Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға үміткерлер үшін маңызды кезең жақындап қалды.
10 тамыздан бастап азаматтық алу үшін қажетті тестілеуге өтініш қабылдау басталады. Тіркелуге небәрі 10 күн беріледі, деп хабарлайды DKNews.kz.
Өтініштер 10-20 тамыз аралығында Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайты арқылы немесе UTO мобильді қосымшасында қабылданады.
Ал тестілеудің өзі 22 тамызда өтеді.
Үміткерлер нені білуі керек?
Қазақстан азаматтығын алуға үміткерлер үш бағыт бойынша білімін тексереді. Тест мемлекеттік тілді білу деңгейін ғана емес, елдің Конституциясы мен тарихынан хабардар болуды да бағалайды.
Тестілеу мына бөлімдерден тұрады:
- қазақ тілі – 30 тапсырма, шекті балл – 15;
- Қазақстан Республикасы Конституциясының негіздері – 40 тапсырма, шекті балл – 20;
- Қазақстан тарихы – 30 тапсырма, шекті балл – 15.
Қазақ тілі бойынша тапсырмалар қазақ тілінде беріледі. Ал Конституция негіздері мен Қазақстан тарихы бойынша тестті үміткер қазақ немесе орыс тілінде тапсыра алады.
Жалпы тестте 100 тапсырма бар. Ең жоғары нәтиже – 100 балл, ал тестілеуден өту үшін кемінде 50 балл жинау қажет.
Тест тапсыруға қанша уақыт беріледі?
Негізгі тестілеу уақыты – 2 сағат 10 минут.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қосымша уақыт қарастырылған.
"Мүмкіндігі шектеулі (мүгедектігі бар) тұлғаларға тестілеу тапсыру үшін қосымша 30 минут беріледі. Тестілеуге қатысу құны – 14 693 теңге. Толық ақпарат testcenter.kz сайтында "Азаматтық алуға үміткерлерге" бөлімінде қолжетімді", – деп хабарлады Ұлттық тестілеу орталығы.
Осылайша, ерекше қажеттілігі бар үміткерлерге тест тапсырмаларын орындауға жалпы уақыттан бөлек тағы 30 минут беріледі.
Тестілеу қанша тұрады?
Азаматтық алуға үміткерлер үшін тестілеуге қатысу құны – 14 693 теңге.
Тіркелуді соңғы күнге қалдырмаған жөн: өтініш қабылдау 20 тамызда аяқталады, ал екі күннен кейін, 22 тамызда, тестілеу өткізіледі.
Тестілеу тәртібі, талаптар мен тіркелуге қатысты толық ақпарат Ұлттық тестілеу орталығының testcenter.kz сайтындағы "Азаматтық алуға үміткерлерге" бөлімінде жарияланған.