Цифрлық технологиялардың арқасында еңбекті қорғау мен еңбек қауіпсіздігі көптеген ірі қазақстандық кәсіпорындарда бақылаудың жаңа деңгейіне көтерілді. Олардың қатарында «Самұрық-Энерго» АҚ құрамына кіретін кәсіпорындар да бар.
Бұл әсіресе жұмыс жағдайы қауіпті әрі зиянды кәсіпорындар үшін өте өзекті. Цифрлық мониторинг пен бақылау жұмыстағы ауытқулар мен төтенше жағдайларға ден қою уақытын барынша қысқартуға, сондай-ақ қызметкерлердің өндірістік қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауына қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Цифрлық технологиялар мен ЖИ жүйелерінің тиімділігіне 2024 жылы кешенді қауіпсіздік жүйесін іске қосқан «АлЭС» АҚ көз жеткізді. Мұнда бейнебақылау, кіруді бақылау және ұшқышсыз ұшу аппараттары (ҰҰА) тәулік бойы жұмыс істейтін әрі штаттан тыс жағдайларға шұғыл ден қоюға мүмкіндік беретін бірыңғай жүйеге біріктірілген. Компанияның барлық нысанындағы ахуалды үздіксіз мониторингтеу мақсатында қауіпсіздік техникасы мен еңбекті қорғаудың сақталуына мониторинг пен талдау жүргізетін жергілікті бақылау пункттері құрылған. Барлық жергілікті пункттен келетін бейнеақпарат бас кеңсенің Орталықтандырылған бақылау пунктінде қатар көрсетіледі. Бұл жағдайды қосарлы бақылауға мүмкіндік тудырады.
Компанияда түсіндірілгендей, бейнебақылау жүйесі TRASSIR жабдығының негізінде құрылған. Екі мыңға жуық камера орнатылып, 24/7 режимінде жұмыс істейтін бірыңғай бақылау орталығы ашылған. Бастапқыда оларды монитор арқылы оператор бақылайтын. Енді бұл функция автоматикаға жүктелген: жүйеге міндет қойылады да, ол оны алгоритм бойынша орындайды. Бақылау цех, зертхана және өзге де өндірістік учаске аумағына кірген сәттен бастап жұмыс орнына дейін және аумақтан шыққанға дейін жүргізіледі.
Ажыратымдылығы 5 Мп болатын заманауи бейнекамералар кескіннің жоғары детальділігін қамтамасыз етеді: кадрдағы беттің кеңістіктегі орны мен ракурсына қарамастан, адамның бет-әлпетін бірқалыпты тану, сондай-ақ автокөліктің нөмірін оқу және ажырату. Ал Face ID функциясы бар кіруді басқару және бақылау жүйесі (КББЖ) SIGUR жабдығы негізінде жасалған. Ол кіру топтарын, тегін тамақ беруді бақылау жүйесін, алкотестерлерді қамтиды. Бұл жүйелердің жұмысы жасанды интеллект секілді озық технологияларға негізделген.
«Бастапқыда компания басшылығы біздің алдымызға тек еңбекті қорғау жүйесін цифрландыру міндетін қойған болатын, – дейді «АлЭС» АҚ Қауіпсіздік басқармасының бастығы Рымғали Дөненбаев.
Айгүл Қорғанбаеваның суреті
– Еңбекті қорғау мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндетін орындадық. Содан кейін жүйені бүкіл компанияның қауіпсіздік құрылымына интеграциялап, оны дамыта бастадық. Бұл міндеттің жүзеге асуына біздің бірнеше жылдан бері Кайдзен жүйесін дамытып келе жатқанымыз ықпал етті. Қазір онымен барлық дерлік департамент жұмыс істейді. Жобаны дамыту сәтінде барлық цехта Кайдзенге сәйкес жасыл, сары, қызыл аймақтар анықталып, белгіленіп қойылған болатын. Сондай-ақ оларға кіру критерийлері де жазылған болатын. Сондықтан бізге бағдар түзеу, бағдарлама жазу, камераларды баптау қиынға соқпады,» - деді ол.
Мамандардың айтуынша, бастапқыда көптеген қызметкер жобаны түсінбей, бейнебақылау жүйесін жеке басын бақылау деп қабылдаған. Жаңашылдыққа бейімделу кезеңі шамамен үш айға созылды. Осы уақыт ішінде еңбекті қорғау және қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері энергетиктерге түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Қазір бәрі бейімделді, еңбек тәртібі жақсарды. Барлық жұмыскер жеке қорғаныс құралдарын пайдаланады, қатаң түрде арнайы киіммен жұмыс істейді, жұмыс орнында темекі шекпейді және оны таза ұстайды.
Компания еңбек заңнамасы мен қауіпсіздік техникасы ережелерінің орындалуын талап ете отырып, қызметкерлерге оларды орындауға мүмкіндіктер мен жағдайлар жасайды. Жуынатын және санитарлық бөлмелер, темекі шегуге арналған арнайы жабдықталған орындар, спорт алаңдары мен залдары, барлық дерлік өндірістік учаскелерде тегін тамақтануды ұйымдастыру – осының барлығы жұмысшылардың еңбек және демалыс жағдайларын жақсартуға бағытталған. Сондықтан ұжым жүйенің артықшылықтарын көріп отыр.
«Қызметкерлердің тізімдік құрамы негізінде ескірген карталық кіруді басқару жүйесін Face ID бар КББЖ-ға ауыстыру туралы шешім қабылданды, бұл көптеген процесті жеңілдетті, – дейді басқарма қызметкері Нартай Мұхаметбай. – КББЖ жүйесі барлық департаментте жұмыс істейді, мысалы, Face ID жұмысшы персоналды тегін тамақпен және сүтпен қамтамасыз ету үшін қолданылады. Бұл бұрынғы талон жүйесіне қарағанда жылдам әрі нақты жұмыс істейді. Face ID кәсіпорын аумағына кіруді ұйымдастырып, жеңілдетіп қана қоймай, оның аумағындағы қозғалысты да бақылайды: белгілі бір аймаққа тек қызметтік өкілеттігі бойынша рұқсаты бар адамдар ғана кіре алады. Нәтижелерге келетін болсақ, жүйені енгізе бастаған кездегімен салыстырғанда қауіпсіздік техникасы мен еңбек ережелерін бұзушылықтар саны оның жұмыс істеген бір жарым жылы ішінде шамамен 89%-ға азайды».
Ажыратымдылығы жоғары камералар жұмыскердің басында дулығаның бар-жоғын көріп қана қоймай, тіпті еңбек қауіпсіздігі тұрғысынан жабдыққа ілініп, төтенше жағдайға себеп болуы мүмкін түймесі ағытылған арнайы киімді де тіркеуге мүмкіндік береді. Қауіпсіздік мәселесінде ұсақ-түйек болмайды, деп мәлімдеді компания.
Жүйе өндірістік процестердегі ең ұсақ ауытқуларды «АлЭС» АҚ энергожүйесінің орталықтандырылған бақылау пультімен қатар бақылауда ұстайды. Рымғали Бекетайұлының түсіндіруінше, бұл ауытқуларға ден қою өте жылдам – 5-10 минут ішінде жүзеге асады. Бұл жерде іс-қимыл хаттамасы да, құрамына міндетті түрде медицина қызметкері кіретін әрекет ету тобы да нақты бекітілген. «Бізде екі деңгейлі бақылау бар: біріншіден, өз жүйеміз, екіншіден, орталықтандырылған бақылау пультінде де қызметкерлер отырады. Яғни біз тек жасанды интеллектке ғана сеніп отырған жоқпыз,» – деп нақтылады ол.

Жасанды интеллектінің арқасында қазір көптеген өндірістік мәселелер шешімін табуда. Мәселен, бас кеңседе құжаттаманы әлемнің кез келген қажетті тіліне автоматты түрде аудару жүйесі енгізілді. Бұдан да күрделі, кешенді шешімдер болды.
Алматы энергокешені өзінің сегіз өндірістік департаментінің де ерекшеліктерімен танымал. Олар әртүрлі уақытта салынған, әрқайсысында өз дәуіріне тән технологиялар мен жабдықтар қолданылған. Станциялар генерация түрі бойынша да ерекшеленеді: су, газ, көмір электр станциялары бар. Сондықтан жүйені осы күрделі өндіріске бейімдеу үшін мердігер ұйыммен ауқымды алдын ала жұмыс жүргізілді.
Шешімдер табылып, компания өндірісіне тән параметрлер көрсетілген тиісті техникалық ерекшелік жазылды. Содан кейін шарт жасалып, энергетиктердің ерекшеліктері мен талаптарын қамтитын бағдарламалық қамтамасыз ету ұсынылды.
«Жүйе іске қосылды. Мәселен, бұрын көмір мен күлдің мөлшерін анықтау үшін жеке маркшейдерлік қызметтерді жалдайтын едік, – деп мысал келтірді Рымғали Дөненбаев. – Енді біз нысандарды күзетуден бастап, маркшейдерлік қызметтерді көрсетуге дейінгі бірнеше функцияны орындайтын ұшқышсыз ұшу аппараттарын сатып алдық. Бізде температурасы өте жоғары қазандық цехтары бар, онда адам ұзақ тұра алмайды. Біз сол жерге тепловизоры бар камералар орнатып, температураға қарамастан, процестің өзін бақылай аламыз. Ал технологиялық бұзушылықтар туындаған жағдайда, процестерді тікелей қадағалайтын жеке диспетчерлік орталығымыз бар».
Біз сондай-ақ кәсіпорын аумағына біреудің кірген-кірмегенін нақты уақыт режимінде анықтай алатын лазермен бағытталатын камералары бар бейнебақылау жүйесіне көшу арқылы, дәстүрлі периметрлік дабылды қолдану қажеттілігін жойғымыз келеді. Осылайша, біз қалыптасқан күзет жүйесін өзгертеміз. Ал ҰҰА арқасында күзет қызметкерлеріне тәулігіне 24 сағат бойы аумақты аралап шығудың қажеті болмайды. Себебі ҰҰА барлық нысанды оңай бақылауда ұстайды, ал оның видеоаналитикамен үйлескен оптикалық зумы нысанды жақындатып, бет-әлпетті егжей-тегжейлі тануға мүмкіндік береді.
ҰҰА DJI DOCK2 док-станциясынан бапталып, әуеге көтеріледі. Ол қайта қуаттаусыз 25 минут бойы 25 м/с жылдамдықпен ұшып, радиусы 30-40 км аумақты бақылауда ұстай алады. Аппараттарға орнатылған түнгі көру камералары адамды оңай көруге, көлік нөмірін анықтауға мүмкіндік береді. Айқын түсірілім радиусы – 200 м. Барлық ақпарат серверде сақталады, бұл аналитикалық және анықтамалық мәліметтер дайындауға жол ашады.
Цифрландыру және ЖИ қолдану жұмыстары жалғасып жатыр. Қауіпсіздік басқармасының қызметкері Галина Кисиленко хабарлағандай, жобаны ЖИ пайдалана отырып одан әрі дамыту және оны тікелей өндірісте қолдану бойынша арнайы топ құрылды.
«Кез келген цехта қысымды, температураны, су деңгейін және тағы басқа көрсеткіштерді өлшейтін көптеген датчик бар. Автоматтандыру жүйесі болғанымен, оның бәрі ескірген, – деп атап өтті ол. – Оператор аналитикалық сипаттамалары бар аспаптардың көпшілігінен көрсеткіштерді жазып алып, әрі қарай тізбек бойынша жібереді. Басты басқару тақталары – ББТ-да кейбір аспаптар көрсеткіштерге байланысты қолмен реттеледі.
Ендігі міндет – көрсеткіштерді үздіксіз алу үшін аналитикалық аспаптарға ЖИ қолданылатын қосымша заманауи жабдықты қосу. Оларды жай ғана жинап, жіберіп қана қоймай, болжамды қорытындылар жасау керек. Мәселен, ЖИ рұқсат етілген мәндерден ауытқуды – қатты дірілді, осы учаскеге тән емес қысымның ауытқуын және т.б. сезуі мүмкін».
Компания мамандары мұның бәрі еңбек қауіпсіздігін арттыруға септігін тигізетініне сенімді. Сонымен қатар, ЖИ мен болжамды аналитикасы бар жаңа технологияларды пайдалану энергия өндіруші жабдықты сыртқы араласудан қорғаудың түбегейлі жаңа деңгейін талап етеді. Бұл тек ақпараттық қауіпсіздік әдістері ғана емес, сондай-ақ киберқорғаныстың сенімді контурын құруды талап етеді.
Станцияларды жаңғырту барысында компанияда деректерді бір бағытты беру қағидаты бойынша киберқорғаныс элементтері – "датадиод" технологиясы енгізіледі. Бұл технологияда жабдықтың жұмысы туралы ақпарат сыртқы жүйелерге таратылады, бірақ кері байланыс арнасы мүлдем болмайды, осылайша ғаламдық интернет желісінен рұқсатсыз кіруге жасалған кез келген әрекетке тосқауыл қойылады.
«Өткізу бекеттеріндегі биометриялық БҚЖЖ-дан бастап ұшқышсыз ұшу аппараттарына дейін ЖИ қолданылатын ең жаңа технологияларды енгізу АлЭС энергетикалық нысандарының қауіпсіздігі біртұтас экожүйеге айналып келе жатқанын көрсетеді. Бұл экожүйе қауіпсіздік мәселелерінде адами факторды жоюға тырысады және түрлі қауіп-қатерлер туралы алдын ала ескертіп, озық жұмыс істейді,» – деп сөзін түйіндеді Рымғали Дөненбаев.
Жаңа технологияларды пайдалану бойынша осы шешімдердің барлығы «Самұрық-Энерго» АҚ үйлестіретін жүйелі цифрландыру аясында енгізілуде. Компания ұйымдастырушылық қолдау көрсетіп, оларды енгізуге жағдай жасап отыр. АлЭС өндірістік нысандарында ЖИ технологияларын қолданудың оң тәжірибесі «Самұрық-Энерго» АҚ-ға келесі қадамға көшуге, яғни аталған жобаларды компанияның басқа да еншілес кәсіпорындарында кезең-кезеңімен енгізуге мүмкіндік берді. Бұл қауіпсіздік мәселелерінде бірыңғай стандарт қалыптастыруға жол ашады.