Freedom Қазақстанда КАСКО сақтандыру-конструкторын іске қосты

572
Мәдина Есенова Редактор
Фотосурет: коллаж DKNews.kz/AI-generated

Қазақстандағы автокөлік иелері үшін КАСКО сақтандыруында жаңа мүмкіндік пайда болды.

Бұған дейін жүргізушілер көбіне дайын сақтандыру пакеттерінің бірін ғана таңдауға мәжбүр болса, енді полисті өз қажеттілігіне қарай құрастыруға болады, деп хабарлайды DKNews.kz.

Бұл артық қызметтер үшін төлемей, тек өзіңізге қажет тәуекелдерді ғана қамтуға мүмкіндік береді.

Жол-көлік оқиғасы, тұрақта тұрған көліктің зақымдануы, ұрлық немесе табиғи апаттар – әр жүргізушінің тәуекелі әртүрлі. Біреу үшін басты мәселе – жолдағы апат болса, енді бірі көлігін көбіне ашық тұраққа қояды немесе ұрлық қаупі жоғары өңірде пайдаланады. Осындай айырмашылықтарды ескере отырып, Freedom жаңа КАСКО PRO бағдарламасын ұсынды.

КАСКО енді «бәріне бірдей» емес

Жаңа бағдарламада жүргізуші сақтандырудың қандай тәуекелдерді қамтитынын өзі таңдайды. Бұл полистің бағасын да басқаруға мүмкіндік береді.

КАСКО PRO төрт негізгі қорғаныс пакетін ұсынады:

  • барлық тәуекелдер (ЖКО, тұрақта тұрған кездегі зақымдану және автокөліктің ұрлануы);
  • тек жол-көлік оқиғасы;
  • жол-көлік оқиғасы және тұрақтағы зақым;
  • жол-көлік оқиғасы және автокөліктің ұрлануы.

Пакетке байланысты сақтандыру вандализмді, өртті, жарылысты, бұршақ пен қатты жел сияқты табиғи құбылыстарды, қар мен мұздың құлауын, эвакуациялауды, инженерлік желілерден аққан су немесе будан келген залалды да қамтуы мүмкін.

Көліктің ең осал бөліктерін бөлек сақтандыруға болады

Жүргізушілер үшін тағы бір маңызды мүмкіндік – әйнектерді, айналарды, фараларды, шиналар мен дөңгелек дискілерін жеке қорғау.

Мысалы, тұрақта тұрған көліктің фарасы немесе әйнегі бүлінсе, осы элемент бойынша өтемақы автокөліктегі басқа зақымдардың болуына қарамастан төленеді. Бұл ұсақ, бірақ жиі кездесетін шығындарды өтеуге мүмкіндік береді.

Франшизаны өзіңіз таңдайсыз

Бағдарламада франшиза мөлшерін 0%-дан 5%-ға дейін таңдауға болады.

Франшиза неғұрлым жоғары болса, сақтандыру полисінің құны соғұрлым арзандайды. Ал франшизасыз полис ең қымбат болғанымен, оның да өзіндік баламасы бар.

Мысалы, жүргізуші «Екінші сақтандыру жағдайынан бастап 250 000 теңге ұстап қалу» опциясын қоса алады. Бұл жағдайда алғашқы сақтандыру оқиғасы бойынша өтемақы толық төленеді, ал екінші және кейінгі жағдайларда төлемнен 250 мың теңге ұсталады.

Тағы бір қызықты мүмкіндік – егер жүргізуші жол апатына кінәлі болмаса, франшизаны қолданбау. Мұндай жағдайда өтемақы толық көлемде төленеді, ал жүргізуші кінәлі болған кезде ғана франшиза шегеріледі.

Өтемақыны қалай алатыныңызды да өзіңіз шешесіз

КАСКО PRO аясында сақтандыру төлемінің қалай есептелетінін де жүргізуші таңдай алады.

Үш түрлі нұсқа қарастырылған:

  • жүргізуші таңдаған техникалық қызмет көрсету станциясында жөндеу;
  • сақтандыру компаниясы ұсынған сервисте жөндеу;
  • автокөлік иесінің өзіне ақшалай өтемақы төлеу.

Алғашқы екі жағдайда жөндеу құны есептелген кезде автокөліктің амортизациялық тозуы ескерілмейді.

Нарықтағы бағасына қарамай сақтандыру мүмкіндігі

Бағдарлама тағы бір ерекше мүмкіндікті ұсынады.

Автокөлікті оның нақты нарықтық бағасына байланыстырмай, 500 мың, 750 мың немесе 1 миллион теңге көлеміндегі белгіленген сомаға сақтандыруға болады.

Егер сақтандыру жағдайы орын алса, компания өтемақыны «көлік толық құнына сақтандырылмаған» деген себеппен азайтпайды. Залал таңдалған сақтандыру сомасы шегінде толық өтеледі.

Қазақстаннан тыс жерге шығатындар үшін де тиімді

Полистің әрекет ету аумағын да жүргізуші өзі анықтай алады.

Таңдау мынадай:

  • тек Қазақстан;
  • Қазақстан және Ресей;
  • Қазақстан және Қырғызстан;
  • бүкіл әлем.

Бұл шетелге автокөлікпен жиі шығатын жүргізушілер үшін қосымша ыңғайлылық береді.

Полисті Freedom SuperApp арқылы шамамен бес минут ішінде рәсімдеуге болады. Сонымен қатар сақтандыру құнының бір бөлігі Freedom валютасымен кешбэк ретінде қайтарылады.

«Жаңа КАСКО PRO полисінің басты артықшылығы - жүргізуші өз автокөлігін нақты қандай тәуекелдерден қорғағысы келетінін өзі таңдай алады. Әр жүргізуші өз көлігінің ерекшелігі мен жүргізу мәнерін жақсы біледі. Сондықтан өзіне қажет тәуекелдерді ғана қамтитын сақтандыру пакетін таңдай алады. Бұл әрі клиент үшін тиімді, өйткені ол өзіне қажет опцияларды ғана таңдайды, әрі сақтандыру компаниясы үшін де қолайлы. Себебі компания нақты клиент бойынша қандай тәуекелдердің орын алуы мүмкін екенін алдын ала бағалап, ықтимал залалды өтеуге дайын болады», – деді «Freedom Insurance» СК» АҚ басқарма төрағасы Азамат Керімбаев.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Как разместить агитационные материалы политическим партиям на DKNews.kz

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -