«Семей орманындағы» орман өртіне байланысты лагерьден 190 бала эвакуацияланды

638
Анастасия Ким Редактор
Фотосурет: Gov

Абай облысіндегі «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында шыққан өртке байланысты құтқарушылар мен күштік құрылымдар күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.

Қауіпсіздік мақсатында балалар лагері толықтай эвакуацияланып, тілсіз жауды ауыздықтауға авиация да тартылды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Абай облысындағы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының Бородулиха филиалына қарасты Камышенка орманшылығының 57-орамында орман өрті тіркелді. Қазір өртті сөндіру жұмыстары Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің жедел бақылауында.

Өрттің таралуына жол бермеу үшін оқиға орнына бірден бірнеше мемлекеттік органның күштері жұмылдырылды. Атап айтқанда, жұмыстарға ҚР ТЖМ, Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Қорғаныс министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Абай облысы әкімдігінің мамандары қатысып жатыр.

Балалар лагері алдын ала эвакуацияланды

Қауіпсіздік басты назарда болды. Осыған байланысты құтқарушылар Ішкі істер министрлігі мен Абай облысының әкімдігімен бірлесіп «DosBolLike» балалар лагерінің тәрбиеленушілері мен қызметкерлерін алдын ала эвакуациялады.

Семей қаласына барлығы 220 адам жеткізілді. Оның ішінде 190 бала және лагерьдің 30 қызметкері бар. Ресми мәлімет бойынша, эвакуация ұйымдасқан түрде жүргізіліп, адамдардың қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілген.

Өртті сөндіруге авиация жұмылдырылды

Тілсіз жаумен күресте авиация да белсенді қолданылып жатыр. Өрт ошақтарына әуе арқылы 81 рет су төгіліп, жалпы 89 тонна су тасталды.

Сонымен қатар өрт орнына Абай, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарынан және Астана қаласынан ТЖМ бөлімшелері жеткізілді. Жұмысқа «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының, «Ертіс орманы» орман шаруашылығының мамандары мен ТЖМ әскери бөлімінің жеке құрамы да қатысуда.

Алдын ала бағалау бойынша, өрт шарпыған аумақ шамамен 60 гектарды құрайды.

Жедел штаб құрылды

Барлық жұмыстарды үйлестіру үшін ҚР ТЖМ Жедел басқару орталығының базасында арнайы жедел штаб құрылды. Оның құрамына өртті сөндіруге қатысып жатқан барлық мемлекеттік органдардың өкілдері енгізілген.

Штаб жерүсті күштері мен авиацияның жұмысын үйлестіріп, жағдайға байланысты жедел шешімдер қабылдап жатыр.

Қауіпті аймақ қоршауға алынды

Полиция қызметкерлері өрт аумағын қоршауға алып, оқиға орнына апаратын жолдарды уақытша жапты. Бұл шешім өрт сөндіру техникасының кедергісіз қозғалуын қамтамасыз ету және азаматтардың қауіпсіздігін сақтау үшін қабылданған.

Сонымен қатар құқық қорғау органдары қоғамдық тәртіпті бақылап, тұрғындар уақытша қалдырған мүлікті күзету шараларын қолға алған.

Қазіргі таңда жағдай Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің жедел штабының толық бақылауында. Мамандар өрттің таралуына жол бермеу және оны толық сөндіру бағытындағы жұмыстарды тәулік бойы жалғастырып жатыр.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -