Орталық Азия бүгінде үлкен инвестициялық жарыстың алаңына айналды.
Аймақ елдері жаңа реформалар ұсынып, салықтық жеңілдіктер енгізіп, инфрақұрылымға миллиардтаған қаржы құйып жатыр, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бірақ халықаралық капиталдың таңдауы әзірге өзгерген жоқ: шетелдік инвестициялардың негізгі бөлігі әлі де Қазақстанға бағытталуда.
Сарапшылар мұны жай ғана статистика емес, инвесторлардың нақты сенімінің көрсеткіші деп бағалайды.
Капитал сөзге емес, нәтижеге сенеді
Экономикада әдемі стратегиялар мен әсерлі презентациялар маңызды болғанымен, инвесторлар үшін ең басты өлшем – қауіпсіздік пен болжамдылық. Капитал қай елде өзін қорғалған сезінсе, сол жаққа барады.
Соңғы жылдары дәл осы қағида Қазақстанның пайдасына жұмыс істеп отыр.
UNCTAD деректеріне сәйкес, 2024 жылдың қорытындысында Орталық Азия елдерінде жинақталған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 220,5 миллиард долларды құрады. Оның 151,3 миллиард доллары немесе шамамен 69 пайызы Қазақстанға тиесілі.
Ал Қазақстан Ұлттық банкінің мәліметінше, 2025 жылы бұл көрсеткіш 156,4 миллиард долларға дейін өскен.
Бұл Қазақстанның аймақтағы негізгі инвестициялық орталық мәртебесін сақтап отырғанын көрсетеді.
Көршілермен салыстырғанда айырмашылық қандай?
Аймақтағы басқа мемлекеттер де инвестиция тартуға белсенді кіріскен.
Алайда көлем жағынан айырмашылық әлі де айқын.
- Қазақстан – 156,4 млрд доллар
- Түрікменстан – 44,6 млрд доллар
- Өзбекстан – 16,7 млрд доллар
- Қырғызстан – шамамен 4 млрд доллар
- Тәжікстан – шамамен 4 млрд доллар
Бұл көрсеткіштер халықаралық капиталдың негізгі бағыты Қазақстан болып отырғанын аңғартады.
Қазақстанның қандай артықшылықтары бар?
Шетелдік инвестор үшін ең маңызды нәрсе – саяси тұрақтылық, заңнаманың түсініктілігі, сенімді қаржы жүйесі және ірі нарық.
Осы бағыттардың көпшілігінде Қазақстан өңірдегі жетекші позициясын сақтап келеді.
Бүгінде елдің жалпы ішкі өнімі 306 миллиард долларға жетіп, Орталық Азиядағы ең ірі экономика саналады. Аймақ экономикасының жартысынан астамы Қазақстанның үлесіне тиесілі.
Сонымен қатар елде өңірдегі ең қуатты банк жүйесі қалыптасқан.
Банк активтері 140 миллиард долларға жуықтады, ал депозиттердің көлемі көптеген көрші мемлекеттердің көрсеткішінен бірнеше есе жоғары.
Мұның бәрі халықаралық компаниялар үшін қосымша сенімділік факторы болып отыр.
Инвесторлар Қазақстаннан не іздейді?
Соңғы жылдары Қазақстан өндірістік инвестицияларға ерекше көңіл бөліп келеді.
Жаңа индустриялық жобаларға, өндірістерді жаңғыртуға және арнайы экономикалық аймақтарды дамытуға басымдық берілуде.
Өзбек экономисі, Profi University университетінің «Экономика және нақты пәндер» кафедрасының доценті Шухрат Бобохужаев Қазақстанның осы бағыттағы саясатын жоғары бағалайды.
«Біз Қазақстанның өнеркәсіп инвесторларын тартуға көп көңіл бөлетінін көріп отырмыз. Мұны соңғы екі жылдағы ауқымды реформалар растайды. Осы өзгерістердің арқасында ел жыл сайын шамамен $25 млрд тікелей шетелдік инвестиция тартады. Елдің ірі халықаралық бизнес үшін тартымдылығының негізгі факторларының бірі – ауқымды мемлекеттік қолдау және капиталды қорғау. Бұл жердегі сөз арнайы экономикалық аймақтар аясында 10–12 жылға дейін корпоративтік табыс салығынан, жер салығынан және мүлік салығынан босату түріндегі салықтық жеңілдіктер туралы болып отыр. Инвесторлардың құқықтарын қорғауға көп көңіл бөлінеді, бұл бизнес үшін өте маңызды», – дейді Шухрат Бобохужаев.
Алдағы жылдары қандай өзгеріс болуы мүмкін?
Сарапшылардың болжамынша, Қазақстанның инвестициялық әлеуеті алдағы жылдары да арта береді.
Экономиканы әртараптандыру, жаңа өнеркәсіптік жобалар, атом энергетикасын дамыту және адами капиталдың сапасын арттыру жаңа капиталды тартудың негізгі драйверлеріне айналмақ.
Ресейлік экономист Андрей Лобода осы бағыттағы болжамын былай түсіндіреді:
«Қазақстан экономикасының нақты және қаржы секторына инвестициялардың өсуі жалғасатыны анық. Экономиканы әртараптандыру, атом энергетикасын дамыту және адами капитал сапасының жоғары деңгейі ТМД-дағы позицияларын нығайту үшін қосымша драйверлер болады. Таяудағы үш жылдың көкжиегінде Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялар көлемінің өсуі жыл сайын $15–30 млрд аралығында болуы мүмкін».
Тағы бір маңызды көрсеткіш
Экономиканың қаншалықты дамып жатқанын көрсететін негізгі индикаторлардың бірі – негізгі капиталға салынған инвестициялар.
Бұл көрсеткіш жаңа зауыттардың салынуын, инфрақұрылымның жаңаруын және өндірістердің кеңеюін көрсетеді.
2021–2025 жылдары Қазақстан негізгі капиталға 187,9 миллиард доллар инвестиция тартқан.
Салыстыру үшін:
- Өзбекстан – 164,1 млрд доллар
- Қырғызстан – 12,6 млрд доллар
- Тәжікстан – 9,5 млрд доллар
Бұл да Қазақстанның өңірдегі инвестициялық көшбасшылық позициясын растайды.
Капитал ең сенімді бағытты таңдайды
Қазіргі әлемде инвестиция үшін күрес бұрынғыдан да күшейді. Халықаралық компаниялар шешім қабылдағанда ең алдымен тәуекел деңгейіне, мемлекеттік институттардың тиімділігіне және бизнесті қорғау тетіктеріне назар аударады.
Қазақстан әзірге осы көрсеткіштердің басым бөлігінде көршілерінен алда келеді.
Сондықтан халықаралық капиталдың негізгі бөлігі дәл осы елге бағытталуда.
Өйткені қазіргі экономикада инвесторлар реформалар туралы көп айтатын мемлекеттерді емес, реформалары нақты нәтиже беріп жатқан елдерді таңдайды.