Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті уақытша қаржылық қиындыққа тап болған салық төлеушілер үшін Салық кодексінде арнайы қолдау тетіктері қарастырылғанын еске салды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, белгілі бір талаптарды орындаған жағдайда салықтарды мүлік кепілінсіз және банк кепілдігінсіз кейінге қалдыруға немесе бөліп төлеуге болады.
Қандай мүмкіндік қарастырылған?
Салық кодексінің 133-бабының 4-тармағына сәйкес салықтарды төлеуді кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу мүлік кепілінсіз әрі банк кепілдігінсіз рәсімделеді.
Сонымен қатар бұл рәсімнің тәртібі Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 31 қазандағы №651 бұйрығымен бекітілген.
Қызметті кімдер пайдалана алады?
Кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу мүмкіндігін алу үшін бірнеше талап орындалуы қажет.
Олардың қатарында:
- берешек сомасы 1500 АЕК-тен аспауы тиіс;
- 2026 жылы 1 АЕК – 4 325 теңге, сәйкесінше берешектің ең жоғары сомасы – 6 487 500 теңге;
- бұрын берілген қолданыстағы кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу болмауы керек;
- міндетті сипаттағы орындалмаған хабарламалар болмауы тиіс;
- салық төлеуші ретінде тіркелген күннен бастап өтініш бергенге дейін кемінде екі жыл өтуі қажет;
- өтініш берген кезде қызметін тоқтата тұру мәртебесінде болмауы тиіс.
Бұл талаптар көлденең мониторингке қатысушыларға қолданылмайды.
Өтініш қалай беріледі?
Кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу туралы өтініш электронды форматта беріледі.
Ол үшін:
- Салық төлеушінің кабинеті арқылы өтініш жолданады;
- кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу мерзімі 12 айға дейін болуы мүмкін;
- өтініш берер алдында барлық талаптарға сәйкестікті тексеру қажет.
Бұл неге маңызды?
Бұл тетік уақытша қаржылық қиындықтарға тап болған азаматтар мен кәсіпкерлерге салық міндеттемелерін орындауға қосымша уақыт береді. Кепіл немесе банк кепілдігін талап етпеу рәсімді жеңілдетіп, қаржылық жүктемені азайтуға мүмкіндік жасайды.