Астана күні қарсаңында елорданың Сарайшық ауданында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында кешенді абаттандырылған екі аула тұрғындар игілігіне берілді. Жаңартылған қоғамдық кеңістіктер А. Байтұрсынұлы көшесіндегі 17 және 19 мекенжайларында орналасқан, деп хабарлайды DKNews.kz.

Жоба тұрғындардың ұсыныстары негізінде жүзеге асырылып, балалар мен ересектерге арналған заманауи демалыс және спорт аймақтары жасақталды.

Балалар ойын және спорт алаңдары жаңартылды
Абаттандыру жұмыстары барысында:
- балалар ойын алаңдары толық жаңартылды;
- заманауи ойын кешендері орнатылды;
- түрлі әткеншектер қойылды;
- қауіпсіз тартан жабыны төселді;
- жаңа воркаут алаңы салынды;
- шағын футбол алаңы пайдалануға берілді.
Сонымен қатар аумақ көгалдандырылып, жарықтандыру жүйесі жақсартылды.

Тұрғындар жаңа аулаға оң бағасын берді
Қала тұрғыны, ЕҰУ профессоры Сайлау Батыршаұлы жаңартылған аула тұрғындардың көптен күткен жобаларының бірі болғанын айтты.
«Астана қаласы көркейді, күн санап өсіп жатыр. Бұған барлық қала тұрғыны куә деп айта аламын. Бүгін абаттандырылған ауламыз ашылып отыр. Оның жұмысы бір ай бұрын басталған еді. Қазір толық пайдалануға беріліп отыр. Аула ішінің жолы жөнделді. Балалардың ойын алаңдары реттелді. Бүгінгі мерекеге балалар да ата-аналар да ризашылықтарын білдіріп отыр. Біз осы жердің тұрғыны ретінде алғыс айтамыз. Қала басшысынан бастап, аудан басшылығы көңілімізден шығатын жұмыс істеп жатыр, соған қуанып отырмыз».

Ауданда абаттандыру жұмыстары жалғасады
Сарайшық ауданы әкімдігінің абаттандыру бөлімінің басшысы Сұлтан Шаймарданның айтуынша, ауданда жаңа аулаларды жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасуда.

«Қазіргі уақытта үш аула пайдалануға берілді. Аула жұмысы «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатыр. Бұл жерде көгалдандыру мен жарықтандыру жұмысы жүргізілді. Тұрғындарға да балаларға да қолайлы әрі қажетті жұмыстар жасалды».
Іс-шара барысында тұрғындарға жаңартылған аула аумақтары таныстырылып, олармен кездесу ұйымдастырылды.

Бұл неге маңызды?
«Халық қатысатын бюджет» жобасы тұрғындардың ұсыныстары негізінде қалалық ортаны дамытуға мүмкіндік береді. Мұндай бастамалар жайлы әрі қауіпсіз қоғамдық кеңістіктердің санын көбейтіп, балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне және тұрғындардың спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасайды.
