«Қазақстанда жасалған»: отандық өндірушілерге мемлекет қандай қолдау көрсетеді?

638
Фотосурет: Максима Золотухина/DKNews.kz

Тамақ өнеркәсібін дамыту және отандық тауарлар өндірісін ұлғайту — азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, ұлттық өндірушілерді қолдауға әрі тұрақты экономиканы қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау аясында үкімет отандық өндірушілердің сауда желілеріне қолжетімділігін кеңейтіп, импортқа бақылауды күшейтіп, қазақстандық тауарларды қолдауға арналған цифрлық құралдарды әзірлеуде. Бұл шаралар ішкі нарықты нығайтып, шикізаттық емес экспорттың өсуін жеделдетуге тиіс.

Алдымен статистикаға назар аударайық. ҚР Сауда және интеграция министрлігінің (СИМ) деректеріне сәйкес 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанның ішкі тауар айналымы 15,3%-ға өсіп, 36,2 трлн теңгеге жетті. Азық-түлік тауарларының сатылымы 27,8%-ға артып, 8,7 трлн теңгені, ал азық-түлікке жатпайтын тауарлардың сатылымы 11,7%-ға өсіп, 27,3 трлн теңгені құрады. Сонымен қатар аса маңызды азық-түлік импортының үлесі 15,3%-дан 14,7%-ға дейін төмендеді, бұл оң көрсеткіш болып саналады.

ҚР СИМ ақпаратына сай қазақстандық өндірушілер күнбағыс майы, ұн, күріш, картоп, пияз, сәбіз, макарон өнімдері, сиыр еті және қой еті бойынша ішкі сұранысты 100%-дан астам қамтамасыз етеді. Ал сүт пен жұмыртқаға деген ішкі сұраныс іс жүзінде толық қамтамасыз етіледі. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің (АШМ) деректері негізгі азық-түлік өнімдерінің басым бөлігі бойынша қамтамасыз ету деңгейі 80% және одан жоғары екенін көрсетеді, сонымен қатар құс еті, балық, қант, ірімшік пен сүзбе, шұжық өнімдері және алма бойынша бұл көрсеткішті 80%-дан жоғары деңгейге жеткізу үшін отандық өндірісті ұлғайту және импортты алмастыру бағытында нысаналы жұмыс жүргізілуде.

Енді ҚР СЖжРА Ұлттық статистика бюросы (ҰСБ) ай сайын жариялайтын тауарлық матрицаға назар аударайық. Қазіргі таңда өзекті болып саналатын 2026 жылғы мамыр айының деректеріне сәйкес азық-түлік пен сусындардың басым бөлігі бойынша сұранысты қамтамасыз ету деңгейін жоғары деуге болады. Нақтылай кетсек, ҰСБ жалпы ресурстардағы отандық өндірістің үлесін көрсетеді, яғни, қазақстандық өндірушілердің ішкі нарықтағы сатылымды ғана емес, экспорттық жеткізілімдерді де қаншалықты қамтамасыз ететінін көрсетеді. Сондықтан бұл көрсеткіштерге назар аударған жөн. Матрицаға сүйенсек, қазақстандық өндірушілер негізгі санаттардың басым бөлігі бойынша ішкі және сыртқы сұраныстың 80%-дан астамын қамтамасыз етеді. Негізінен төмен қамтамасыз ету деңгейі Қазақстанда объективті себептерге байланысты өндірілмейтін санаттар (кейбір жаңғақ түрлері, шоколад, шай және кофе) немесе сұранысы жоғары емес санаттар бойынша (шошқа майы) ғана байқалады. Алайда жергілікті өндірісті дамытуды қажет ететін санаттар да бар, мұны ҚР АШМ да атап өтеді, олардың қатарында қант, балық өнімдері, теңіз өнімдері және басқа да тауарлар бар.

Толық мәлімет ақпараттық кестеде берілген.

Министрліктер, үкімет және салалық ұйымдар отандық тауар өндірушілерді қолдау үшін логистика мен мерчандайзингтен бастап цифрландыру мен «ақылды» технологияларға дейін түрлі қолдау шараларын жүзеге асырып келеді.

Отандық тауарлар дүкен сөрелерінде де, сауда орындарында да, интернетте де көбейеді

Мемлекеттік қолдау аясында қазақстандық өнімдер үшін заңнамада азық-түлік тауарларына кемінде 50%, азық-түлікке жатпайтын тауарларға кемінде 30% сөре кеңістігі қарастырылған, ал мемлекеттік қолдау алатын сауда объектілерінде бұл көрсеткіш тағы 20%-ға артады. Талаптардың тек формалды орындалуын болдырмау үшін олардың күші әрбір санат пен кіші санатқа жеке қолданылады, осыған қатысты тиісті заңнамалық өзгерістер әзірленді.

Отандық тауарлар қолжетімді орындарға қойылып, «Қазақстанда жасалған» белгісімен таңбалануға тиіс, бұл талап маркетплейстерге де (Kaspi, Halyk Market, Clever, TEEZ және басқа да) қолданылады. Жаңа өндірушілер үшін стартап сөрелері мен «жасыл» сөрелер қарастырылған. Сауда желілеріне өндірушілердің өнімдерін жеткізуге негізсіз бас тартуға тыйым салынады, ал жалдау ақысының мөлшерін жылына бір реттен жиі қайта қарауға жол берілмейді. Ірі сауда желілерімен (Magnum, Small, «Дина» және басқа да), сондай-ақ «Атамекен» ҰКП-мен тиісті меморандумдар жасалды.

Елімізде жыл сайын 10 мыңнан астам ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізіледі, ал биылғы жылдың басынан бері олардың саны 4,6 мыңға жетті. Мұндай жәрмеңкелерде отандық өндірушілерге сауда орындары тегін беріледі.

Бақылау және цифрлық шешімдер

Қазақстандық өндірушілерді қолдау техникалық реттеу және стандарттау арқылы жүзеге асырылады. Осылайша, сауда желілерінің сөрелерінде де, шекарада да 11 тауар тобы бойынша сапаны бақылау күшейтілді, бұл өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ішкі нарықты, соның ішінде адал емес импорттаушылардан қорғауға мүмкіндік береді. Елде 20 техникалық регламент пен 9 756 ұлттық стандарт қолданылады, соның нәтижесінде импорт шектеліп, азық-түлік, азық-түлікке жатпайтын тауарлар бойынша отандық өндіріс көлемі артты. Сонымен қатар жоғары стандарттар қазақстандық экспорттаушылардың әлеуетін күшейтеді: мәселен, «Халал» бойынша 29 стандарт енгізіліп, соның нәтижесінде екі жыл ішінде ет экспорты 50%-ға өсті.

Цифрландыруға да ерекше көңіл бөлінеді. Ұлттық каталогта тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің 85 мың түрі жіктелді, 30 млн тауар цифрландырылып, 67,7 мың пайдаланушы тіркелді. Оның негізінде жасанды интеллект талдауына негізделген Қазақстанның «Сауданың цифрлық айнасы» құрылып жатыр.

Бұдан бөлек, биылғы жылдың соңына дейін өндірушілер мен сауда желілері арасында тікелей цифрлық арна болатын QazTrade Retail платформасын іске қосу жоспарланып отыр.

Қазақстандық өнімнің сыртқы нарықтарға шығуын қолдау

Өндірілген тауарлардың шамамен 44%-ы экспортқа шығарылады. Жыл сайын 300-ден астам қатысушының қатысуымен шамамен 10 сауда миссиясы өткізіліп, 120 компания экспорттық акселерациядан өтеді. Биылғы жылдың алғашқы бес айында шикізаттық емес экспорт 14,5%-ға өсіп, 11,8 млрд АҚШ долларына жетті: азық-түлік экспорты 34,4%-ға өсіп, 1,6 млрд АҚШ долларын құрады, ал азық-түлікке жатпайтын тауарлар экспорты 12%-ға артып, 10 млрд АҚШ долларынан асты. Соңғы бес жылда өңдеу деңгейі жоғары өнім экспорты 2,5 есеге артып, 4,2 млрд АҚШ долларынан 11,1 млрд АҚШ долларына жетті, ал оның үлесі 38,8%-ды құрады.

Сондай-ақ қазақстандық өнімді Lulu Hypermarket, Carrefour, Gross, Panda, Spinneys және басқа да ірі шетелдік сауда желілерінің сөрелеріне орналастыруды көздейтін жаңа қолдау шарасы пысықталып жатыр.

Бұл қолға алынған шаралардың бір бөлігі ғана, олардың нәтижесі қазірдің өзінде байқалып отыр. Мәселен, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда азық-түлік өндірісінің көлемі 4 трлн теңгеге жетіп, 8,4%-ға өсті, ал 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында бұл көрсеткіш тағы 14,7%-ға артты. Қазақстандық өнімге ел ішінде де, шетелде де сұраныс жоғары. Тағы бір маңызды жайт: ҚР АШМ деректеріне сәйкес 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан ұн мен зығыр экспорты бойынша әлемде екінші, жасымық экспорты бойынша төртінші, күнбағыс майы экспорты бойынша алтыншы, бидай экспорты бойынша жетінші, ал арпа экспорты бойынша сегізінші орын алды.

АӨК-тегі негізгі капиталға салынған инвестициялар да қарқынды өсіп келеді. 2025 жылы олардың көлемі 1,6 трлн теңгені құрап, бір жыл бұрынғыдан 46%-ға артты. Ал 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында салаға салынған күрделі инвестициялар 926 млрд теңгеге жетіп, 55%-ға өсті.

Қазақстанның азық-түлікпен өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейінің жоғары екенін халықаралық сарапшылар да растайды. Мәселен, 2025 жылы Геттинген және Эдинбург университеттерінің сарапшылары Nature Food журналында жариялаған зерттеуге сәйкес ҚР азық-түліктің негізгі жеті тобының бесеуі бойынша ішкі қажеттілікті толық қамтамасыз етеді, олар — көкөністер, сүт өнімдері, ет, бұршақ тұқымдастар, жаңғақтар мен тұқымдар, сондай-ақ құрамында крахмал бар өнімдер. Сарапшылардың мәліметінше, өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі жеткіліксіз санаттар – тек жемістер мен балық.

Орталық Азия елдері арасында бұл — ең жоғары көрсеткіштердің бірі: негізгі бес өнім тобы бойынша Өзбекстан мен Қырғызстан да өзін-өзі толық қамтамасыз етеді, ал Түркіменстан төрт, Тәжікстан үш топ бойынша қамтамасыз етілген. Әлемдік деңгейде де Қазақстанның көрсеткіші жоғары: зерттеуге енгізілген 186 елдің ішінде тек Гайана ғана азық-түліктің барлық жеті тобы бойынша өзін толық қамтамасыз етеді, ал Қытай мен Вьетнам алты топ бойынша қамтамасыз етілген. Бұл зерттеу туралы біз бұған дейін де жазған болатынбыз.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Как разместить агитационные материалы политическим партиям на DKNews.kz

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -