Қазақстандағы климат жыл сайын құбылып барады.
Бір өңірде аптап ыстық пен құрғақ жел егінді күйдірсе, енді бір аймақта нөсер жауын мен бұршақ өнімге қауіп төндіреді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұрын сирек кездесетін табиғи құбылыстар бүгінде қалыпты жағдайға айналып келеді. Осындай өзгерістердің салдарын алғашқылардың бірі болып сезініп отырған – ауыл шаруашылығы саласы.
Биылғы маусымда еліміздің көптеген өңірінде жауын-шашынның аз түсуінен құрғақшылық күшейді. Соған қарамастан кейбір аймақтарда қалыптан тыс мол жаңбыр жауды. Мұндай тұрақсыз ауа райы фермерлерді тәуекелдерді қайта бағалауға мәжбүр етті. Нәтижесінде Қазақстанда агросақтандыруға деген қызығушылық өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есеге артқан.
Мамандардың айтуынша, фермерлер биылғы маусымның өнімге қалай әсер ететінін енді ғана нақты сезіне бастаған.
«Freedom Insurance» СК» АҚ Агросақтандыру басқармасының басшысы Диас Ерғалиевтің айтуынша:
«Егер егіншілер келесі жылы сақтандыруға уақытылы жүгінсе, біз олардың барлық өтінімдерін қарауға дайынбыз».
Сонымен бірге компания қазіргі уақытта жаңа өтінімдерді қабылдай алмайтынын ескертті. Себебі агросақтандыру бағдарламасына өтініштер жыл сайын ақпан айының ортасынан сәуірдің соңы немесе мамырдың басына дейін ғана қабылданады. Бұл сақтандыру шарты егіс жұмыстары басталғанға дейін рәсімделуі тиіс деген талаппен байланысты.
Құрғақшылық күшейген өңірлер бақылауда
Қазір компания Қостанай, Шығыс Қазақстан, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы астық өсіретін шаруашылықтарды сақтандырған. Бұл өңірлердің басым бөлігінде де ылғал тапшылығы байқалады.
Жағдайды бақылау үшін халықаралық Praedictus Climate Solutions компаниясының климаттық деректері пайдаланылады. Мамандар егіннің қазіргі жағдайын бағалау мақсатында аралық мәліметтерді тұрақты түрде алып отыр.
Биылғы ауа райы фермерлерге оңай болмайды
Сарапшылардың болжамынша, шілде айының алғашқы күндерінде қысқа мерзімді жауын-шашын болғанымен, кейін қайтадан ыстық күшейеді. Оның үстіне құрғақ желдің соғуы егістікке қосымша стресс түсіріп, өнімнің қалыптасуына әсер етуі мүмкін.
Бұған қоса, соңғы апталардағы табиғи құбылыстар климаттың қаншалықты құбылмалы екенін көрсетті.
21 маусымда Ақтөбе облысында секундына 30 метрге дейін жеткен дауыл тіркелсе, 28 маусымда Қызылорда қаласы мен Тасбөгет кентінде бұршақ аралас қатты дауыл болды. Мұндай құбылыстар бұл өңірлер үшін қалыпты жағдай саналмайды.
Әсіресе көкөніс, бақша және жеміс-жидек шаруашылықтары үшін бұршақ аса қауіпті. Өйткені жапырақтары зақымданған өсімдік фотосинтез жүргізе алмай, өнім көлемі күрт төмендеуі немесе мүлде жойылып кетуі мүмкін.
Агросақтандыру енді қосымша емес, қажеттілікке айналып келеді
Сақтандыру компаниясының пікірінше, соңғы екі жылдағы мол өнім көптеген шаруашылықтардың тәуекелдерді кейінге ысыруына себеп болған. Алайда биылғы климаттық жағдай бұл көзқарасты өзгертіп жатыр.
Диас Ерғалиевтің сөзінше:
«Биыл егін шығымдылығына қатысты қиындықтардың туындау ықтималдығы жоғары. Соның нәтижесінде фермерлер агросақтандырудың жай ғана қосымша мүмкіндік емес, нақты қажеттілік екенін біртіндеп түсіне бастады».
Компанияның айтуынша, алдағы уақытта сақтандыру бағдарламасына бұршақ сияқты жаңа климаттық тәуекелдерді енгізу мүмкіндігі де қарастырылуы ықтимал.
«Болашақта сақтандыру өніміміз аясында осы тәуекел түрін де қарастыру мүмкіндігі туындауы ықтимал. Алайда қазіргі кезеңде біз үшін аграрийлердің сақтандыру тетігінің қалай жұмыс істейтінін және оның тиімділігін түсінуі маңызды. Агросақтандыру өнім шығынын өтеуге мүмкіндік беріп қана қоймай, келесі жылғы егіс науқанын сенімді жоспарлауға да жағдай жасайды», – деді Диас Ерғалиев.
Қазақстанда климаттық өзгерістердің жиілеуі агросақтандырудың рөлін күшейтіп келеді. Егер бұрын ол қосымша қаржылық құрал ретінде қабылданса, бүгінде көптеген фермер үшін табиғаттың тосын мінезінен қорғанудың маңызды тетігіне айналып отыр.