Қазақстанның мемлекеттік шекарасындағы автомобиль өткізу бекеттері алдағы жылдары мүлде жаңа форматта жұмыс істеуі мүмкін. Үкімет шекарадағы инфрақұрылымды түбегейлі жаңғыртуға кірісіп, өткізу қабілетін бірнеше есе арттыруды, көлік кептелісін азайтуды және жолаушылар мен жүк тасымалының қозғалысын жылдамдатуды көздеп отыр.
Бұл мәселе Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен арнайы кеңесте қаралды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Жиын Мемлекет басшысының шекара маңы инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында ұйымдастырылды.
Кеңеске Көлік, Қаржы, Өнеркәсіп және құрылыс министрліктерінің, ҰҚК Шекара қызметінің, сондай-ақ «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының өкілдері қатысты. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе – автомобиль өткізу пункттерін қайта жаңарту және оларды заманауи технологиялармен жабдықтау жобаларының жүзеге асырылу барысы болды.
Шекарадан өту жеңілдей ме?
Соңғы жылдары Қазақстанның халықаралық автокөлік дәліздері арқылы өтетін жүк көлемі тұрақты түрде өсіп келеді. Осыған байланысты өткізу бекеттеріндегі ұзын-сонар кезек пен рәсімдердің баяулығы бизнеске де, қарапайым азаматтарға да қиындық туғызатыны жасырын емес.
Осы мәселені шешу үшін Үкімет өткізу бекеттерін тек жөндеп қана қоймай, оларды халықаралық талаптарға сай қайта қалыптастыруды жоспарлап отыр.
Нұрлыбек Нәлібаев жаңғырту жұмыстарының стратегиялық маңызын атап өтті.
«Өткізу пункттерін жаңғырту елдің транзиттік әлеуетін арттырудың, бақылаудан өту уақытын қысқартудың және азаматтар мен бизнес үшін қолайлы жағдай жасаудың негізгі шарты болып табылады».
Бірыңғай дизайн және жаңа талаптар
Кеңес қорытындысы бойынша Көлік министрлігіне Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен, «ҚазАвтоЖол» ҰК және ҰҚК Шекара қызметімен бірлесіп барлық эскиздік жобаларды қайта қарау тапсырылды.
Жаңа жобаларда қазіргі заманғы қасбеттік материалдарды пайдалану, жолаушылар мен жүк ағындарын тиімді ұйымдастыру, сондай-ақ барлық автомобиль өткізу пункттері үшін бірыңғай дизайн-код енгізу көзделіп отыр. Бұл шекара инфрақұрылымының сыртқы келбетін ғана емес, оның жұмыс тиімділігін де арттыруға мүмкіндік береді.
Құрылыс барысы Үкіметтің бақылауында
Жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдарға құрылыс жұмыстарының сапасын қатаң бақылау, белгіленген мерзімдердің сақталуын қамтамасыз ету және жаңғырту жұмыстарының барысына тұрақты мониторинг жүргізу тапсырылды.
Мамандардың айтуынша, толық ауқымды жаңғырту аяқталғаннан кейін автомобиль өткізу бекеттерінің өткізу қабілеті бірнеше есеге өседі. Соның арқасында шекаралық және кедендік бақылаудан өту уақыты қысқарып, халықаралық тасымалмен айналысатын кәсіпкерлер мен жолаушылар үшін әлдеқайда қолайлы әрі қауіпсіз жағдай қалыптасады.
Қазақстан үшін бұл жоба тек инфрақұрылымды жаңарту емес. Бұл – елдің транзиттік мүмкіндігін күшейтіп, халықаралық көлік бағыттарындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Үкіметтің мәліметінше, мемлекеттік шекарадағы автомобиль өткізу пункттерін жаңғырту жобалары ерекше бақылауда болады және олардың іске асырылу барысы тұрақты түрде қадағаланады.

