Құрылыс — Қазақстан мен Өзбекстандағы экономикалық өсудің басты қозғаушы күштерінің бірі.
Өткен жылы бұл саланың ЖІӨ-дегі үлесі Өзбекстанда 7,3%-ды, ал ҚР-да 6,2%-ды құрады. Екі елдегі құрылыс саласының дамуы көп жағынан ұқсас болғанымен, елеулі айырмашылықтары да бар. Ұлттық статистика комитеттерінің деректері негізінде тұрғын үй және тұрғын емес құрылыстың негізгі көрсеткіштерін салыстырып көрейік.
Ең алдымен, тұрғын үй құрылысы мәселесіне тоқталайық. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемінің көрсеткіштеріне қарағанда, Қазақстанда тұрғын үйлер көптеп салынады. Және де бұл көлемдегі алшақтық қатарынан бірнеше жыл байқалып келеді. Егер 2020 жылы айырмашылық 2,4 млн шаршы метрді құраса (ҚР-да 15,3 млн, ӨР-де 12,9 млн), 2024 жылға қарай ол 4,3 млн шаршы метрге дейін өсті. 2025 жылы қазақстандық нарық бұл алшақтықты одан әрі ұлғайтып, 4,4 млн шаршы метрге дейін жеткізді. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша ҚР-да 8,5 млн, ал ӨР-де 7,7 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
Екі елдің демографиялық сипаты әртүрлі, тиісінше жаңа баспанаға деген қажеттіліктері де әрқилы болғандықтан, бұл көрсеткішті халық саны тұрғысынан қарастырайық. Ағымдағы жылдың қаңтар-маусым айларында Қазақстанда пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 1 мың адамға 412,2 шаршы метрден келді. Өзбекстанда бұл көрсеткіш екі есе аз болды: 1 мың адамға 200,7 шаршы метр.
Алайда, тұрғын үй құрылысының өсу қарқыны бойынша өткен жылдан бері Өзбекстан Қазақстаннан оза бастады. Үш жылдық төмендеуден кейін 2025 жылы ӨР-дегі тұрғын үй құрылысының көлемі 7,2%-ға өсті. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында да өсім 7,2%-ды құрады — бұл дәл осы кезеңдегі ҚР көрсеткішінен (плюс 6,7%) бірнеше пайыздық тармаққа жоғары. Шын мәнінде Қазақстан үшін бұл ең жоғарғы көрсеткіш емес. ҚР СЖжРА Ұлттық статистика бюросының соңғы бірнеше жылдағы деректеріне сүйенсек, бұл көрсеткіштің елдегі ең жоғарғы мәні 2020 жылы тіркелген: 16,8%. Кейінгі жылдары ол құбылмалы динамика көрсетті.
Абсолюттік көлемдер мен олардың динамикасын салыстыру екі елдегі құрылыс нарықтарының даму сатылары әртүрлі деген қорытынды жасауға мүмкіндік береді. Пайдалануға берілетін тұрғын үй базасы бастапқыда жоғары болған Қазақстанда өсім инерциялық сипатта боса, Өзбекстанда азырақ көлемге қарамастан оның өсу қарқыны тұрақты түрде жоғары деңгейде тұр, бұл белсенді түрде ұлғайып келе жатқан нарықтарға тән құбылыс.
Құрылыс секторы бойынша деректерді жалпылама қарастыратын болсақ, екі елді ең алдымен салыстырмалы көрсеткіш — орындалған құрылыс жұмыстарының нақты көлемінің индексі бойынша салыстыра аламыз. Соңғы бірнеше жыл бойы бұл көрсеткіш Қазақстанда тұрақты түрде жоғары болды. 2021 жылғы күтілген «корона-дағдарыстық» төмендеуден кейін ҚР-да 2025 жылға дейін тұрақты түрде қарқынның өсіп отырғаны байқалды: құрылыс жұмыстарының НКИ-і 108,3%-дан 117,5%-ға дейін артты. Өзбекстандағы жағдай да бұған ұқсас болды: 2021 және 2022 жылдардағы «корона-дағдарыстық» көрсеткіштерден (тиісінше 106,8% және 106,6%) сектордағы НКИ 2025 жылы 114,2%-ға дейін өсті.
2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жағдай екі елде әртүрлі болды. Қазақстанда НКИ 2025 жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда 118,4%-дан 115,2%-ға дейін төмендеді, ал Өзбекстанда бұл көрсеткіш, керісінше, 3 пайыздық тармаққа өсіп, 113,8%-ға жетті.
Құндық көрсеткіштер ұлттық валюталарда берілген. Аталған сомаларды АҚШ долларына айырбастап, тек 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы деректерді салыстырайық. Айырмашылық екі есеге жуық: ӨР-де ағымдағы жылдың қаңтар-маусым айларында жалпы сомасы 192 трлн сумға, немесе 16,1 млрд АҚШ долларына жұмыстар орындалды. ҚР-да құрылыс көлемі 4,1 трлн теңгеге, немесе 8,6 млрд АҚШ долларына жетті. Басқаша айтқанда, Өзбекстандағы құрылыс нарығының сыйымдылығы Қазақстанға қарағанда екі есеге жуық үлкен. Қазақстанда пайдалануға берілген тұрғын үй аумағының айтарлықтай көп екенін ескерсек, екі елдің де құрылыс салаларының құрылымы едәуір ерекшеленеді.
Бұған дейін атап өткеніміздей, статистикалық деректерді ұсыну форматының әртүрлілігіне байланысты ҚР мен ӨР құрылыс секторларының құрылымын тікелей салыстыру мүмкін емес. Сондықтан жай ғана мәлімет ретінде 2025 жылғы көрсеткіштерді дереккөздерде берілген күйінде келтіреміз.
Қазақстандағы құрылыс саласының құрылымы:
- тұрғын үй ғимараттары — 1,7 трлн теңге, үлесі — 15,7%;
- тұрғын емес ғимараттар — 3,3 трлн теңге, үлесі — 31%;
- құрылыстар — 5,7 трлн теңге, үлесі — 53,3%.
Өзбекстандағы құрылыс саласының құрылымы:
- ғимараттар мен имараттар — 218 трлн сум, үлесі — 69,7%;
- азаматтық мақсаттағы нысандар — 64,9 трлн сум, үлесі — 20,7%;
- мамандандырылған құрылыс жұмыстары — 30,2 трлн сум, үлесі — 9,6%.
Екі елдегі құрылыс нарықтарының ауқымындағы айырмашылықты негізгі капиталға салынған инвестицияның көрсеткіштері бойынша да көруге болады. Абсолюттік мәндерді 2025 жылғы орташа бағам бойынша айырбастағанда, өткен жылы Өзбекстанда дәл осы құрылыс секторына (экономиканың басқа салаларындағы құрылыс жұмыстарын есепке алмағанда) 42,2 трлн сум, яғни 3,4 млрд АҚШ доллары салынғаны көрінеді. Қазақстанда бұл сектордағы капитал салымдарының сомасы өткен жылы 150,5 млрд теңгені, яғни 311,2 млн АҚШ долларын құрады.
Екі елдегі құрылысқа салынған инвестиция көлемінің динамикасы да әртүрлі. Өзбекстанда 2020 және 2024 жылдары капитал салымдарының сомасы екі есеге жуық өсіп, күрт серпілістер байқалды. Осы жылдардағы көрсеткіштің жалпы бағыты әрдайым өсімнің тұрақты болғанын көрсетті. Қазақстандағы жағдай сәл басқаша. Көпжылдық деректер құрылыс саласындағы негізгі капиталға салынған инвестициялардың ең жоғары көлемі 2022 жылы тіркелгенін: 223,2 млрд теңге, одан кейін 129,4 млрд теңгеге дейін күрт төмендегенін көрсетеді. 2024 және 2025 жылдары өсім байқалғанымен, сомалары 2022 жылғы рекордтық көрсеткішке жеткен жоқ.
Екі елдің де статистикалық ведомстволары кәсіпорындардың көлеміне қарай олардың орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі туралы деректерді жариялап отырады. Бұл ірі компаниялар мен шағын мердігерлердің үлесін салыстыруға мүмкіндік береді. ҚР-да да, ӨР-де де ең үлкен көлем шағын құрылыс компанияларына тиесілі. Айырмашылығы – Қазақстанда шағын құрылыс ұйымдарының меншікті салмағы соңғы үш жылда: 2023 жылғы 51%-дан 2025 жылы 61,1%-ға дейін жүйелі түрде өсіп отырды, ал Өзбекстанда шағын кәсіпорындар мен шағын фирмалар 2022 жылдан бері, керісінше, өз үлестерінің 52,6%-дан 47,7%-ға дейін төмендегенін көрсетті.
ӨР-дегі ірі мердігерлердің меншікті салмағы аздап қана өзгеріп, 21%-дан 28,5%-ға дейінгі аралықта құбылып оытрды, ал өткен жылы көрсеткіші 26,4%-да тоқтады. Бұл ретте ҚР-да ірі мердігерлер бұл жылдары үлесін 33,4%-дан 17,1%-ға дейін азайтты. Мұның ықтимал себептерінің бірі бизнестің бөлшектенуі болуы мүмкін: орта кәсіпорындардың меншікті салмағы 16%-дан 21,8%-ға дейін өсті. Мынаны атап өткен жөн: ірі мердігерлердің көлемі мен үлесі туралы ресми көрсеткіштер әрдайым нарықтың шынайы көрінісін бере бермейді, өйткені көп жағдайда құрылыс корпорацияларының көптеген орта және шағын еншілес компаниялары болады және мұндай жағдайларда олардың көлемдері статистикалық тұрғыдан басқа санаттарға түсіп кетеді.
Екі елдегі деректердің айырмашылығы – ӨР Статистика жөніндегі ұлттық комитеті көлеңкелі сектор жүргізетін құрылыс көлемін де есепке алады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Өзбекстандағы көлеңкелі құрылыс нарығының үлесі 25,8%-ды құрады. Қазақстанда мұндай деректер жарияланбайды.