Porsche Қазақстанға 1 156 ат күші бар Cayenne әкелді

891
Арман Қоржымбаев Бас редактор

Толық электрлі Cayenne Қазақстан нарығына ресми түрде шықты. Porsche тарихындағы ең қуатты сериялық модельдің бағасы 94 млн теңгеге дейін жетеді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Импорттаушы 2026 жылдың соңына дейін елге небәрі 14 автомобиль жеткізуді жоспарлап отыр. Оның бесеуі ресми таныстырылымға дейін сатылып кеткен.

Электрлі Porsche Cayenne қанша тұрады?

Жаңа Cayenne SUV және Coupé шанақтарында ұсынылады. Әрқайсысының үш нұсқасы бар:

  • Cayenne Electric — 60 млн теңгеден;
  • Cayenne S Electric — 73 млн теңгеден;
  • Cayenne Turbo Electric — 94 млн теңгеден басталады.

Фотограф: Алмаз Төлеке

Автомобильге екі жылдық кепілдік беріледі. Жоғары вольтты батареяға зауыттық кепілдік сегіз жылға созылады.

Қазақстанға жеткізілетін алғашқы партияға тоғыз SUV және бес Coupé кіреді. Купе тәрізді нұсқалар 2026 жылдың қыркүйегінде келеді.

Фотограф: Алмаз Төлеке

«Жаңа Cayenne нағыз Porsche болып қала береді — динамикалық, жайлы әрі практикалық. Электр платформасы модельдің болмысын өзгертпейді, керісінше, оны дамытып, қуат, жүріс қоры, қуаттау жылдамдығы және цифрлық технологиялар бойынша жаңа деңгей ұсынады. Автомобильдің ресми сатылымы басталмай тұрып-ақ сатып алынуы Қазақстанда электрлі Cayenne-ге сұраныс қалыптасқанын көрсетеді», — деді Porsche Kazakhstan директоры Гауһар Ғабдрахимова.

Porsche бензин қозғалтқыштарынан бас тартпайды. Электромобиль іштен жану қозғалтқышы және қуатталатын гибридті қондырғысы бар Cayenne модельдерінің қатарын толықтырды.

Фотограф: Алмаз Төлеке

408-ден 1 156 ат күшіне дейін

Барлық нұсқа екі электр қозғалтқышымен және Porsche Traction Management электронды толық жетек жүйесімен жабдықталған.

Базалық Cayenne Electric 408 ат күшін береді. Launch Control іске қосылғанда қуат 442 ат күшіне дейін өседі.

Фотограф: Алмаз Төлеке

Автомобиль сағатына 100 шақырымға 4,8 секундта жетеді. Ең жоғары жылдамдығы — 230 км/сағ, WLTP циклі бойынша жүріс қоры — 642 шақырымға дейін.

Cayenne S Electric 544 ат күшін, ал Launch Control режимінде 666 ат күшін береді. Алғашқы «жүздікті» 3,8 секундта жинайтын модель бір қуаттаумен 653 шақырымға дейін жүре алады.

Фотограф: Алмаз Төлеке

Желінің басты көрсеткіші — 1 156 ат күші. Cayenne Turbo Electric Launch Control іске қосылғанда осындай қуатқа жетеді.

Фотограф: Алмаз Төлеке

Айналу моменті 1 500 Н·м құрайды. Электрлі кроссовер сағатына 100 шақырымға 2,5 секундта, 200 шақырымға 7,4 секундта үдейді.

Фотограф: Алмаз Төлеке

Turbo нұсқасының ең жоғары жылдамдығы — 260 км/сағ, жүріс қоры — 623 шақырымға дейін. Бұл Porsche тарихындағы ең қуатты сериялық автомобиль атанды.

S және Turbo нұсқалары артқы электр қозғалтқышын тікелей маймен салқындату жүйесін алды. Автоспорттан келген технология ұзақ жүктеме кезінде жоғары қуатты сақтауға көмектеседі.

Он минутта 325 шақырымдық қуат

Барлық модификация сыйымдылығы 113 кВт·сағ батареямен жабдықталған. 800 вольттық архитектураның арқасында қуаттау көрсеткіші 390 кВт-қа, ал қолайлы жағдайда 400 кВт-қа жетеді.

Фотограф: Алмаз Төлеке

Тиісті жылдам қуаттау станциясында аккумуляторды 10%-дан 80%-ға дейін 16 минутқа жетпей қуаттауға болады. Он минут ішінде базалық Cayenne 325 шақырымға, ал Turbo 315 шақырымға жететін энергия жинайды.

Қазақстан үшін басты мәселе — мұндай қуатты қамтамасыз ететін станциялардың қолжетімділігі. Тиісті инфрақұрылым болмаса, аса жылдам қуаттау мүмкіндігі күнделікті артықшылықтан гөрі техникалық әлеует күйінде қалады.

Рекуперация жүйесінің қуаты 600 кВт-қа жетеді. Бұл Formula E жарыс автомобильдерінің деңгейімен салыстыруға болатын көрсеткіш.

Күнделікті қозғалыста тежеудің шамамен 97%-ын электр қозғалтқыштары орындайды. Механикалық тежегіштер күрт баяулау қажет болғанда ғана іске қосылады.

Cayenne кеңейе түсті

Электрлі Cayenne жаңа платформада жасалған. Ол бензинді модельден 55 мм ұзын, ал дөңгелек базасы шамамен 13 сантиметрге артқан.

Фотограф: Алмаз Төлеке

Екінші қатардағы жолаушыларға көбірек орын бөлінді. Негізгі жүксалғыштың көлемі 781-ден 1 588 литрге дейін жетеді, ал алдыңғы бөлікте 90 литрлік қосымша бөлік бар.

Фотограф: Алмаз Төлеке

Жинақтамасына қарай электромобиль салмағы 3,5 тоннаға дейінгі тіркемені сүйрей алады. Бұл премиум санаттағы электрлі SUV үшін практикалық тұрғыдан маңызды көрсеткіш.

Фотограф: Алмаз Төлеке

Стандартты жабдыққа Porsche Active Suspension Management жүйесі бар бейімделетін пневматикалық аспа кіреді. Cayenne S және Turbo үшін шанақтың қисаюы мен шайқалуын азайтатын Porsche Active Ride белсенді аспасына тапсырыс беруге болады.

Фотограф: Алмаз Төлеке

Тағы бір опция — толық басқарылатын шасси. Артқы дөңгелектер бес градусқа дейін бұрылып, қалада маневр жасауды жеңілдетеді және жоғары жылдамдықтағы тұрақтылықты арттырады.

Экран көбейді, ауа кедергісі азайды

Cayenne-нің таныс сұлбасы сақталғанымен, шанағы аэродинамикалық тұрғыдан тиімді бола түсті. Аласа капот, жіңішке матрицалық фаралар және жақтаусыз есіктер SUV моделінің ауа кедергісі коэффициентін 0,25-ке дейін төмендетті.

Фотограф: Алмаз Төлеке

Porsche Active Aerodynamics жүйесі жылдамдыққа қарай ауа қабылдағыш жапқыштары мен басқа элементтердің жұмысын автоматты түрде реттейді. Бейімделетін спойлер жүріс қорына да, автомобильдің тұрақтылығына да әсер етеді.

Салонда орталық консольге ұласатын иілген OLED Flow Display экраны пайда болды. Оны 14,25 дюймдік цифрлық аспаптар панелі толықтырады.

Алдыңғы жолаушы үшін 14,9 дюймдік жеке дисплейге тапсырыс беруге болады. Үш экран бірге Porsche автомобильдерінде бұрын-соңды болмаған ең үлкен цифрлық кеңістікті қалыптастырады.

Опциялар тізіміне мөлдірлігі реттелетін панорамалық шатыр, коммуникациялық жарық жолағы және жанасатын беттерді жылыту жүйесі енген. Орындықтармен бірге шынтақ тіректері мен есік панельдері де жылынады.

Cayenne Coupé 669 шақырымға дейін жүреді

Cayenne Coupé Electric шатырының Porsche 911 сұлбасынан шабыт алған еңіс сызығымен ерекшеленеді. Ауа кедергісі коэффициенті 0,23-ке дейін төмендеп, ең жоғары жүріс қоры WLTP циклі бойынша 669 шақырымға жеткен.

Фотограф: Алмаз Төлеке

Бұл SUV көрсеткішінен 18 шақырымға артық. Артқы жүксалғыштың көлемі 534-тен 1 347 литрге дейін, ал алдыңғы бөліктегі қосымша жүксалғыш 90 литрді құрайды.

Электрлі Cayenne-ге Алматы мен Астанадағы ресми Porsche орталықтарында тапсырыс беруге болады. 12–16 тамыз аралығында Porsche Track Experience Kazakhstan қатысушылары автомобильді СТК Sokol автодромында сынап көреді.

Нақты жүріс қоры батарея температурасына, ауа райына, жылдамдыққа, жинақтамаға және жүргізу мәнеріне байланысты өзгереді. Қазақстан жағдайында қысқы пайдалану шешуші факторға айналмақ: аяз электр энергиясының шығынын арттырып, қуаттаулар арасындағы қашықтықты қысқартады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Как разместить агитационные материалы политическим партиям на DKNews.kz

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -