Газ – жай ғана отын емес. Ол – миллиондаған қазақстандықтың үйіндегі жылу, өндірістің тұрақты жұмысы және ел экономикасының маңызды тірегі, деп хабарлайды DKNews.kz.
Сондықтан Үкіметтің бүгінгі отырысында қаралған газ саласының болашағына қатысты шешімдер тек мамандар үшін емес, әрбір тұрғын үшін маңызды.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында газ өндіруді ұлғайту, елді мекендерді газдандыру, жаңа газ өңдеу зауыттарын салу және тариф саясатына өзгерістер енгізу мәселелері талқыланды.
Қазақстанда газға сұраныс рекордтық деңгейге жетті
Соңғы жылдары елдегі газ тұтыну тұрақты түрде өсіп келеді. Былтыр ішкі нарықтағы тұтыну көлемі 20 млрд текше метрге жетті. Бұл – Қазақстан үшін рекордтық көрсеткіштердің бірі.
Осыған байланысты Үкімет саланы бұрынғыдан да қарқынды дамыту қажет екенін мәлімдеді.
Премьер-министр Мемлекет басшысының тапсырмаларын еске салып, газ саласының елдің энергетикалық қауіпсіздігі үшін стратегиялық маңызын ерекше атап өтті.
«Мемлекет басшысы экономиканың орнықты дамуы үшін заманауи энергетикалық инфрақұрылым, ішкі нарықты энергия ресурстарымен сенімді түрде қамтамасыз ету және стратегиялық инвестициялық жобаларды уақтылы жүзеге асыру қажет екенін әрдайым атап көрсетеді. Бұл міндеттер толығымен газ саласына да қатысты. Себебі ішкі тұтыну көлемі тұрақты түрде өсіп келеді. Өткен жылы 20 млрд текше метрге жетті. Президент қойған міндеттерге сәйкес, Үкімет газ саласын дамытудың кешенді және Перспективалы жаңа кен орындарын игеру жоспарларын бекітті», — деді Олжас Бектенов.
Газдандыру 80 пайызға дейін артады
Энергетика министрлігінің мәліметіне сәйкес, 2026 жылдың басында Қазақстан халқының 64,2 пайызы табиғи газға қол жеткізген. Қазір көгілдір отынмен 13,1 миллион адам қамтамасыз етілген.
Алайда Үкімет мұнымен шектелмек емес.
Премьер-министр Президент тапсырмасына сәйкес алдағы жылдары халықты газдандыру деңгейін 80 пайызға дейін жеткізу міндеті тұрғанын айтты.
Болжам бойынша, 2030 жылға қарай Қазақстанда тауарлық газ өндірісі 31,3 млрд текше метрге жетеді. Бұл көлем ішкі сұранысты толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қашағаннан бастап Астанаға дейін: ірі жобалар бақылауға алынды
Үкімет бірнеше стратегиялық жобаны ерекше бақылауға алды.
Енді Қашаған, Қарашығанақ және Жаңаөзендегі газ өңдеу жобаларындағы құрылыс жұмыстары апта сайын бақыланатын болады.
Сонымен қатар ел үшін аса маңызды екі жаңа магистральдық жобаға ерекше назар аударылды:
«Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырының екінші желісі;
«Есіл – Астана» жаңа газ құбыры.
Бұл жобалар елорданы және солтүстік өңірлерді газбен қамтуды күшейтіп қана қоймай, өндірістің дамуына және Қазақстанның транзиттік әлеуетінің артуына ықпал етеді.
Газ келген құбыр емес, қосылған үй маңызды
Үкімет өңірлердегі жұмысты бағалау тәсілін де өзгертпек.
Енді әкімдіктердің жұмысы тек тартылған құбырлардың ұзындығымен емес, нақты қанша үйдің газға қосылғанымен бағаланады.
Яғни басты нәтиже – тұрғындардың үйіне газдың нақты жетуі.
Газ саласына жасанды интеллект келеді
Газ саласын цифрландыру да жаңа кезеңге өтеді.
Жасанды интеллект министрлігі Энергетика министрлігімен бірге ел бойынша газды есепке алатын бірыңғай цифрлық платформаны әзірлейді.
Бұл жүйе тұтынуды нақты бақылауға, есеп жүргізуді жеңілдетуге және ашықтықты арттыруға мүмкіндік береді.
Сұйытылған газды бөлу толық ашық болады
Үкімет сұйытылған газ мәселесіне де ерекше тоқталды.
Энергетика министрлігіне бір ай ішінде сұйытылған газ өндірісін арттырудың нақты жоспарын әзірлеу тапсырылды.
Сонымен бірге өңірлер арасында және өңірлердің ішінде газ көлемін бөлудің ашық тетігі енгізіледі.
Газ бағасы өзгеруі мүмкін бе?
Отырыста ең көп назар аудартқан тапсырмалардың бірі – жаңа тарифтік саясат.
Ұлттық экономика министрлігіне Энергетика министрлігі және Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп екі ай ішінде Үкіметке жаңа ынталандырушы тарифтік саясат бойынша ұсыныстар енгізу тапсырылды.
Бұл ретте халыққа көрсетілетін атаулы әлеуметтік қолдау толық сақталуы тиіс екені ерекше атап өтілді.
Қазақстандық өндірушілерге басымдық беріледі
Үкімет мұнай-газ саласындағы отандық өндірісті де қолдамақ.
Бір ай ішінде тек қазақстандық кәсіпорындардан сатып алынатын мұнай-газ жабдықтарының арнайы тізімі бекітіледі.
Бұл шешім жергілікті өндірісті дамытуға және импортқа тәуелділікті азайтуға бағытталған.
Газ алдымен халыққа беріледі
Премьер-министр газ ресурстары ең алдымен тұрғындардың қажеттілігіне және жоғары технологиялық өндірістерге бағытталуы тиіс екенін мәлімдеді.
Сондықтан жаңа кәсіпорындарды газға қосу кезінде энергия тиімділігі негізгі талаптардың біріне айналады.
Сонымен бірге энергияны көп тұтынатын, бірақ тиімділігі төмен өндірістерге газ бөлудің қазіргі тәжірибесін тоқтату тапсырылды.
Үкіметтің басты мақсаты – газды көбейту ғана емес, оны тиімді пайдалану
Газ өндіру көлемін арттыру, жаңа кен орындарын игеру, магистральдық инфрақұрылымды кеңейту, цифрлық жүйелерді енгізу және тариф саясатын жаңарту – Үкіметтің газ саласын жаңа деңгейге шығаруға бағытталған негізгі қадамдары.
Бұл өзгерістердің нәтижесі алдағы жылдары тұрғындарды газбен қамту деңгейінен бастап, өндірістің дамуы мен елдің энергетикалық қауіпсіздігіне дейінгі көптеген көрсеткішке тікелей әсер етпек.
«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.