Esil University-де «Цифрлық аллея» ашылды

979
Ринат Сафин Редактор
Фотосурет: Esil University

Жоғары оқу орындары еңбек нарығына бейімделген кадрлар даярлауы тиіс. Бүгінде қазақстандық университеттердің алдына осындай міндет қойылып отыр. Еліміздегі заманауи университеттің бірі Esil University бәсекеге қабілетті, жоғары білікті мамандарды даярлаумен қатар, цифрландыруға және инновацияға басымдық беруде. Осы мақсатта университетте ESIL DIGITAL ALLEY (Цифрлық аллея) құрылды. Мұнда студенттердің заман талабына сай білім алуы үшін «Жасанды интеллект зертханасы», «Робототехника және 3D-технологиялар зертханасы», «HIKVISION Lab» оқу зертханасы және «Цифрлық инклюзия орталығы» жұмыс істейді. Бұдан бөлек, заманауи құрылғылармен жабдықталған ESIL MEDIA HUB және EdSmart мультимедиялық интерактивті студиясы іске қосылды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Жасанды интеллект зертханасы

EsU AI Lab – жасанды интеллектінің заманауи технологияларын әзірлеуге, енгізуге және зерттеуге бағытталған ғылыми-практикалық алаң. Лаборатория университетте тұрақты AI-экожүйені қалыптастыруға мүмкіндік береді. Зертханада жасанды интеллект бағытында ғылыми зерттеулер жүргізіліп, осы бағыттағы идеялар жүзеге асады.

Лабораторияда университеттің ішкі сервистері үшін жасанды интеллект агенттері әзірленіп, енгізіледі. Сонымен қатар студенттер мен оқытушылар үшін цифрлық шешімдер жасалып, университетте инженерлік Al-мәдениетті қалыптастыру жұмыстары жүргізіледі.

Зертхананың мақсаты – университеттің дамуына, процестерді автоматтандыруға, білім беру сапасын арттыруға септігін тигізетін интеллектуалды шешімдерді жасау және жасанды интеллект саласындағы мамандардың жаңа буынын тәрбиелеу.

Робототехника және 3D-технологиялар зертханасы

Бұл кешен – болашақ IT-мамандар мен инженерлерді практикаға бағыттап даярлауға арналған мамандандырылған орталық.

Лабораторияның құрылымына «3D-модельдеу және прототиптеу», «VISION Lab», «Arduino платформасы және цифрлық схемотехника» кабинеттері кіреді.

Зертхана 3D-принтерлер, 3D-сканерлер, интерактивті жобалар мен прототиптер жасауға арналған Arduino KITS оқу жиынтықтарымен жабдықталған. Бұдан бөлек, LEGO оқу конструкторлармен, жобаларды басқаруға арналған интерактивті плазмалық теледидарлармен қамтылған.

Лаборатория студенттерге сұранысқа ие үш өлшемді модельдеу бағдарламаларын меңгеруге, техникалық графикаға арналған көпфункционалды құралдарды пайдалана отырып модельдер жасауға, сондай-ақ 3D-прототиптеумен және сызбалар немесе математикалық модельдер бойынша нысандарды дайындау процесімен танысуға мүмкіндік береді.

HIKVISION Lab: Интеллектуалды бейнебақылау оқу лабораториясы

HIKVISION Lab қолжетімді жасанды интеллект технологиясының элементтері негізінде құрылған. Hikvision технологиясы бейнебақылау камералары мен бейнетіркегіштерге үйрету алгоритмдерін кіріктіреді.

Бұл құрылғылардың нақты уақыт режимінде бейнедеректерді талдау арқылы кадрдағы адамдар мен көлік құралдарын автоматты түрде тануына мүмкіндік береді.

Зертханадағы заманауи технологиялар адамдарды, көлік құралдары мен өзге де нысандарды санаттар бойынша жіктеуге, жалған дабыл белгілерін барынша азайтатын қозғалысты интеллектуалды тануға, ең төменгі жарықтандыру деңгейінде де тәулігіне 24 сағат бойы жоғары сапалы, толық түсті бейнетүсірілім жасауға мүмкіндік береді.

Оқу лабораториясында пайдаланушылар нақты белгілерді ескере отырып, адамдар мен көлік құралдарын автоматты түрде тану функциясын баптай алады. Бұл өз кезегінде жалған дабылды анықтауға септігін тигізеді және күзет қызметінің назарын нақты қауіп төндіретін нысандарға аударуға мүмкіндік береді.

Цифрлық инклюзия офисі

Цифрлық инклюзия офисі білім беру процесінің толық қолжетімділігін қамтамасыз ету және ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттердің оқуы үшін тең мүмкіндіктер қалыптастыру мақсатында құрылған.

Орталықтың қызметі әрбір білім алушының өзіндік ерекшеліктеріне қарамастан, өз әлеуетін жүзеге асыра алуына жағдай жасайтын жайлы, қауіпсіз әрі технологиялық тұрғыдан жабдықталған ортаны құруға бағытталған.

Офис көру қабілеті бұзылған студенттерге арналған экрандық қолжетімділік бағдарламаларымен, визуалды контентті бейімдеуге арналған экранды үлкейту жүйелерімен, мәтінді сөйлеу тіліне және сөйлеу тілін мәтінге түрлендіру құралдарымен жабдықталған. Сондай-ақ субтитрлер жасауға және аудиоақпаратты визуалды түрде көрсетуге арналған бағдарламалық өнімдер, бейімделмелі интерфейс қолдауы бар оқыту платформалары бар.

Орталықта әлеуметтік жұмыс, инклюзивті білім беру, психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу және ерекше білім беру қажеттіліктері бар адамдарды қолдау жөніндегі материалдарды қамтитын оқу және ғылыми әдебиеттер қоры ұсынылған.

Заманауи цифрлық құралдарды пайдалану оқу контентін игеру тиімділігін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді және кәсіби қызметте сұранысқа ие цифрлық құзыреттіліктерді дамытады.

EdSmart Premium: Бейнеөндіріс студиясы

EdSmart Premium – бұл университеттің оқытушылары мен қызметкерлеріне сапалы білім беру және медиаконтент әзірлеуде қолдау көрсету үшін құрылған заманауи бейнеөндіріс кеңістігі.

Студия цифрлық білім беру мен онлайн-коммуникацияның өзекті талаптарына жауап беретін кәсіби бейнелекциялар, оқу курстары мен таныстырылым материалдарын жасауға бағытталған.

Студия бейнелекцияларды жазуға ғана емес, сонымен қатар университет имиджін дамытуға және оның білім беру бағдарламаларын ілгерілетуге бағытталған промо-роликтер, таныстырылымдық бейнебаяндар мен басқа да медиаматериалдарды жасауға мүмкіндік береді.

Заманауи жабдықтарды пайдалану бейнеөндірістің қазіргі стандарттарына сай келетін жоғары визуалды сапаға қол жеткізуге жағдай жасайды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -