Балқаш көліндегі қарапайым демалыс бір сәтте адам өмірі үшін күреске айналды.
Жағажайда демалып жүрген әйелдің жанұшыра шыққан даусын естіген Ұлттық ұлан офицері еш ойланбастан суға секіріп, батып бара жатқан баланы құтқарып қалды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Барлығы бірнеше секундта болған
Оқиға 15 шілде күні сағат 15:30 шамасында Қарағанды облысының Шұбар түбек кентіндегі ашық жағажайда болған.
Куәгерлердің айтуынша, бір сәтте суға батып бара жатқан баланы көрген анасы көмек сұрап айқайлаған.
Дәл сол маңда еңбек демалысында жүрген Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5510 әскери бөлімінің броньды танк қызметінің бастығы, майор Дияр Жақыпов болған.
Ол еш кідірместен суға секірген.
«Адам өмірінен артық қандай құндылық бар?»
Майордың айтуынша, ол сол сәтте тек бір нәрсені ойлаған.
«Біз отбасымызбен жағажайда демалып жатқанбыз. Кенет: "Көмектесіңдер! Баламды құтқарыңдаршы!" деп айқайлаған әйел адамның шарасыз даусын естідім. Бірден жүгіріп барсам, бір бала суға батып бара жатыр екен. Баланың бөтені жоқ қой. Ойланбастан суға секірдім де, жылдам жүзіп бардым. Адам өмірінен артық қандай құндылық бар?! Сол кездегі бар ойым — уақыт жоғалтпай баланы құтқару болды. Шүкір, аман-есен жағаға шығарып, анасына тапсырдым», – дейді Дияр Жақыпов.
Баланың өміріне қауіп жоқ
Офицердің батыл әрі жедел әрекетінің арқасында қайғылы жағдайдың алдын алу мүмкін болды.
Қазіргі таңда баланың жағдайы жақсы. Дәрігерлердің мәліметінше, оның өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.
Ұлттық ұлан қазақстандықтарға үндеу жасады
Оқиғадан кейін Ұлттық ұлан азаматтарды судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырды.
Әсіресе балаларды қараусыз қалдырмау, тек арнайы жабдықталған жағажайларда шомылу және қауіпсіздік талаптарын орындау мұндай қайғылы оқиғалардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Балқаштағы бұл оқиға кейде адам өмірін сақтап қалу үшін батылдықпен бірге бірнеше секундтың да шешуші рөл атқаратынын тағы бір рет дәлелдеді.