Бүгін – Қазақстанның конституциялық даму тарихындағы айтулы күн. 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы ресми түрде күшіне енді.
Бұл – халқымыздың ерік-жігерімен қабылданған, еліміздің болашақ даму бағытын айқындайтын және жаңа тарихи кезеңнің құқықтық негізін қалайтын маңызды құжат. Конституцияның күшіне енуі мемлекетіміздің демократиялық қағидаттарын нығайтуға, құқық үстемдігін қамтамасыз етуге, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге және қоғамдық келісімді одан әрі дамытуға бағытталған жаңа кезеңнің басталғанын білдіреді.
Конституция – мемлекеттің Негізгі Заңы ғана емес, ол қоғамның даму философиясын, ұлттық құндылықтарын және стратегиялық басымдықтарын айқындайтын басты құқықтық құжат. Онда Қазақстанның тәуелсіздігі, егемендігі, аумақтық тұтастығы, заң үстемдігі, әлеуметтік әділеттілік, адам құқықтарының қорғалуы және мемлекеттік институттардың тиімді қызметі конституциялық деңгейде бекітілген.
Жаңа Конституцияда ғылым мен білімнің дамуына да ерекше мән берілген. Зияткерлік әлеуетті арттыру, сапалы білім алуға қолжетімділікті қамтамасыз ету, ғылыми зерттеулерді қолдау, инновациялар мен жаңа технологияларды дамыту – мемлекеттің негізгі басым бағыттарының бірі ретінде айқындалған. Білім мен ғылымның дамуы – елдің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың, экономикалық өсудің және ұлттық қауіпсіздікті нығайтудың маңызды кепілі.
Жаңа конституциялық қағидаттар жоғары білім беру жүйесін жетілдіруге, академиялық еркіндікті кеңейтуге, ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындарының әлеуетін арттыруға, жас ғалымдарды қолдауға және ғылым нәтижелерін қоғам игілігіне тиімді пайдалануға құқықтық негіз қалайды. Әсіресе, цифрландыру, жасанды интеллект, инновациялық технологиялар және ғылыми зерттеулерді коммерцияландыру бағытындағы мемлекеттік саясаттың табысты жүзеге асырылуына жаңа серпін береді.
Сонымен қатар Конституцияда әрбір азаматтың сапалы білім алуға құқығы, мәдени және ғылыми жетістіктерге қол жеткізу мүмкіндігі, шығармашылық еркіндігі мен интеллектуалдық қызмет нәтижелерінің қорғалуы мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі ретінде бекітілген. Бұл қағидалар білімді ұлт қалыптастыруға, ғылыми әлеуетті нығайтуға және Қазақстанның халықаралық ғылыми-білім беру кеңістігіндегі беделін арттыруға ықпал етеді.
Конституция – тек мемлекеттік органдардың қызметін реттейтін құқықтық құжат емес, ол – әрбір азаматтың құқықтары мен міндеттерінің кепілі, әділетті қоғам құрудың берік негізі және елдің тұрақты дамуының басты бағдары. Сондықтан Ата Заңның қағидаттарын құрметтеу, оны сақтау және оның құндылықтарын өмірде басшылыққа алу – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Жаңа Конституцияның күшіне енуі – Жаңа Қазақстанның құқықтық, ғылыми және зияткерлік дамуының жаңа кезеңі. Бұл тарихи құжат еліміздің құқықтық мемлекет ретінде нығаюына, ғылым мен білімнің қарқынды дамуына, инновациялық экономиканың қалыптасуына және азаматтардың әл-ауқатының артуына берік негіз болады.
Ахатов Уалихан Ақыпбекұлы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Заң факультетінің деканы