«4739» фильмі Қазақстандағы қайтыс болғаннан кейінгі донорлық мәселесін көтерді

979
Мәдина Есенова Редактор
Фотосурет: Gov

Қазақстанда ағза трансплантациясы туралы ашық айту әлі де оңай емес.

Бірақ дәл осы тақырып мыңдаған адамның өмірі мен үмітіне тікелей қатысты, деп хабарлайды DKNews.kz.

Бүгінде ел бойынша 4739 адам донорлық ағзаны күтіп отыр. Олардың көпшілігі үшін бұл – жай ғана медициналық процедура емес, өмір мен өлімнің арасындағы соңғы мүмкіндік.

Осы өзекті мәселені қоғам назарына шығаруды мақсат еткен «Хабар» агенттігінің «4739» деректі фильмінің тұсаукесері Астанада өтті. Туынды трансплантолог дәрігерлердің күнделікті күрделі еңбегін, пациенттердің тағдырын және уақытпен жарысып жатқан адамдардың өмірін баяндайды.

Тұсаукесерге ҚР Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, белгілі дәрігерлер, ғалымдар, қоғам қайраткерлері, реципиенттер мен олардың жақындары, сондай-ақ фильм авторлары қатысты.

4739 адамның тағдыры – бір ғана сан емес

Фильм атауы кездейсоқ таңдалмаған. 4739 – бүгінде Қазақстанда ағза трансплантациясын күтіп тұрған адамдардың нақты саны. Жыл сайын олардың 350-ден астамы қажетті операцияға қол жеткізе алмай, өмірден өтеді.

Қазіргі таңда еліміздегі трансплантациялардың шамамен 90 пайызы тірі туыстық донорлардың қатысуымен жасалады. Ал қайтыс болғаннан кейінгі донорлықтың үлесі 10 пайызға да жетпейді. Бұл көптеген науқастың кезегін ұзартатын негізгі себептердің бірі.

В Астане состоялся премьерный показ документального фильма «4739»

«Әрбір азаматтың өмірі – мемлекет үшін ең жоғары басымдық»

Тұсаукесер барысында Аида Балаева Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлт денсаулығы мемлекеттің басты құндылықтарының бірі екенін үнемі атап өтетінін айтты.

«Жаңа Конституцияда әр адамның өмір сүру құқығы ешкім айыра алмайтын ең қымбат құндылық ретінде айқындалып, азаматтардың денсаулығын қорғауға мемлекет кепілдік беретіні бекітілген. Бұл – мемлекетке үлкен жауапкершілік жүктейтін қағидат. Сондықтан денсаулық сақтау жүйесі адам өмірін сақтап қалудың барлық мүмкіндігін – аурудың алдын алудан, оны дер кезінде анықтаудан бастап, күрделі емдеу тәсілдері мен трансплантацияға дейін – толық әрі тиімді пайдалануға тиіс. Үкімет трансплантация жүйесін одан әрі жетілдіруге, медициналық ұйымдардың кәсіби әлеуетін нығайтуға және халыққа түсіндіру жұмыстарының сапасын арттыруға баса мән береді. Себебі, әрбір азаматтың өмірі мен денсаулығын қорғау – мемлекет үшін бұлжымас әрі ең жоғары басымдық», – деді Премьер-министрдің орынбасары.

Қазақстандағы трансплантация жаңа кезеңге өтті

Соңғы жылдары елімізде трансплантология саласында айтарлықтай өзгерістер байқалады. Соңғы бес жылда Қазақстанда 1500-ге жуық ағза трансплантациясы жасалды. Оның әрбір төртіншісі 2025 жылға тиесілі.

Тек өткен жылдың өзінде дәрігерлер 310 бүйрек, бауыр, жүрек және өкпе трансплантациясын сәтті орындады.

Балалар трансплантологиясында да тарихи жетістік тіркелді. 2026 жылы Қазақстанда алғаш рет балаға жүрек трансплантациясы сәтті жасалып, жоғары технологиялық медициналық көмектің жаңа кезеңі басталды.

В Астане состоялся премьерный показ документального фильма «4739»

Донор болуға келісім бергендер қанша?

Қайтыс болғаннан кейінгі донорлық мәселесі қоғамда әлі де қызу талқыланып келеді.

Электрондық үкімет порталының мәліметінше, бүгінге дейін өз таңдауын 172 283 адам тіркеген. Оның ішінде:

  • 16 109 азамат донор болуға келісім берген;
  • 156 174 адам донорлықтан бас тартқан.

Мамандардың айтуынша, қоғамдағы ақпараттың жеткіліксіздігі мен түрлі көзқарастар адамдардың шешіміне әсер етеді. Сондықтан мұндай тақырыптарды ашық талқылау – мыңдаған пациенттің өмірін сақтап қалуға ықпал ететін маңызды қадам.

В Астане состоялся премьерный показ документального фильма «4739»

«4739» – медицина туралы ғана емес, адам тағдыры туралы фильм

24KZ телеарнасының журналисі Назерке Тоқжан мен режиссер Берік Шаров түсірген деректі фильм нақты адамдардың өміріне негізделген.

Картинада трансплантацияны күтіп жүрген пациенттердің, олардың отбасыларының және күн сайын адам өмірі үшін күресетін дәрігерлердің шынайы оқиғалары көрсетіледі. Авторлар ағза трансплантациясы мәселесіне ешкімнің көзқарасын таңбайды. Керісінше, қоғамда ашық әрі саналы диалог қалыптастыруды мақсат етеді.

«4739» деректі фильмі 24 шілде күні сағат 19:30-да 24KZ телеарнасынан көрсетіледі.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Как разместить агитационные материалы политическим партиям на DKNews.kz

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -