Қазақстанда отандық тауарларды қолдау және олардың ішкі әрі сыртқы нарықтағы үлесін арттыруға бағытталған жаңа шаралар қолға алынады. Бұл мәселе Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қаралды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Жиында мемлекеттік органдардың, өңір әкімдерінің, «Атамекен» ҰКП мен сауда желілері өкілдерінің қатысуымен отандық өндірісті дамыту, өңдеу өнеркәсібін қолдау және өткізу нарықтарын кеңейту мәселелері талқыланды.
Премьер-министр: «Қазақстанда жасалған» сапа белгісіне айналуы тиіс
Олжас Бектенов Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес отандық өндірісті дамытуға бағытталған жүйелі қолдау жалғасып жатқанын атап өтті.
«Қабылданып жатқан шаралардың барлығы бәсекеге қабілетті отандық өндірісті құруға және дамытуға бағытталған. Субсидиялардан бастап, тауарларды әлемдік нарыққа ілгерілетуге дейінгі мұндай тәсілді әлемнің барлық дамыған экономикалары қолданады. Біз де осы саясатты ұстанамыз. Өйткені оның нақты нәтижесін көріп отырмыз. Атап айтқанда, Қазақстан бүгінде ішкі нарықты негізгі азық-түлік тауарларымен толық қамтамасыз етеді. Бірінші жартыжылдықта өндіріс көлемі шамамен 10%-ға өсті. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты да тұрақты өсіп келеді. Бұған экономика салаларын кешенді мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде қол жеткіздік.»
Премьер-министрдің айтуынша, келесі міндет – ішкі нарықты қазақстандық өніммен толықтырып, экспорттық мүмкіндіктерді кеңейту.
«Қазақстанда жасалған» брендіне арналған бағдарлама әзірленеді
Үкіметтің тапсырмасына сәйкес, Сауда және интеграция министрлігі:
- бір ай ішінде «Қазақстанда жасалған» брендімен шығарылатын өнімдерді қолдау мен ілгерілетудің кешенді бағдарламасын әзірлейді
- халық ең көп тұтынатын тауар санаттарын анықтайды
- әр санат бойынша отандық өнім үлесін арттыру көрсеткіштерін белгілейді
- сауда желілерімен бірлесіп қазақстандық брендтерді дамыту жұмыстарын жүргізеді
- өндірушілермен ұзақмерзімді жеткізу келісімдерін кеңейтеді
Сауда желілеріне қазақстандық өнімге басымдық беру тапсырылды
Олжас Бектенов отандық өндірушілердің сауда орындарына шығудағы қиындықтарына тоқталды.
«Халық тұтынатын тауарларды шығаратын отандық өндірушілер көп жағдайда сауда алаңдарына қол жеткізе алмайды, оның ішінде жалдау ақысының жоғары болуына байланысты қиындықтар да бар. Бұл ішкі нарықта қазақстандық өнімнің үлесін кеңейтуге кедергі келтіріп, оның бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді. Сауда желілерінің иелері қазақстандық тауарларға деген көзқарасын түбегейлі өзгертуі тиіс деп санаймын. Отандық өнімнен бұрын импорттық тауарларға басымдық беру моральдық жағынан ғана емес, құқықтық тұрғыдан да дұрыс емес.»
Министрлікке өңір әкімдіктерімен және «Атамекен» палатасымен бірге қазақстандық өндірушілер үшін сауда алаңдарын жалға алудың қолайлы тетіктерін әзірлеу тапсырылды.
Ұлттық брендті ақпараттық тұрғыда қорғау күшейтіледі
Премьер-министр қазақстандық өнімге қарсы жүргізілетін негізсіз ақпараттық шабуылдарға да назар аударды.
«Қазақстанда өндірілетін танымал тауарларды, атап айтқанда азық-түлік және кондитерлік өнімдерді қаралау үшін әдейі ұйымдастырылған ақпараттық науқандар орын алуда. Мұның барлығының көздеген мақсаты бір – бәсекелестерді нарықтан ығыстырып, олардың орнын иемденіп қалу. Мәдениет және ақпарат министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, «Қазақстанда жасалған» ұлттық брендін ілгерілетуге, отандық тауарларды кеңінен дәріптеуге және оларды негізсіз ақпараттық шабуылдардан қорғауға бағытталған бірыңғай ақпараттық науқанның жүргізілуін қамтамасыз етсін.»
Үкімет қандай тапсырмалар берді?
Отырыс қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырмалар жүктелді.
Олардың ішінде:
- отандық өнімді өткізуге кедергі келтіретін әкімшілік талаптарды қайта қарау
- Қазақстанда өндірілуі тиіс маңызды импорттық тауарлардың тізбесін әзірлеу
- жеңіл өнеркәсіпті дамытудың 2030 жылға дейінгі жоспарын сапалы іске асыру
- мал шаруашылығын дамыту және ет экспортын ұлғайту
- Ұлттық тауарлар каталогі негізінде бірыңғай цифрлық бақылау жүйесін жыл соңына дейін аяқтау
- қазақстандық өнімді шетелдік ірі сауда желілеріне шығарудың жаңа тетіктерін әзірлеу
Премьер-министр тапсырмалардың орындалуын бақылау Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге жүктелгенін айтты.