Қазақстандықтардың ас мәзірі өзгеріп жатыр.
2026 жылдың I тоқсанында ел тұрғындары ет, сүт өнімдері, жұмыртқа мен көкөністі көбірек тұтынды. Ал қант пен дәнді дақылдардың үлесі азайды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Ет, сүт және жұмыртқа тұтыну өсті
Үш айда әр қазақстандық орта есеппен 20,7 келі ет және ет өнімдерін тұтынған. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 20,6 келі болған.
Сүт және сүт өнімдерін тұтыну 57,2 литрден 58,1 литрге дейін өсті. Жұмыртқа саны 52-ден 54 данаға жетті.
Көкөніс тұтыну бір жылда 18,3 келіден 18,7 келіге дейін немесе 2,2%-ға артты.
Картоп көрсеткіші небәрі 100 грамға өсіп, 11,4 келіні құрады. Балық пен теңіз өнімдерін тұтыну 3,5 келіден 3,6 келіге дейін көтерілді.
Айырмашылық үлкен көрінбегенімен, өзгеріс негізгі азық-түлік санаттарының басым бөлігін қамтыды. Ең айқын өсімді жұмыртқа, көкөніс және сүт өнімдері көрсетті.
Қант бұрынғы орнын жоғалтып жатыр
Қант, тосап және бал тұтыну 10,8 келіден 10,3 келіге дейін төмендеді. Бір жылдағы айырма 500 грамға немесе шамамен 4,6%-ға жетті.
Жарма мен дәнді дақылдар өнімдерінің көлемі 31 келіден 30,6 келіге дейін азайды. Май мен тоңмай тұтыну өзгерген жоқ.
Жемістер, жидектер мен жаңғақтар көрсеткіші де сәл төмендеп, 17,5 келіден 17,4 келіге түсті. Сондықтан қазақстандықтар толықтай пайдалы тамақтануға көшті деуге әлі ерте: көкөніс көбейгенімен, жеміс азайған.
Қазақстандықтардың дастарқанында не бар
2026 жылдың алғашқы үш айында елдің әр тұрғыны орта есеппен 11,4 келі картоп, 6 келі бірінші сұрыпты бидай ұнынан пісірілген нан және 6 келі сиыр етін тұтынған.
Тоқсандық ас мәзіріне 4,8 келі алма, 4,6 келі құмшекер, 4,2 келі күріш және 2,6 келі макарон өнімдері де кірді.
Сүт өнімдерінен бір адамға 3,1 литр айран және 2,4 литр шикі сүттен келді. Жаңа немесе салқындатылған балық көлемі 2,1 келіні, қара шай 300 грамды құрады.
Бір тоқсанда 54 жұмыртқа желінген. Бұл аптасына шамамен төрт жұмыртқадан келеді.
Көкөніс тұтынудан Алматы көш бастады
Қала тұрғындары ауыл халқына қарағанда көкөністі көбірек жейді. Қалалардағы орташа көрсеткіш бір адамға 19,3 келіні, ауылдарда 17,6 келіні құрады.
Алматы 23,2 келі көрсеткішпен бірінші орынға шықты. Одан кейін Жетісу облысы — 22,8 келі және Түркістан облысы — 21,4 келі.
Ең төмен көрсеткіштер Абай және Алматы облыстарына тиесілі — әрқайсысында 16 келіден. Шығыс Қазақстан облысында бір тұрғынға 16,5 келі көкөністен келген.
Алматы мен ең төмен нәтиже көрсеткен өңірлердің арасындағы айырма 7,2 келіге жетті. Бұл аутсайдер облыстардағы тоқсандық көкөніс тұтынудың жартысына жуық.
Етті қай өңірлер көп жейді
Ет және ет өнімдерін тұтынудан Шығыс Қазақстан, Жетісу, Ақмола және Қарағанды облыстары алға шықты.
Ең төмен көрсеткіш Түркістан облысына тиесілі. Алайда бұл өңір көкөніс тұтынудан үздік үштікке кірді — ел аймақтарының тамақтану құрылымы айтарлықтай ерекшеленеді.
Зерттеу 12 мың үй шаруашылығын қамтыды. Статистика отбасының бір мүшесі есепті кезең ішінде тұтынған азық-түліктің орташа көлемін көрсетеді.