Қазақстанда автомобиль өндірісі мен инженерлік білімнің жаңа кезеңі басталып келеді.
Astana Motors құрамындағы OMODA бренді енді тек көлік нарығында ғана емес, болашақ инженерлерді тәрбиелеуге де инвестиция салмақ, деп хабарлайды DKNews.kz.
Фото: OMODA JAECOO Қазақстан
Компания USTEM Foundation қорымен стратегиялық серіктестік орнатып, Қазақстандағы робототехника маусымының ресми автокөлік серіктесі атанды. Бұл қадам нені білдіреді және неге маңызды?
Қазақстанда робототехника мен жасанды интеллект бағытындағы ең ірі жарыстардың бірі – Almaty Tech Cup XII чемпионаты аяқталды. Биылғы дода тек мыңдаған жас өнертапқыштың басын қосып қана қойған жоқ. Чемпионаттың ашылуында маңызды жаңалық жарияланды: Astana Motors құрамындағы OMODA JAECOO ресми дистрибуциясы мен USTEM Foundation қоры ұзақмерзімді стратегиялық ынтымақтастықты бастайды.
Осылайша, технологиялық шешімдерімен ерекшеленетін OMODA бренді 2026–2027 жылғы робототехника маусымының ресми автокөлік серіктесіне айналды.
Бұл жай ғана демеушілік емес. Бұл – Қазақстандағы инженерлік білімге, жасанды интеллектке және жаңа буын мамандарын даярлауға бағытталған инвестиция.
Фото: OMODA JAECOO Қазақстан
Жасанды интеллект дәуіріндегі жаңа серіктестік
USTEM Foundation – Қазақстандағы халықаралық FIRST бағдарламасының ресми операторы. Қордың экожүйесі бүгінде еліміздің 21 өңірін, 20 мыңнан астам оқушыны және 1700-ден астам команданы біріктіреді.
2026 жылғы маусымның басты тақырыбы да заман талабына сай таңдалған – Age of AI («Жасанды интеллект дәуірі»).
Екі күн бойы Almaty Arena алаңында мектеп оқушылары мен студенттер автономды роботтарын, ұшқышсыз жүйелерін, жасанды интеллектке негізделген жобаларын және киберқауіпсіздік саласындағы тың әзірлемелерін ұсынды.
Бұл жарыстар бүгінде жай ғана оқушылар арасындағы байқаудан әлдеқайда ауқымды жобаға айналған. Мұнда ертеңгі инженерлер, бағдарламашылар мен өнертапқыштар өсіп келеді.
Фото: OMODA JAECOO Қазақстан
Автокөлік өндірісі де түбегейлі өзгеріп жатыр
Қазақстандағы OMODA&JAECOO ресми дистрибуциясының директоры Александр Абрамовтың айтуынша, қазіргі автомобиль өндірісі бұрын-соңды болмаған технологиялық өзгерістер кезеңіне өтті.
«OMODA және JAECOO автомобильдері Алматыдағы Astana Motors Manufacturing Kazakhstan зауытында өндіріледі. Мұнда инновациялық цифрлы өндіріс процестері, роботтандырылған дәнекерлеу және бояу желілері енгізілген. Кәсіпорындар біртіндеп еліміздің жаңа индустриялық экожүйесінің құрамдас бөлігіне айналып келеді. Сондықтан біз үшін робототехника мен инженерлік білімді қолдау – Қазақстанның автокөлік өнеркәсібінің болашағына қосып жатқан маңызды үлес. Осы жарысқа қатысып жатқан жастардың арасынан болашақ инженерлер, конструкторлар мен жасақтама әзірлеушілері шығатынына сенімдіміз. Біз Қазақстандағы осы экожүйенің бір бөлігі болып, талантты жастарды қолдай алғанымызға қуаныштымыз», – деді Александр Абрамов.
Компанияның айтуынша, бүгінде жасанды интеллект, роботтандырылған өндіріс және цифрлық сервистер жаңа буын автомобильдерінің ажырамас бөлігіне айналған.
Фото: OMODA JAECOO Қазақстан
Ынтымақтастық бір жарыспен шектелмейді
OMODA мен USTEM Foundation серіктестігі бірнеше ірі халықаралық іс-шараны қамтиды.
Almaty Tech Cup-тен кейін Астанада FIRST Global ұлттық кезеңі өтеді. Кейін Қазақстан құрамасы Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында ұйымдастырылатын әлемдік финалға қатысады.
Қыс мезгілінде FIRST Tech Challenge ұлттық чемпионаты ұйымдастырылса, маусым АҚШ-тың Хьюстон қаласында өтетін әлемдегі ең беделді инженерлік фестивальдердің бірі – FIRST Championship жарысымен қорытындыланады.
Жыл сайын бұл фестивальге 1000-нан астам команда мен 50 мыңға жуық қатысушы келеді.
Фото: OMODA JAECOO Қазақстан
Қазақстан мен Өзбекстан студенттері бақ сынасты
Almaty Tech Cup аясында OMODA арнайы Future Race санатының жеңімпаздарын марапаттады.
Бұл бағытта инженерлік факультет студенттері жарысқа арналған болидтерді өздері жобалап, құрастырған.
Байқауға Қазақстан мен Өзбекстаннан келген 10 команда қатысты.
Жеңімпаздар:
Bulan Racing – Nazarbayev University (Астана);
ASTI Eco Moto Sport – Өзбекстан;
Taiburyl – Satbayev University (Алматы).
Үздік үш командаға ақшалай сертификаттар табысталды.
Фото: OMODA JAECOO Қазақстан
Қазақстанда шығарылған алғашқы OMODA көліктері қашан сатылады?
Бүгінде OMODA&JAECOO брендтері әлемнің 70-тен астам елінде ұсынылған.
Қазақстан нарығына брендтер 2023 жылы ресми келген болатын. Ал 2026 жылдың сәуірінен бастап Astana Motors Қазақстандағы ресми дистрибьютор мәртебесіне ие болды.
Қазір Алматыдағы Astana Motors Manufacturing Kazakhstan зауытында өндірістік желілерді іске қосу жұмыстары жүріп жатыр. Осы мақсатта Қытайдан келген мамандар қазақстандық инженерлермен бірге жабдықтарды баптап, технологиялық процестерді іске асыруда.
Қазақстанда құрастырылған OMODA және JAECOO автокөліктерінің алғашқы сатылымы 2026 жылдың тамыз айының соңы – қыркүйек айының басына жоспарланған. Ал олардың ресми бағасы тамыз айында жарияланады.
«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.