Қазақстанда жасалған өнім дегенде көпшілік өндіріс орындарын елестетеді.
Бірақ бүгінде бұл ұғымның мазмұны әлдеқайда кеңейді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Енді оның артында зауыт қана емес, қазақстандық ғалымдардың еңбегі, инженерлік шешімдері мен инновациялық технологиялары тұр.
Бүгінде отандық ғылымның нәтижелері зертханадан шығып, нақты өндірісте қолданылып жатыр. Ерекше балаларға арналған мобильді қосымшалар, ауыз суды тазартатын жаңа сүзгілер, мал шаруашылығына арналған биоорганикалық қоспалар, түйе сүтінен жасалған функционалдық өнімдер мен құрылыс индустриясына арналған технологиялар – мұның бәрі қазақстандық ғалымдардың әзірлемелері.
Бұл жобалар ғылымның тек теориямен шектелмейтінін, ел экономикасына нақты пайда әкелетін құралға айналып келе жатқанын көрсетеді.
«Қазақстанда жасалған» енді жай ғана белгі емес
Қазақстан Үкіметінің отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов «Қазақстанда жасалған» белгісін ұлттық сапа бренді ретінде дамыту міндетін қойды.
Бұл бастама қазақстандық өнімдердің сапасын арттыруға, олардың бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге және ішкі әрі сыртқы нарықтағы беделін нығайтуға бағытталған.
Осы мақсатқа жетуде ғылымның рөлі ерекше. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Ғылым комитетінің «Ғылым қоры» АҚ ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруды жүйелі түрде қолдап келеді. Гранттық қаржыландырудың арқасында көптеген жоба зертханалық кезеңнен өтіп, нақты өндіріс пен нарыққа жол ашқан.
Ерекше балаларға арналған қазақ тіліндегі цифрлық шешім
Отандық ғылымның табысты жобаларының бірі – Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ғалымдары әзірлеген «Сауатты бала» және «Дыбыстар әлемі» мобильді қосымшалары.
Қазақ тілінде жасалған бұл платформалар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған. Қосымшалар сөйлеу дағдыларын дамытуға, дыбыстарды дұрыс айтуға және танымдық қабілеттерді жетілдіруге көмектеседі.
Бүгінде олар App Store мен Google Play арқылы қолжетімді.
Ауыз суды тазартатын жаңа технология
Экологиялық қауіпсіздік мәселесі күн сайын өзекті бола түсуде. Осы бағытта С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ғалымдары модификацияланған көміртекті материалдар мен графен оксиді негізінде жаңа су сүзгілеу жүйесін жасап шығарды.
Жаңа технология композитті сорбенттердің көмегімен ауыз суды тиімді тазартуға мүмкіндік береді. Сүзгілер бірнеше рет қолдануға жарамды, механикалық тұрғыдан берік әрі тазарту тиімділігі жоғары.
Бұл әзірлеме тұрғын үйлерде, мектептерде және басқа да әлеуметтік нысандарда қауіпсіз ауыз суға қолжетімділікті арттыруға бағытталған.
Мал шаруашылығына арналған отандық өнім
Агроөнеркәсіп саласында да ғылымның нәтижесі өндірісте қолданылып жатыр.
Қазақстандық ғалымдар әзірлеген Al Karal биоорганикалық азықтық қоспасы бүгінде өндіріске енгізілуде. Леонардиттен алынатын гуминді және фульвоқышқылдары мол өнім ауыл шаруашылығы жануарлары мен құстарының иммунитетін күшейтіп, ас қорыту жүйесінің жұмысын жақсартады.
Сонымен бірге өнім мал мен құстың өнімділігін арттыруға, шығынды азайтуға және импорттық баламаларға тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік береді.
Түйе сүтінен жасалған функционалдық тағамдар
Қазақстандық ғалымдар түйе сүтінен арнайы мақсаттағы жаңа сүт өнімдерін өндіру технологиясын да әзірледі.
Оның негізінде пастерленген түйе сүті, пробиотикалық йогурт, сүзбе массасы және ірімшік өндіріледі.
Бұл өнімдер лактозаға төзімсіздігі бар адамдарға, сиыр сүтіне аллергиясы бар тұтынушыларға, сондай-ақ дұрыс тамақтануды ұстанатын және қант диабетімен өмір сүретін азаматтарға арналған.
Мамандардың айтуынша, бұл жоба функционалдық тағам өндірісін дамытуға, импортты алмастыруға және қазақстандық өнімдердің экспорттық әлеуетін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Қалдықты құрылыс материалына айналдырған технология
Құрылыс саласында да отандық ғылым нақты нәтижесін көрсетіп отыр.
PhD докторы, профессор Руслан Нұрлыбаев жетекшілік ететін ғылыми топ өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу арқылы құрғақ құрылыс қоспаларын шығару технологиясын әзірледі.
Осы технология негізінде Алматыда жылына 20 мың тонна өнім өндіретін өндіріс іске қосылған. Қазір бұл өнімдер құрылыс саласында кеңінен қолданылып, өндірістік қалдықтарды тиімді пайдалануға және отандық құрылыс материалдары өндірісін дамытуға ықпал етіп келеді.
Ғылым экономикаға жұмыс істей бастаған кезде
Бұл жобалардың барлығы бір маңызды өзгерісті көрсетеді. Бүгінде «Қазақстанда жасалған» белгісі тек тауардың шыққан елін ғана білдірмейді.
Ол қазақстандық ғылымның, инженерлік ойдың және инновациялық технологиялардың нақты нәтижесіне айналып келеді.
Қазір «Ғылым қоры» АҚ қолдауымен ғылыми қызмет нәтижелерін коммерцияландыру бағытында 205 жоба жүзеге асырылып жатыр.
Бұл бастамалар ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты күшейтіп қана қоймай, жоғары технологиялық өндірістердің дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және қазақстандық өнімдердің әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жол ашуда.


