Айбынды жауынгер –  ел аймауыты

627
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Таяуда Катонқарағайда  «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық мәдени-музыкалық фестивалі өтті.

Түркі халықтарының мәдениеті мен өнерін, ұлттық құндылықтарды және спортты дәріптеуге бағытталған іс-шараның қауіпсіздігін Өскемен қаласындағы 5518 әскери бөлімінің жауынгерлері қамтамасыз етті. Шырышы бұзылмаған  табиғатынан  бөлек  мырышы  мырғамға  батырған  Алтай  өңіріндегі  Ұлттық  ұлан  сарбаздарының ұстанымы  бөлек. Осы орайда,  төрткүл әлемді өзіне  қаратқан  мерейлі  іс-шараның  тыныштығын  күзеткен  мерзімді әскери қызметшілер қатарында қатардағы   Дидар  Бекайдаров   ағынан жарылып  сұхбат берді. 

- Қайырлы күн!  Қалың қалай жауынгер?  Ұлттық  ұлан сапындағы  қоғамдық  тәртіпті сақтауға бағытталған  жауынгерлік қызметіңе  жете тоқталсаң? Қатонқарағай ауданында өткен салтанатты іс-шараның қауіпсіздігі жоғары деңгейде  өткен болар?

- Бәрі ойдағыдай, Рүстем мырза. Ұлттық ұлан сапында қойылған тапсырмаларды орындап,  жауынгерлік қызметті ойдағыдай атқарып  келемін. Шығыс Қазақстан облысының Қатонқарағай ауданында Қазақстанның барлық өңірі мен шетелдерден келген қонақтардың басын қосқан іс-шараның  тыныштығын  жоспардағыдай күзеттік. Ауқымды мәдени шараға жиылған қатысушылар болсын, яки қонақтар мен жергілікті тұрғындардың барлығы да оғаш қылық танытпай, керісінше өздерін  тәртіпті және мәдиенетті ұстады. Алтай төріне  алыстан ат шаптырып асыға жеткен жұрт үшін біріншіден тұмса табиғаттың  ортасына тап болғаны ерекше сезім сыйласа, екіншіден  әлемге  танымал  әнші  Димаш  Құдайбергенннің өнеріне куә болу бақытына бұйырды. Көркіне көзің тоймайтын өлке де дауысы бойыңды шымырлатар әншінің концертін тамашалаған бұқара барынша әдепті, барынша  мейірімді болғандай. Өйткені, шығыстың қиырдағы нүктесіне сонау жерден келгендердің түпмақсаты да осы еді. Сондықтан, жиналған жұртта құдды ұйымдастырушылар сияқты  этномәдени форумның жоспардағыдай өтуіне өздігімен ат салысып кеткендей көрінді маған. Шынымен де, екі мың шақырымды артта қалдырып, ағылған халық салтанатты шараның сиқын  бұзбайды ғой. Әрине, Димаш сахнаға  шыққанда,  әншіні  жақыннан  көрмек  болып есі шығып, шепті бұзбақ болған жанкүйерлер болды.  Төрткүл дүниені  дауысымен тамсандырған әнші сахнаға шыққанда бұндай жанкүйерлердің болмауы мүмкін емес. Ұлттық ұлан сапында ауқымды іс-шаралардың қауіпсізідігін уысыңнан шығармай, бақылауда ұстау жеке өзіндік ұстанымыма керағар келмейді. Керісінше, қаруластарым  да  Отан алдындағы борышын  Ұлттық ұлан сапында өткергендерін мақтан санайды. Тіпті, мерзімді әскери қызметін өткергеннен кейін келісімшартқа тұрып, әскери салаға толыққанды бет бұрамын деп жоспар құрған қаруластармен де таныспын. Өзіме келсем,  менің  де әскерге келудегі өзіндік себебім бар.

- Қандай себеп? Ер азамат болған соң ел алдында Отан алдындағы  борышыңды өтеуді  парызым  деп санағаныңнан  болар? 

-  Әрине,  Отан алдындағы борышымды  өткеруді  азаматтық  парызым деп санаймын. Дегенмен, өмірімнен  орын  алған  өзге де  оқиғалардан  кейін  мен әскери салаға әсіресе, Ұлттық ұлан қатарында қызмет еткім  келді.  Өйткені,  қоғамда  болып   жатқан  жаншошырлық  оқыс  оқиғалардың алдын  алуда титтей де болсын өз үлесімді қосқым келеді. Күні кеше Алматы қаласында  12  жасар баланы  13  жастағы жасөспірім пышақтап өлтірді деген күдікке ілінді. Түрксіб ауданында болған оқиға барысы бойынша жеткіншектер арасында дау туындап, соңы адам өлімімен аяқталған. Қаза тапқан баланың туыстарының айтуынша, Абылайға тоғыз рет пышақ жарақаты салынған. Міне, ойлаңызшы, оқушының артында ата-анасы аңырап қалды. Қара жамылған отбасының  қайғысынан қоғамдағы балалар арасындағы  қатігездіктің көрінісін аңғару қиын емес.

Біржолы үйде әке-шешем бар, кешкі астан кейін  көгілдір   көк  жәшіктен  жаңалық   қарап  отырып,   жағамызды ұстадық. Тапа тал  түстің  өзінде  зорлап кетті,  ұрлап  кетті деген ақпараттардан құлағдар болғанда ашуға ерік  бергенің  соншалықты,  буырқанған бурадай бұла күшіңді  қайда   жұмсарыңды  білмей  дал  болып,  қабырғаны ұрарсың  келіп. Әттең, сол сәтте мен болсам, бәтшағардың жонарқасына таспа тіліп, жанын жаһаннамға  аттандырар едім деп  күйінесің. «KTK» телеарнасында  мектеп  ауласын  үнсіз  назарға  алып,  өрімдей  қыздарға  көзінің  сұғын  қадаған   азғынның  опасыз әрекеттері туралы  жаңалық  көргенде түн  ұйқым төрт бөлінді. Өйткені,  әлгі мектеп мен тұратын ауданда орналасқан еді.  Әрине,  жұмыста жүрген  соң арқа созар  бос  уақыт  табу  мүмкін емес.  Айналдырған   бір жетідегі  бір демалысың  өздігімен  кетеді.  Ал,  Ұлттық  ұлан  сапында  мен  көше қауіпсіздігін  қырағы бақылауға аламын. Яғни,  озбырларға  қарсы лапылдап іште  жанған  қайсар рух   жауынгерлік қызметпен бірге астасып, өмірге деген құлшынысымды арттыра түсіргендей.      

-  Сені аласапыран күйге түсірген қайнаған  ашу-ызаң  жігер шашқан отты көздерің көрініп тұр. Бұндай  шамырқаныстың  астарында не жатыр?  

-  Оның бір  себебін  жоғарыда айтып өттім әлгінде.  Жалпы, біз бейбіт күннің астында  тек мамыражай күн кешу қажетпіз.  Өткен  жылдың  жазында  Семей  қаласында  тұратын  сыныптасымды  біреу  белгісіз  затпен тасадан  ұрып  құлатып,   зорламақ болуға әрекеттенген. Абырой болғанда,  алыстан  көрген   қаймана  айқайға басып,  күдікті қашып кетіпті.  Әліппе бетін  бірге ашқан  жамандыққа   қимас  танысым  таң бозарған   уақытта   жүгіруді  ермек қылған көрінеді. Құлаққап  арқылы  музыка  тыңдап,  спортты  жанына  серік еткен ол  шабуыл жасаушының түрін көрмек  түгілі,  сұлбасын шырамыта  да  алмайды.  Халін сұрап,  аурухана  барғанымда әлі де  есеңгіреп жатыр.  Еркек біткенді  көрсе,  көзі  атыздай  болып,  жалма-жан көрпешесін  бүркене қояды. Тіпті, ақ халатты ер дәрігерлердің  науқастың маңайына жолауы мұңға айналған. Бұл көрініс әсіресе,мені қатты түршіктірді. Шошынып қалған  танысымды көріп,  оспадарларға  деген  өштігім одан сайын ұлғая түсті.  Бұдан  кейін мен жұмыстан шыққан уақытта көшеде маған күдікті  көрінгеннің  жанына барып, сағат  уақытын  әлде шылым сұрағандай  емеурін танытып, адамның  түр сипаты мен  сөз саптауын зерделеуге тырысатынмын.Осылайша, қаншалықты   терісқылықты екендігін аңғаруға барымды салдым.  Әрине,   мал  аласы  сыртында,  адам  аласы ішінде демекші,   кісінің   ішінде   не жатқанын  білу өте  қиын. Әмбе, бұлай жүргенге  сағыздай созылған  уақыт  керек. Оларда мен жұмыстан шыққан кеш қарайған  уақытта яғни, кісі нөпірі саябырсыған шақта жүрмейтін сияқты. Керісінше, ығы-жығы  ел ішінде елеусіз жүріп,  сұрқия ойларын  іске  асырады. Дегенмен, қоғамда,  сонымен қатар менің ортамда белең алған жағдаяттарға  қарап, қараниеттелердің қарасы  сиремесе,  көбейіп  бара жатқанын түйсіндім. Осы тұстан келгенде менің Отан  алдындағы азаматтық борышымды  Ұлттық  ұлан  сапында өткеруім  мен үшін таптырмас қуаныш болды. Айта кетейік,  Ұлттық  ұлан  қызметі қала көшелеріндегі қоғамдық тәртіпті  сақтаумен  шектеліп қалмай,  аса маңызды мемлекеттік нысандар  мен  түзеу  мекемелерін  күзетеді.   Өңірдегі  кез келген мәдени іс-шаралардың ойдағыдай жүзеге  асуына ықтимал етіп,  шаһарға  табан тіреген елеулі азаматтардың  қауіпсіздігін өз мойынына алады. Бұдан өзге аумақта  орын  алған  төтенше  оқиғалар  мен табиғи апаттардың дөп ортасынан табылып,  зардап  шеккендерге  көмек көрсетеді. Сондай-ақ террористік шабуыл болған жағдайда «Антитеррористік операция»  жүргізіп, қылмыскерлердің  жолын кеседі. Сондай-ақ, жаппай тәртіпсіздік орын алғанда бүлікшілер мен жанжалдасушы тараптарды ажыратып,  қоғамдық тәртіп пен заңдылықтың орындалуын баса назарға ұстайды.  Жеке өз басым,  қала тыныштығын  бақылауға алуда мұрша таппай, жауынгерлік  қызметімді  аса  іждағаттылықпен  орындауға  дайынмын.

-  Яғни, көше қауіпсіздігін қадағалау  сенің бұрыннан  көкейде жүрген ойларыңмен  етене сабақтасып  тұрғаны ғой?

- Әрине, тек әскери бөлімге келіп бойдағы  қызбалықты   салмақтылыққа, қатаң тәртіпке алмастырдық. Әскери бөлімде қала көшелерін  торуылдау үшін алдымен   жауынгерлік  міндеттер мен әскери  жарғыларды, сонымен қатар ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы  кодексін тағы бір қайталап,  қоғаммен  жұмыс  жасаудағы ескеретін  маңызды тұстарына  баса  мән береді.  Дегенмен,  мен  әскери  борышымды  орындау  кезінде  іштегі  мақсатымды орындаймын. Сол үшін де жауынгерлік жасақпен әсіресе,  шаһардағы  мектеп,  балабақша  ауласын  торуылдауға  білек  түре  кіріскім  келеді.  Жоқ  дегенге бір күдіктіні тарпа бас салып,  құрықтасам ол мен үшін азаматтыққа тән дүние болып саналады.  Сондай-ақ,  делқұлы  күйде жатқан  сыныптасымның  алдын  да  бетім жарық.  Сондықтан  жауынгерлік  қызмет барысында нәзік жандыларға зорлық-зомбылықтың адам есіне кіріп шықпайтын түр-түрін істейтін   қылмыскерлерді  құрықтауда барымды саламын. Сонымен қатар,  мен әскерге дейінгі яғни  жұмыстан шыққан уақыттағы сүлесоқ кейіпте оларды іздемеймін.

- Қатардағы қаруластарыңның жауынгерлік қызметке деген құлшыныстары  да  дәл  өзіңдікіндей  болар?

-  Әрине,  Отан  алдындағы  парызын  өткеруге  келген  әрбір  азамат  қоғамның  тыныштығын  күзетуде  жұдырықтай  жанын  шүберекке түйіп беруге дайын. Бірақ, әркімнің ұстанымы  өмірде  орын  алған оқиғаларға байланысты. Өйткені, қаруласымның біреуі синтетикалық есірткі тасымалдайтындарды  ұстап  алсам деп   тістеніп  тұрады.  Әңгіменің  байыбына барып, астарына үңілмедім. Алайда, оның тағдырында нашақорлыққа деген желкенішті сезім бұрыннан бар сияқты.

- Жалпы, мұндай айбынды жауынгерлік жасақты көргенде-ақ ішіне бүккен астыртын ойы бар күдіктінің секем алатыны айдан анық қой?

- Мен бейбіт елдің аспанында тек тыныштықтың салтанат құрғанын қалаймын. Бірлігі жарасқан  ынтымағы бекем мемлекетте қылмыскердің   болмауы шарт. Қазір,  жалпы, қылмыстың бетін ашуда бейнекамераларға сүйенеді. Ал, бейнекамераны  тек  болған оқиғадан кейін ғана тексеріп жатамыз.  Ал,  ұландықтар  күдіктінің қылмысқа баруының алдын алады деп ауыз толтырып айта аламын. Көшеде суыт жүрісін өзгертіп,  бізге жасқана қарап, қипылықтағандардың   жүріс бағытын қадағалап  артынан аңдимыз. Я ғни,  айбарлы жауынгерлерді көру арқылы бұзақылардың  мысы басылады. Ұсталып, қалмай тұрғанда, «елімді табайын» деп, тығырықтан шығар жол іздеп, қаша жөнеледі немесе иін тірескен ел ішіне күмп етіп кіріп кетеді. Көрдіңіз бе?  Яғни,   оның   бастапқы  арамза  ойы  жүзеге  аспай,   ісі насырға шапты.   Ал, оған  жауынгерлік  жасақ  сепкі  болды.

- Мардымды сұхбатыңа көп рахмет. Алдағы күрделі де қызықты сарбаздық қызметіңе сәттілік тілеймін.

Лейтенант  Рүстем Мұхамет-Рақым,

Өскемен  қаласы  

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Как разместить агитационные материалы политическим партиям на DKNews.kz

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -