қағидаттары өзгермейді. Олар – аудиторияның сенімі, қоғам алдындағы адалдық және жарияланған әрбір ақпарат үшін жауапкершілік.
Әсіресе жалған ақпарат пен манипуляция көбейген кезеңде тексерілген дерекке сүйенетін сапалы журналистиканың маңызы артып отыр. Бұл қоғамда дұрыс қоғамдық пікір қалыптастырудың негізгі тетігі болып қала береді.
1 шілдеден жаңа Конституция күшіне енеді
Аида Балаева биыл Қазақстан үшін тарихи кезең басталатынын атап өтті. Оның айтуынша, 1 шілдеден бастап жаңа Конституция күшіне енеді.
Министр жаңа Ата Заң заң үстемдігін күшейтуге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды нығайтуға, мемлекеттік институттардың ашықтығы мен жауапкершілігін арттыруға бағытталғанын айтты.
Сонымен қатар Конституцияда сөз бостандығына, азаматтардың шынайы ақпарат алу құқығына, дербес деректерді қорғауға және ақпарат таратудағы жауапкершілікке қатысты маңызды нормалар бекітілген. Бұл өз кезегінде медиа саласының дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады.
Реформаларды халыққа жеткізген – журналистер
Министр конституциялық реформалардың мазмұнын халыққа түсіндіруде бұқаралық ақпарат құралдарының еңбегін ерекше бағалады.
Оның айтуынша, сараптамалық мақалалар, пікірталастар, тікелей эфирлер мен арнайы бағдарламалардың арқасында қазақстандықтар тек жаңалықпен танысып қана қоймай, реформалардың мәнін тереңірек түсіне алды.
Журналистерді қолдау жалғасады
Мемлекет медиа саласы қызметкерлерін қолдауды жалғастырып келеді.
Министр келтірген мәліметке сәйкес, соңғы үш жылда Астанада 200 журналист баспанамен қамтылған. Ал биыл еліміздің барлық өңірінен, соның ішінде өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының 66 қызметкеріне пәтер кілті табысталады.
Бұл журналистердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларының жалғасып жатқанын көрсетеді.
«Қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайтып келесіздер»
Құттықтау соңында Аида Балаева журналистерге күнделікті еңбегі мен кәсібіне деген адалдығы үшін алғыс айтты.
Министрдің айтуынша, дәл журналистердің еңбегі арқылы мемлекеттік бастамалар мен маңызды шешімдердің мәні қоғамға түсіндіріліп, мемлекет пен азаматтар арасындағы сенім арта түсуде.
Сөз соңында ол барлық БАҚ қызметкерлеріне зор денсаулық, шығармашылық шабыт, толайым табыс, отбасыларына амандық пен бақ-береке тілеп, кәсіби мерекемен құттықтады.