Алатау қаласы Қазақстандағы ең ауқымды урбанистикалық жобалардың біріне айналуға жақын.
Мұнда жасанды интеллект, смарт-технологиялар, криптоэкономика және халықаралық инвестициялар тоғысатын жаңа экономикалық орталық қалыптастыру жоспарланып отыр, деп хабарлайды DKNews.kz.
Осы бағыттағы жұмыстардың барысы Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Алатау қаласы кеңесінің алғашқы отырысында қаралды.
Жиында «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заңды іске асыру және жаңа қаланы дамытудың келесі кезеңі талқыланды.
Премьер-министр бұл жобаның жай ғана жаңа қала салу емес, ел экономикасының жаңа өсу нүктесін қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.
«Негізгі заңмен бірге «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заң күшіне енді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Alatau City жобасы экономикалық даму драйверлерінің бірі болуға тиіс. Мемлекет басшысының Жарлығымен Алатау қаласының кеңесі құрылды. Кеңестің негізгі міндеті – арнаулы құқықтық режимді уақтылы және сапалы іске асыруды қамтамасыз ету», — деді Олжас Бектенов.
Алатау қандай қалаға айналады?
Кеңесте Alatau City Authority ұйымының бас атқарушы директоры Алишер Абдықадыров қаланы дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Қазіргі таңда жаңа қаланың құқықтық базасы қалыптастырылып жатыр. Сонымен қатар ұзақмерзімді даму стратегиясы, мемлекеттік басқарудың жаңа моделі және инвесторларды тарту тетіктері әзірленуде.
Алатау құрамына кіретін Ынтымақ, Қоянқұс, Жетіген, Жаңадәуір және Жаңаталап шағын аудандарында инженерлік және көлік инфрақұрылымын жаңарту жалғасуда.
Биылғы жылдың соңына дейін әлемдегі жетекші консалтингтік компаниялар — ARUP пен BCG қатысуымен 2040 жылға дейінгі даму стратегиясы мен мастер-жоспар әзірленбек. Сонымен бірге қаланың 2055 жылға дейінгі ұзақмерзімді даму жоспары дайындалады.
AI, смарт-қала және криптоэкожүйе
Алатау бірнеше инновациялық бағыт бойынша дамытылады.
K-Smart City жобасы аясында Оңтүстік Корея тәжірибесіне сүйене отырып, 330 гектар аумақта толықтай өзін-өзі қамтамасыз ететін смарт аудан салу көзделген.
Alatau AI-Driven City тұжырымдамасы қаланың барлық негізгі процестерін нақты уақыт режимінде басқаруға мүмкіндік береді. Ол үшін цифрлық сыңар, Big Data және жасанды интеллект технологиялары қолданылады.
Ал Alatau Crypto City жобасы Web3 инфрақұрылымын қалыптастыруға бағытталған. Мұнда активтерді токенизациялау және цифрлық экономиканы дамытуға арналған жобалар іске қосылады.
2 триллион теңгелік инвестициялық портфель
Бүгінде Alatau City Authority жалпы құны 2 триллион теңгені құрайтын 53 инвестициялық жобаны қалыптастырған. Бұл жобалардың нәтижесінде 51 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр.
Ең ірі жобалардың қатарында:
құны 1 миллиард доллардан асатын Iconic Complex;
PepsiCo өндірісі;
Mars зауыты;
Hyundai Green Food өндірістік кешені;
Khan Tengri Biopharma биофармацевтикалық зауыты;
AutoFlight және Joby компанияларымен бірлескен қалалық әуе мобильдігі жобалары;
KAIST университетінің кампусын салу бастамасы бар.
2026 жылдың соңына дейін алғашқы токенизация жобаларын іске қосу, жаңа резиденттер тарту және виртуалды әрі нақты экономиканы біріктіретін цифрлық экожүйе қалыптастыру жоспарланып отыр.
Қаланы басқарудың жаңа жүйесі енгізіледі
Кеңес отырысының қорытындысында Алатауды басқарудың жаңа құрылымы бекітілді.
Alatau City Authority туралы ереже қабылданып, ұйым Алатау қаласының жұмыс істеуі мен дамуына жауап беретін мемлекеттік орган ретінде қайта ұйымдастырылады.
Сонымен қатар:
Жедел комитет құрылады;
Реттеуші комиссия жұмысын бастайды;
Алатау қаласы әкімдігі жанынан Жер қатынастары жөніндегі уақытша комиссия жасақталады.
Бұл комиссия мастер-жоспар толық бекітілгенге дейін басым инвестициялық жобаларды сүйемелдеумен айналысады.
Жұмыстар жеделдетіледі
Отырыс соңында Премьер-министр барлық мемлекеттік органдар мен Alatau City Authority алдына нақты міндеттер қойды.
Негізгі тапсырма — Алатаудың жаңа құқықтық режимін толық іске қосып, инвестициялық жобаларды жеделдету және қаланы халықаралық стандарттарға сай дамытуды қамтамасыз ету.
Егер жоспарланған бастамалар толық жүзеге асса, Алатау алдағы жылдары Қазақстанның технологиялық, инвестициялық және инновациялық дамуындағы ең маңызды орталықтардың біріне айналуы мүмкін.
«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.