Қазақстан экономикасы үшін алдағы кезеңнің басты басымдығы қандай болады? Тұтынушылық несиелер қайта қатаңдатыла ма, әлде мемлекет бизнесті көбірек қаржыландыруға бет бұра ма?
Осы сұрақтарға Үкімет, Ұлттық банк пен қаржы реттеушісі қатысқан сараптамалық кездесуде жауап берілді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Ұлттық экономика министрлігі жанындағы Экономикалық зерттеулер институтында өткен жиында елдің макроэкономикалық жағдайы, несие нарығы және бизнесті қолдаудың жаңа тәсілдері талқыланды. Кездесуге Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілдері, «Атамекен» ҰКП және сарапшылар қатысты.
Экономика өсіп жатыр, бірақ жаңа кезең басталды
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, 2026 жылдың қаңтар–мамыр айларында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 3,7%-ға өсті. Мұнайға қатысы жоқ секторлардың өсімі 5%-ды құрады.
Ең жоғары нәтиже құрылыс саласында тіркелді – 13,4%. Өңдеу өнеркәсібі де қарқынды дамып, 9%-ға өсті. Бұл өсімге машина жасау, химия өнеркәсібі, металл бұйымдарын шығару және азық-түлік өндірісі айтарлықтай үлес қосты.
Сонымен бірге инфляцияның қарқыны баяулап келеді. Алты айдың қорытындысы бойынша жылдық инфляция 10,3%-ға дейін төмендеген.
Үкімет: тұтынушылық несие бұрынғыдай экономиканы алға сүйремейді
Кездесудегі негізгі тақырыптардың бірі – тұтынушылық несиелеудің баяулауы болды.
Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, бұл үрдіс экономикадағы қалыпты өзгерістің белгісі.
«Бүгін біз экономиканың түрлі секторында көп бағытты процесті көріп отырмыз. Тұтынушылық несиелеу қарқыны 2024 жылы баяулай бастап, кепілсіз қарыздардың динамикасы да біртіндеп төмендеген. Нәтижесінде автомобиль нарығы, тұрмыстық техника, электроника, қызмет көрсету және жөндеу жұмыстары қарқынды өсу кезеңінен кейін объективті тұрақтануға көшуде. Бұл үрдіс тек 2025 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан макропруденциалдық саясатқа ғана емес, сонымен қатар нарықтың табиғи қанықтылығына да байланысты екенін түсіну маңызды. Тұтынушылық несиелеу түбегейлі жаңа сұранысты тудырмайды, тек оның уақытын ғана өзгертеді. Сонымен қатар бүгінгі таңда сараланған тәсілді ұстану өте маңызды: қызып кеткен тұтынушылық сегменттерді шектеу, сонымен бірге ұзақ мерзімді экономикалық өсуді қалыптастыратын салалардың дамуына жағдай жасау. Тұрғын үй, сапалы ипотека және автомобиль өнеркәсібі іргелес өндірістер мен қызметтердің дамуын қамтамасыз ететін маңызды өсу нүктелері болып қала береді. Үкіметтің басты міндеті – еңбек өнімділігін арттыру және экономиканың негізгі секторларында азаматтардың нақты табысын арттыру», – деді Серік Жұманғарин.
Ұлттық банк: сұранысты қайта ынталандырудың қажеті жоқ
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов қазіргі жағдайда қосымша ақша құю немесе тұтынуды күшейту инфляцияны қайта жеделдетуі мүмкін екенін айтты.
Оның сөзінше, бөлшек сауда белсенділігі сақталғанымен, тұтынушылық несиелердің баяулауы – алдын ала жоспарланған саясаттың нәтижесі.
«ҚНРДА-мен бірлесіп іске асырылған шаралар кешені инфляция драйверінің бірі болған кепілсіз несиелердің нормативтен тыс өсуін тоқтатуға мүмкіндік берді. Бұл ретте біз барынша салмақты әрекет етеміз. Қазіргі уақытта қабылданған шаралардың нәтижесін талдау негізінде біз БЖК және ҚТК бойынша талаптарды қатаңдатудан бас тарту, сондай-ақ ипотека бойынша СЭС төмендетпеу туралы бірлескен шешім қабылдадық. Бұдан басқа, экономикадағы жиынтық сұраныс қазір инвестициялардағы оң үрдіс есебінен қолдау табуда, онда инвестицияның 70%-дан астамы жеке секторға тиесілі», – деді Тимур Сүлейменов.
Банктер енді бизнеске көбірек қаржы бөлуі тиіс
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі корпоративтік секторда күрделі тәуекел байқалмайтынын мәлімдеді.
Агенттік төрағасының орынбасары Дәурен Сәлімбаевтың айтуынша, кепілсіз тұтынушылық несиелер бойынша дефолт деңгейі шамамен 1,5% көлемінде қалып отыр.
Сонымен қатар мемлекет банктерге шағын және орта бизнесті қаржыландыруды тиімдірек ету үшін бірқатар жеңілдік енгізген.
«NPL 90+ қалдықтарының жалпы көлемінің өсуі өткен кезеңдердің жинақтаушы көрсеткіші және жаңадан берілетін қарыздардың сапасын көрсетпейді. Біз жеке тұлғалардың кепілсіз несиелері бойынша 1,5% бақыланатын деңгейде болатын дефолт-рейтингке назар аударамыз. Корпоративтік секторда және ШОБ-та портфельдердің жүйелі нашарлауы да тіркелмейді. Сонымен бірге Агенттік бизнесті макропруденциалды ынталандырудың белсенді саясатын жүргізуде: ШОБ кредиттері үшін тәуекел-салмақтау коэффициенті 50%-ға дейін төмендетілді. Бұл нақты секторды қаржыландыру үшін банктердің капиталын босатады», – деді ол.
Маркетплейстерге жаңа талап қойылады
Кездесуде тағы бір маңызды мәселе – электрондық сауданың қарқынды дамуы болды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы e-commerce көлемі 3,77 триллион теңгеге жеткен.
Сарапшылардың пікірінше, маркетплейстер бүгінде жай ғана сауда алаңы емес, қаржылық экожүйеге айналып келеді. Сондықтан мемлекет BNPL (бөліп төлеу) қызметтерін заң жүзінде реттеуді күшейтпек.
Жаңа түзетулерге сәйкес, егер сатып алуды қаржыландыруға үшінші тарап қатысса, ол банк болмаса да, тұтынушы алдындағы жауапкершілікті толық атқаруға міндетті болады.
Сондай-ақ маркетплейстердегі жасырын комиссияларға, тәуекелдерді бөлуге және тұтынушылардың құқықтарын қорғауға қатысты бірыңғай ережелер әзірленеді.
Салықтық жеңілдіктер де қайта қаралады
Талқылауда мемлекеттік қолдау тетіктері де сөз болды.
Қатысушылар мерзімсіз салықтық жеңілдіктер тәжірибесінен біртіндеп бас тарту қажет деген ортақ пікірге келді.
Енді мемлекеттік преференциялар нақты өндіріс ашатын, инвестиция құятын және есептілікті ашық жүргізетін жобаларға ғана берілуі тиіс. Ал экономикалық тұрғыдан тиімсіз жобаларды субсидиялау тәжірибесі қысқармақ.
Қорытынды: басты басымдық – өнімділік пен нақты экономика
Кездесу қорытындысында қатысушылар Қазақстанның қазіргі макроэкономикалық жағдайы тұрақты екенін атап өтті. Тұтынушылық несиелердің баяулауы экономикадағы әлсіреудің белгісі емес, бірнеше жыл бойы жоғары қарқынмен өскен нарықтың табиғи теңгерімге келуі ретінде бағаланды.
Алдағы кезеңде Үкімет, Ұлттық банк және қаржы реттеушісі экономикалық саясатты инфляцияны төмендетуге, еңбек өнімділігін арттыруға, өндірісті кеңейтуге және нақты секторды қаржыландыруға бағыттайды.
Осы мақсатта жақын уақытта «Бәйтерек» холдингі, екінші деңгейлі банктер және мемлекеттік органдар қатысатын жеке кездесу өткізіліп, экономика салалары бойынша жобаларды қаржыландырудың нақты тетіктері талқыланбақ.



