Премьер-министр Олжас Бектенов Астанада ашылған Қазақ ұлттық спорт университетінің жаңа ғимаратында болып, оқу орнының технологиялық жарақтандыру деңгейімен және білім беру жағдайымен танысты, деп хабарлайды DKNews.kz.

Жаңа университет спорт, білім, медицина және инновация тоғысындағы мамандарды даярлауға бағытталған.
Премьер-министр жаңа университеттің маңызын атап өтті
Олжас Бектенов Қазақ ұлттық спорт университетінің ашылуы адами капиталды дамыту бағытындағы маңызды қадам екенін айтты.

«1 шілдеде жалпыхалықтық референдумда қабылданған жаңа Конституция күшіне енді. Онда адами капиталды дамыту мемлекеттің стратегиялық бағыты ретінде айқындалған. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақ ұлттық спорт университеті ашылды. Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет спорт, білім беру, медицина және инновация тоғысында ұлттық мекеменің іске қосылуы біздің құндылық бағдарларымызды айқын көрсетеді. Біз жаңа буын мамандарын даярлап жатырмыз».
Қандай мамандар даярланады?
Университет бірнеше негізгі бағыт бойынша мамандар дайындайды.

Атап айтқанда:
- жаттықтырушылық қызмет;
- спорт ғылымдары;
- спорттық медицина және оңалту;
- спорт журналистикасы;
- спорт менеджменті;
- спорттағы жасанды интеллект және аналитика;
- киберспорт.
ЖОО шетелдік жетекші серіктестермен бірге қос дипломды білім беру бағдарламаларын, академиялық ұтқырлықты және спорт ғылымын дамыту жобаларын іске асырып жатыр.

Университетте қандай орталықтар бар?
Жаңа оқу орнында спорт пен білімді ғана емес, қауіпсіздік, адал спорт және талантты жастарды қолдау бағыттарын да қамтитын жобалар жүзеге асырылуда.

Олардың ішінде:
- құтқару инновациялары және алғашқы көмек орталығы;
- спорттық медицина және оңалту орталығы;
- әйелдердің спорттағы мүмкіндіктерін кеңейтуге арналған бастамалар;
- Life Chance Grant және Merit Grant грант бағдарламалары;
- спорт журналистикасы медиа орталығы бар.
Құтқару инновациялары және алғашқы көмек орталығында 3,5 мыңнан астам педагог оқытылып, 100-ден астам халықаралық сарапшы-жаттықтырушы дайындалған.
Жасанды интеллект спортқа қалай енгізіледі?
Премьер-министрге университеттегі ғылыми әзірлемелер мен зертханалар таныстырылды.

Олардың қатарында:
- Smart Performance Assessment;
- Sport Science Control Center + My KNUS;
- AI Video Analytics for Sports and Digital Biomechanics Lab;
- Smart Table Tennis AI Center;
- Sport Media Convergence Co-Creation Lab;
- Smart Golf AI Lab.
Бұл жобалар спортшылардың функционалдық жағдайын бағалауға, жаттығу жүктемесін бақылауға, жарақат алу қаупін азайтуға, қимыл-қозғалыс техникасын талдауға және спорттық дайындықты ғылыми негізде жүргізуге мүмкіндік береді.
Бектенов студенттерге қандай міндет жүктеді?
Премьер-министр Қазақ ұлттық спорт университеті білім, ғылым және практиканы біріктіретін өңірлік орталыққа айналуы керек екенін айтты.
«Студенттер Президенттің Әділетті әрі Озық Қазақстанды құру жөніндегі идеясын нақты жүзеге асырып, жауапкершілікке негізделген жасампаз отаншылдықтың шынайы жақтастары болғаны маңызды. Сондықтан профессорлық-оқытушылық құрам білім алушылардың бойына Жаңа Конституцияда айқындалған еңбекқорлық, озық ойлы ұлт және білім құндылықтарын сіңіруге ерекше мән беруі қажет. Қазақ ұлттық спорт университеті отандық спортты дамытуға, жоғары білікті мамандар даярлауға және еліміздің халықаралық беделін нығайтуға қомақты үлес қосатынына сенімдімін».
Бұл неге маңызды?
Қазақ ұлттық спорт университетінің ашылуы отандық спорт жүйесі үшін жаңа кезең саналады. Университет спортшыларды ғана емес, жаттықтырушыларды, спорт дәрігерлерін, аналитиктерді, менеджерлерді және спорт журналистерін заманауи талаптарға сай даярлауға мүмкіндік береді.
Жасанды интеллект, цифрлық биомеханика және спорттық медицина сияқты бағыттардың дамуы Қазақстан спортының ғылыми негізін күшейтіп, халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілікті арттыра алады.