Шығыс Қазақстан облысында бірден бірнеше стратегиялық жоба қарқынды жүзеге асырылып жатыр.
Жылу энергетикасынан бастап көлік инфрақұрылымы, тұрғын үй құрылысы мен туризмге дейінгі маңызды нысандарды ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев арнайы аралап, жұмыстардың барысын тексерді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған жобалардың басты мақсаты – өңір тұрғындарының өмір сапасын жақсартып, экономиканың жаңа өсу нүктелерін қалыптастыру.
Риддердегі басты міндет – қысты апатсыз өткізу
Жұмыс сапары Риддер қаласындағы жылу электр орталығынан басталды. Мұнда алдағы жылыту маусымына дайындық ерекше бақылауға алынған. Қазіргі уақытта №5 және №6 қазандық агрегаттарына күрделі жөндеу жүргізіліп, 3,3 шақырым жылу желісі жаңартылып жатыр.
Нұрлыбек Нәлібаев қысқа дайындықтың маңызын ерекше атап өтті.
«Шығыста қыс ерте түсетіндіктен, жылыту маусымына дайындық барлық талаптарға сай жүргізілуі тиіс. Басты міндеттеріміздің бірі – жылыту маусымын ешқандай ақаусыз, апатсыз өткізу. Себебі бұл мәселе Мемлекет басшысының назарында, Премьер-министрдің қатаң бақылауында», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Риддердегі жылу жүйесінің тұрақты жұмысы өңірдегі мыңдаған тұрғынның қауіпсіздігі мен жайлы тұрмысын қамтамасыз ететін негізгі факторлардың бірі саналады.
Өндіріс пен туризм қатар дамып келеді
Сапар барысында делегация «Казцинк» компаниясының Долинный кенішінде болып, өндірістегі қауіпсіздік жүйелерімен танысты. Кәсіпорында автоматтандыру деңгейі жоғары, ал заманауи технологиялар өндірістік тәуекелдерді төмендетуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар осы жылдың қаңтарында ашылған BearLog демалыс базасының жұмысы таныстырылды. Бұл нысан қысқы экстремалды демалысты ұнататын фрирайд әуесқойлары арасында танымал бола бастаған. Мұнда Қазақстаннан ғана емес, Еуропа елдерінен де туристер келеді.
Осындай жобалар Риддердің туристік әлеуетін күшейтіп, қаланы жыл бойы белсенді демалыс ұйымдастырылатын маңызды орталықтардың біріне айналдыруға мүмкіндік береді.
Өскеменде вокзал, жолайрық және жаңа тұрғын аудандар жаңарып жатыр
Жұмыс сапары кейін облыс орталығы – Өскеменде жалғасты.
Қазіргі таңда «Өскемен-1» теміржол вокзалы толық жаңғыртылып жатыр. Жоба аяқталғаннан кейін вокзалдың аумағы екі еседен астам ұлғайып, жолаушылар үшін жаңа күту залдары, жайлы қызмет көрсету аймақтары ашылады. Сонымен бірге инженерлік желілер толық ауыстырылып, вокзал маңы заманауи талаптарға сай абаттандырылады. Нысанды келесі айдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.
Қаладағы ең маңызды инфрақұрылымдық жобалардың бірі – Сәтбаев даңғылы мен Жібек жолы көшесінің қиылысындағы екі деңгейлі жолайрық. Бұл нысан көлік кептелісін азайтып, қозғалыс қауіпсіздігін арттыруы тиіс. Құрылысты жыл соңына дейін аяқтау көзделіп отыр.
Сонымен бірге «Шығыс Жылу» АҚ-ның №2 қазандығында алдағы жылыту маусымына дайындық қаралып, жабдықтардың техникалық жай-күйі бағаланды.
«Нұрлы жол» жаңа ауданға айналып келеді
Өскеменнің сол жағалауындағы «Нұрлы жол» шағын ауданында соңғы жылдары ондаған көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді.
Инфрақұрылым да қатар дамып келеді. Мұнда облыстық драма және опера театры, оңалту орталығы, Назарбаев Зияткерлік мектебі және жалпы білім беретін мектеп салынған. Қазіргі уақытта хоккей модулінің құрылысы аяқталуға жақын.
Алдағы кезеңде жаңа балабақшалар, мектептер, емхана және өрт сөндіру депосын салу жоспарланған. Сонымен бірге тұрғын үйлердің құрылыс сапасы мен мерзімін тұрақты бақылауда ұстау тапсырылды.
Қатонқарағай әуежайының құрылысы 64 пайызға орындалған
Президент тапсырмасымен салынып жатқан Қатонқарағай әуежайы да жұмыс сапарының негізгі нысандарының бірі болды.
Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстарының 64 пайызы аяқталған. Ұшу-қону жолағының, рульдеу жолының және перронның негізгі бөлігі дайын. Енді терминал мен қосалқы ғимараттардың құрылысы жалғасуда.
Жауапты тұлғаларға құрылыс қарқынын күшейтіп, жұмысшылар санын арттыру тапсырылды. Барлық асфальттау, бетондау және инженерлік коммуникациялар бойынша жұмыстарды қыркүйекке дейін аяқтау, ал жобаны толық іске қосуды бірінші желтоқсанға дейін қамтамасыз ету міндеті қойылды.
Бұл әуежай болашақта Қатонқарағайдың ғана емес, еліміздің шығысындағы ең маңызды көлік инфрақұрылымының біріне айналмақ.
Қатонқарағай жаңа туристік орталыққа айнала ма?
Жұмыс сапары барысында «Катонқарағай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде көшпелі кеңес өтті.
Онда бірден бірнеше ірі туристік инвестициялық жоба ұсынылды.
Pana Katon Karagay жобасы аясында аумағы 70 шаршы шақырымды қамтитын жаңа туристік кент салынып, 500-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылады.
Ал ULAR PARK туристік кешені бойынша биыл 13 капсуладан тұратын жазғы қонақүй пайдалануға беріледі. Сонымен қатар құны 3 млрд теңге болатын 150 орындық қысқы қонақүйдің құрылысы 2028 жылы аяқталады.
Жобаны жүзеге асырып жатқан «ULAR PARK HOTEL» ЖШС Берел мен Аршаты ауылдарының арасына 1,5 млрд теңгеге электр желілерін тартып, жол мен көпір салған.
Көшпелі кеңес барысында туризм саласындағы бастамалардың қағаз жүзінде қалып қоймай, нақты жүзеге асуына ерекше назар аударылды. Негізгі мақсат – Қатонқарағайдың табиғи әлеуетін тиімді пайдаланып, халықаралық деңгейдегі туристік бағыт қалыптастыру.

Өңір дамуының жаңа кезеңі
Шығыс Қазақстан облысында жүзеге асырылып жатқан жобалар тек жекелеген нысандардың құрылысы ғана емес. Бұл – өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін күшейту, көлік логистикасын жақсарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және туризмді жаңа деңгейге көтеруге бағытталған кешенді даму бағдарламасының бір бөлігі.
Алдағы айларда жылыту маусымына дайындықтың аяқталуы, Өскемендегі маңызды инфрақұрылымдық жобалардың іске қосылуы және Қатонқарағайдағы ауқымды құрылыстардың қарқыны өңірдің даму динамикасын айқындайтын негізгі көрсеткіштердің бірі болмақ.




