ХВҚ әлемдік ЖІӨ бойынша болжамдарын нашарлатты. Ал Қазақстанда жағдай қалай?

462
Фотосурет: Максим Золотухин/DKNews.kz

Шілде айында Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) әлемдік экономиканың дамуына қатысты жаңартылған болжамын ұсынды. Онда ағымдағы жылға арналған болжамдар өткен сәуір айындағы бағалаумен салыстырғанда сәл нашарлаған. Енді қор 2026 жылы әлемдік нақты ЖІӨ өсімі 3% деңгейінде (ал 2027 жылы 3,4% деңгейінде) болады деп болжап отыр. Баяулау, ең алдымен, Таяу Шығыстағы қақтығыстардың салдарына байланысты, дегенмен оның әсерін жасанды интеллектінің дамуы мен жаһандық технологиялық циклдің жеделдеуі ішінара өтеп отыр.

Айта кетерлігі, жалпы баяулау аясында ХВҚ-ның Қазақстанға қатысты болжамы әлемнің көптеген ірі экономикаларына қарағанда айтарлықтай жақсы көрінеді. Қор 2026 жылы еліміздің нақты ЖІӨ-сі 4,6%-ға, ал 2027 жылы 4,4%-ға өседі деп күтеді.

Шолуда ұсынылған жекелеген экономикалардың ішінде 2026 жылы тек Үндістан (6,4%), Индонезия (5,0%) және Малайзия (4,7%) ғана жоғары өсім қарқынын көрсетеді деп күтілуде. Болжам бойынша Мысыр мен көршілес Қытайдың көрсеткіштері Қазақстанмен деңгейлес (дегенмен, ҚХР-дың 2027 жылға арналған болжамы қазақстандық көрсеткіштен әлсіздеу). Бұл ретте басқа да ірі экономикалардың көпшілігінде өсу қарқыны анағұрлым төмен болады деп күтіледі: АҚШ — 2,3%, Бразилия — 2,4%, Түркия — 2,9%, Польша — 3,4%, Мексика — 1,2%, Сауд Арабиясы — 1,7%, Ресей — 1,1%. Дамыған елдердің арасында ең жоғары өсім қарқыны тек Оңтүстік Кореяда (2,6%) болжанады, ал Австралияда 1,9%, Испанияда 2,1%, Канадада 1,1%, Ұлыбританияда 1%, Германияда 0,7%, Франция мен Жапонияда 0,6%-дан, Италияда небәрі 0,5% өсім күтілуде.

Жалпы алғанда, дамыған экономикалар 2026 жылы тек 1,7%-ға, ал Еуроаймақ 0,9%-ға өседі деп болжануда. Қалыптасып келе жатқан нарықтары бар елдер мен дамушы экономикалар орташа есеппен 3,8%, Азияның дамушы мемлекеттері — 5%, Латын Америкасы және Кариб бассейні — 2,4%, Сахараның оңтүстігіндегі Африка — 4,3% өсім көрсетеді. Таяу Шығыс аймағындағы қақтығыстар мен тұрақсыздыққа байланысты Таяу Шығыс және Орталық Азия өңірі үшін 2026 жылға арналған болжам бар болғаны 0,7%-ды құрайды.

Тағы бір маңызды фактор: шілде айындағы болжамдарды қайта қарау нәтижесі көптеген ел экономикасы үшін қолайсыз болып шықты. ХВҚ Еуроаймақ, Германия, Франция, Жапония, Канада, Түркия, Мексика, Сауд Арабиясы және басқа да бірнеше ел бойынша болжамды нашар деп көрсетті. Алайда, Қазақстан үшін болжамдар сәуір айындағы көрсеткіштермен салыстырғанда өзгеріссіз қалды. Бұл сақталып отырған жаһандық беймәлімділікке қарамастан, ХВҚ Қазақстан экономикасының болашағын тұрақты деп бағалауды жалғастырғанын көрсетеді.

Some Image

Халықаралық сарапшылардың болжамы Қазақстандағы қазіргі жағдаймен үндеседі. Мәселен, ҚР премьер-министрінің орынбасары, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің осы аптадағы Үкімет отырысында ұсынған мәліметтеріне сай 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша ел экономикасының өсімі қаңтар–мамыр айларымен салыстырғанда 0,4 пайыздық тармаққа үдеп, 4,1%-ды құрады. Жыл басынан бері бұл динамика жүйелі түрде артып келеді: егер қаңтар айының қорытындысы бойынша өсім небәрі 0,5%-ды құраса, қаңтар–ақпан айларында — 1,8%-ға, қаңтар–наурыз айларында — 3,0%-ға, қаңтар–сәуір айларында — 3,6%-ға, ал қаңтар–мамыр айларында — 3,7%-ға жетті. Айта кетейік, Қазақстанда 2026 жылға жоспарланған экономикалық өсім межесі 6%-ды құрайды, бұл ХВҚ болжамынан жоғары.

Экономиканың жеделдеуіне нақты сектор көрсеткіштерінің жақсаруы басты себеп болды. Бұл сектордың өсу қарқыны қаңтар-мамыр айларының қорытындысы бойынша 4,0%-дан жартыжылдық қорытындысы бойынша 5,1%-ға дейін артты. Қызмет көрсету секторында да оң үрдіс сақталуда: көрсетілген қызметтер көлемі 3,5%-ға өсті.

Экономиканың негізгі қозғаушы күші ретінде жыл басынан бері тұрақты түрде 5%-дан астам өсім көрсетіп келе жатқан мұнайдан тыс сектор қалып отыр. Ең жоғары қарқын құрылыс (15,2%-ға), өңдеу өнеркәсібі (9,8%-ға), көлік қызметтері (7,1%-ға) және сауда (5,7%-ға) салаларында байқалды. Дәл осы салалар ЖІӨ-нің жалпы өсімінің шамамен 85%-ын қамтамасыз етті. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің қосқан үлесі — 1,26 п. т., сауданікі — 0,93 п. т., құрылыстікі — 0,79 п. т., көліктікі — 0,48 п. т. құрады. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы (4,4%-ға) мен байланыс қызметтерінде де (4,3%-ға) тұрақты өсім сақталып отыр.

Экономиканың тағы бір маңызды қозғаушы күші — өңдеу өнеркәсібі. Қаңтар–маусым айларының қорытындысы бойынша бұл сектордағы өндіріс 9,8%-ға ұлғайған. Бұл қаңтар–мамыр көрсеткішінен 0,8 п. т. жылдам. Өндіріс өсімі Қазақстанның 20 өңірінің 17-сінде тіркелді. Ең жоғары көрсеткіш Түркістан (50,8%-ға), Маңғыстау (38,9%-ға) облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында (28,5%-ға), Жетісу (27,8%-ға) және Жамбыл (25,7%-ға) облыстарында байқалды. Өндіріс көлемінің төмендеуі тек Ақмола (7,6%-ға), Шығыс Қазақстан (4,8%-ға) және Батыс Қазақстан (0,8%-ға) облыстарында ғана тіркелді.

Саланың өсуіне ең үлкен үлесті машина жасау өндірісі (+23,1%) қосты, оның ішінде автомобиль жасау (+31,6%) мен электр жабдықтарын шығару (+22,1%) айтарлықтай өсті. Сондай-ақ фармацевтика өнімдері (43,6%-ға), металл бұйымдары (39,9%-ға), химия өнімдері (20,7%-ға), тамақ өнімдері (14,7%-ға), құрылыс материалдары (14,1%-ға) және сусын (4,4%-ға) өндірісі жоғары қарқынмен өскенін көрсетті. Металлургиядағы нақты көлем индексі (НКИ) қаңтар–мамыр айларының қорытындысы бойынша 95,5%-дан 97,3%-ға дейін жақсарды, бұл ретте қара металлургия 3,6%-дық өсіммен оң нәтижеге шықты.

Some Image

Атап өтуге тұрарлық тағы бір жағымды жайт — инвестициялар. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 9,6%-ға артып, 9,5 трлн теңгеге жетті. Бұл ретте жеке күрделі салымдар бірден 21,4%-ға өсіп, 8,2 трлн теңгені құрады, ал олардың жалпы инвестиция көлеміндегі үлесі 87%-ға жетті.

Күрделі салымдардың ең жоғары өсімі ақпарат және байланыс саласына (2,3 есе), құрылысқа (38,7%-ға), өңдеу өнеркәсібіне (33,3%-ға), ауыл шаруашылығына (24,6%-ға) және көлік саласына (11,6%-ға) тиесілі. Өңірлер арасында Ұлытау (99,2%-ға), Жамбыл (59,6%-ға), Түркістан (44,4%-ға) және Абай (23,2%-ға) облыстары көш бастады. Ал инвестиция көлемінің төмендеуі Жетісу облысында (21,6%-ға) және Шымкент қаласында (20%-ға), сондай-ақ Қарағанды (10,3%-ға) мен Солтүстік Қазақстан (3,2%-ға) облыстарында тіркелді.

Қазіргі уақытта елде бірқатар ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Олардың қатарында, мысалы, құны 51,3 млрд теңге болатын «Ақсу Қант» ЖШС мен «Көксу қант зауыты» ЖШС қант зауыттарын жаңғырту, құны 1,3 трлн теңге болатын «Консолидированная строительная горнорудная компания» ЖШС тау-кен байыту комбинатының құрылысы, құны 8,2 млрд теңге болатын арматура шығаратын «Steelers» ЖШС металл прокаты зауытын ұйымдастыру, сондай-ақ құны 6,7 млрд теңге болатын пакеттелген кофе мен шай шығаратын «MacCoffee» зауыты бар. Энергетика саласында Қора ГЭС-2, Көксу өзеніндегі ГЭС, «Қойлық» ГЭС және т. б. нысандардың құрылысы жүріп жатыр.

Инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру да жалғасуда. Мәселен, көлік саласында ұзындығы 64 шақырым, құны 46,6 млрд теңге болатын Алтынкөл — Жетіген учаскесін жаңғырту және құны 15 млрд теңге болатын Алматы — Талдықорған тас жолының учаскесін қайта жаңарту қарастырылған. Энергетика және коммуналдық секторды жаңғыртуға 27 млрд теңге бағытталды, оның ішінде 14,5 млрд теңге — электр энергетикасына, 6,5 млрд теңге — жылумен жабдықтауға, 6 млрд теңге — сумен жабдықтау және су бұру жүйелеріне бөлінді. Бұл — атқарылып жатқан жобалардың бір бөлігі ғана.

Осылайша, Қазақстанда Мемлекет басшысы белгілеп берген тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету және экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытын іске асыру жалғасуда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің негізгі міндеттері экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту, цифрландыру және инвестиция тарту болуы тиіс екенін бірнеше рет атап өткен болатын. Өзекті мақсаттардың қатарында жедел дамитын цифрлық мегаполистерді, инновациялық кластерлер мен жоғары өнімді индустрияларды құру бар. Мұндай бастамалардың сәтті жүзеге асуы елдің тұрақты экономикалық өсімінің жаңа моделін қалыптастыруды қамтамасыз етеді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -