Популизм экономиканы көтермейді, тек масылдықты насихаттайды - "Ақ жол" партиясы

1210
Ринат Сафин Редактор
Фотосурет: 24.kz

Астанада өткен «Ақ жол» демократиялық партиясының съезінде партияның негізгі саяси басымдықтары таныстырылды. Жиында кәсіпкерлерді қолдау, отандық бизнестің мүддесін қорғау, заңнамалық реформалар, сондай-ақ әлеуметтік масылдық пен жалаң популизм мәселелері көтерілді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Партия өкілдері экономиканы дамыту нақты заңдар мен жүйелі шешімдерге негізделуі керек екенін айтты.

Қазыбек Иса: Кәсіпкерлерді қолдау – партияның басты бағыты

«Ақ жол» партиясы фракциясының мүшесі Қазыбек Иса кәсіпкерлікті қолдау партия қызметінің негізгі бағыттарының бірі екенін айтты.

«Біздің басты бағыттарымыздың бірі – кәсіпкерлерді қолдау. Кәсіпкерлік кодексті жасаған да «Ақ жол» партиясы. Қазір кәсіпкерлікті қолдаймыз деп шығатын партиялар бар. Алайда сөзі мен ісі екі бөлек партияларды да көріп жүрміз. Нақты кәсіпкердің мүддесін қорғаудың орнына, қарсы болып, басқа партияларға тас атып жатқандар да бар. Кімнің кім екенін халық өзі біледі. Кімнің еңбегі нақты, кімдікі жалған екенін де жұрт жақсы түсінеді. Біздің сөзіміз бен ісіміз бір партия екенімізді халық біледі».

Ермек Әбділдин: Бизнеске нақты заңдар қажет

«Ақ жол» ҚДП Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Ермек Әбділдин кәсіпкерлерді қолдау нақты заңнамалық бастамалар арқылы жүзеге асуы тиіс екенін атап өтті.

«Мұның орнына дабыра сұхбаттар, пиар-акциялар және ірі капиталдың мүддесін лоббилеу бар. Олар шын мәнінде не істеді? Заңдардың орнына дабыра мәлімдемелер жасалды. Нақты істің орнына сұхбат беріп, форумдар жинап, «диалог алаңдарын» өткізді. Бірақ Мәжіліске енгізілген нақты заң жобалары қайда? Кәсіпкердің өмірін шынымен жеңілдеткен түзетулер қайда?»

Ол партияның отандық кәсіпкерлердің мүддесін ұзақ жылдан бері қорғап келе жатқанын айтты.

«Біздің партия ұзақ жылдар бойы отандық бизнестің мүддесін қорғаумен айналысып келеді. Біз бизнестің өзінен келдік. Бұл өзін бизнесмен әрі саясаткер санап жүрген түрлі блогерлерден айырмашылығымыз».

Съезде әлеуметтік масылдық мәселесі де көтерілді

«Ақ жол» демократиялық партиясының белсенді мүшесі, Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Бекнұр Бисенов кейбір саяси күштердің экономикалық негізі жоқ уәделер беретінін айтты.

«Кейбір партиялар «біз ішіп, жейік, ал бәріне мемлекет төлесін деген» жалаң популизмді алға тартады. Кез келген мәселенің шешімі ретінде жәрдемақыны көбейту, субсидияны арттыру немесе мемлекеттің экономикадағы рөлін күшейту ұсынылады. Яғни барлық жауап бір ғана ойға тіреледі: «мұны мемлекет жасауы керек», «мұны мемлекет қаржыландыруы керек». Бұл әлеуметтік масылдықты үдетіп, мемлекетті жарға тірейтін қисынсыз, есепсіз популизм!»

Бұл неге маңызды?

Съезде көтерілген мәселелер партияның экономикалық саясатқа қатысты көзқарасын айқындады. Негізгі назар кәсіпкерлікті қолдау, заңнамалық реформаларды жалғастыру және экономикалық негізделген шешімдерді ұсынуға аударылды. Сонымен қатар қатысушылар әлеуметтік саясаттың жауапкершілік қағидатына сүйенуі қажеттігін атап өтті.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -