Жол-көлік оқиғасынан кейін жүргізушінің ойы көбіне көлікті жөндеуге, құжаттарды тез рәсімдеуге және сақтандыру төлемін алуға кетеді.
Дәл осындай күйзелісті сәтті түрлі делдалдар да пайдалануы мүмкін, деп хабарлайды DKNews.kz.
Олар мәселені «толық шешіп береміз» деп уәде етіп, сенімхат рәсімдеуді немесе сақтандыру төлемін алу құқығын өздеріне беруді ұсынады.
Алайда мұның соңы жүргізушінің өзіне тиесілі ақшаның бір бөлігінен айырылуына, ал кей жағдайда жеке деректеріне байланысты әлдеқайда күрделі мәселелерге әкелуі мүмкін.
«Freedom Insurance» СК» АҚ Басқарма төрағасы Азамат Керімбаев ЖКО-ны рәсімдеу кезінде қандай қауіптерге назар аудару керегін және сақтандыру төлемін делдалсыз қалай алуға болатынын түсіндірді.
«Барлығын өзіміз шешеміз»: делдалға жүгінудің қаупі неде?
ЖКО-дан кейін автозаңгерлердің немесе басқа делдалдардың көмегіне жүгіну міндетті емес. Көп жағдайда жүргізуші сақтандыру компаниясының қолдауымен қажетті рәсімдердің барлығын өзі орындай алады.
Дегенмен сақтандыру саласындағы рәсімдерді жақсы білмеу және кей жүргізушілердің сақтандыру компанияларына күмәнмен қарауы делдалдарға сұраныс туғызады.
«Қаржылық және құқықтық сауаттылық деңгейінің жеткіліксіздігі, сондай-ақ автокөлік иелерінің бір бөлігінің сақтандыру компанияларына сенімсіздік танытуы салдарынан кейбір делдалдар өз көмегін ұсынады. Алайда олар әрдайым процестің ашықтығын және нәтижеге кепілдік беруді қамтамасыз ете бермейді», - деп атап өтті сарапшы.
Мәселе мынада: жүргізуші делдалға сенімхат бергеннен немесе сақтандыру төлемін алу құқығын тапсырғаннан кейін процесті толық бақылай алмай қалуы мүмкін.
Мысалы, сақтандыру компаниясы нақты қанша ақша есептегенін, оның қаншасы делдалдың қызметіне кеткенін немесе қандай қосымша шығындар ұсталғанын көлік иесі бірден біле бермейді.
Сақтандыру төлемінің бір бөлігі қайда кетуі мүмкін?
Азамат Керімбаевтың айтуынша, кейбір сенімсіз делдалдар шығын көлемін негізсіз арттырып көрсетіп, сақтандырушыға жоғары талап қоюы мүмкін.
Ал төлем жасалған кезде оның бір бөлігін сараптама, құжат жинау немесе істі сүйемелдеу қызметтері үшін алып қалады.
«Кейде сенімсіз делдалдар келтірілген залалдың мөлшерін негізсіз арттырып көрсетіп, сақтандыру компаниясына жоғары талаптар қояды. Кейін төлемнің бір бөлігін сараптама жүргізу, құжаттарды жинау, істі сүйемелдеу және басқа да қызметтері үшін ақы ретінде ұстап қалады. Нәтижесінде автокөлік иесі өзіне тиесілі сақтандыру төлемінен аз сома алуы мүмкін», - деді сақтандырушы.
Яғни жүргізуші мәселені жеңілдетемін деп, ақыр соңында өзіне тиесілі өтемнің толық сомасын ала алмай қалуы ықтимал.
«Сақтандыру компаниясы аз төлейді» деген сөзге бірден сенбеңіз
Сарапшының сөзінше, кей делдалдар клиент тарту үшін сақтандыру компанияларына қатысты теріс пікір қалыптастыруға тырысуы мүмкін.
Жүргізушілерге ЖКО-ны рәсімдеу өте қиын, ұзақ уақыт алады немесе сақтандыру компаниясы бәрібір аз ақша төлейді деген түсінік беріледі.
Бірақ қазір жағдай бұрынғыдан өзгеше.
Сақтандыру жағдайларын рәсімдеудің едәуір бөлігі цифрландырылған. Белгілі бір талаптар орындалса, ЖКО-ны полиция шақырмай-ақ Еуропротокол арқылы онлайн рәсімдеуге болады. Сонымен қатар DTP.kz секілді цифрлық сервистер де қолжетімді.
Бұл жүргізушіге делдалсыз әрекет етуге және процестің әр кезеңін өзі бақылауға мүмкіндік береді.
Ең үлкен қауіптің бірі – жеке құжаттарыңызды бөтен адамға беру
Мәселе тек сақтандыру төлемінің мөлшерінде емес.
Делдалға жеке куәлік деректерін, банк реквизиттерін және басқа да құжаттарды беру қосымша тәуекел туғызады.
«Клиенттердің құжаттары мен банк деректемелеріне қол жеткізген сенімсіз тұлғалардың автокөлік иелерінің атына несие рәсімдеген жағдайлары белгілі. Нәтижесінде тексерілмеген делдалға өз мәселесін шешуді сеніп тапсырған клиенттің өзі зардап шегеді», - деп бөлісті Азамат Керімбаев.
Сондықтан «құжаттарыңызды қалдырыңыз, қалғанын өзіміз жасаймыз» деген ұсынысқа бірден келісе салмаған жөн.
Қандай құжатқа қол қойып жатқаныңызды, қандай өкілеттік беріп отырғаныңызды және ақша кімнің шотына түсетінін алдын ала нақтылау маңызды.
Делдал қателессе, кім жауап береді?
Тағы бір маңызды жайт – мұндай делдалдардың қызметі қаржы ұйымдарының жұмысы секілді реттелмеуі мүмкін.
Олар сақтандыру нарығының тікелей қатысушылары саналмайды және сақтандыру компаниялары сияқты салалық реттеуші алдындағы талаптарға бағынбайды.
«Егер делдал қателік жіберсе немесе келісімдерін бұзса, клиент өз құқықтарын қорғау үшін қаржы ұйымдарының қызметін бақылайтын уәкілетті органға жүгіне алмайды. Өкінішке қарай, мұндай компаниялармен жұмыс істеуге байланысты барлық тәуекелді автокөлік иесінің өзі көтереді», - деп атап өтті ол.
Сондықтан ЖКО-дан кейінгі алғашқы қадамның бірі – белгісіз делдал іздеу емес, тікелей өз сақтандыру компаниясына хабарласу.
ЖКО болғанда не істеу керек?
Апат болған сәтте эмоцияға берілмей, әрекеттерді ретімен орындаған дұрыс.
Бірінші кезекте адамдардың жағдайын тексеріңіз. Зардап шеккендер болса, жедел жәрдем мен полиция шақыру қажет. Авариялық жарық сигналын қосып, авариялық тоқтау белгісін қоюды ұмытпаңыз.
Одан кейін оқиға орнын мүмкіндігінше толық тіркеп алған жөн: көліктердің орналасуын, зақымданған жерлерін, жол белгілерін және жалпы жағдайды фото мен видеоға түсіріңіз.
Бұл материалдар кейін оқиғаның мән-жайын анықтау кезінде маңызды болуы мүмкін.
Қай кезде Еуропротоколды қолдануға болады?
Егер апатқа тек екі көлік қатысса, зардап шеккендер болмаса және екі жүргізуші де оқиғаның мән-жайымен келіссе, ЖКО-ны полициясыз рәсімдеу мүмкіндігі бар.
Тағы бір шарт – келтірілген залал белгіленген лимиттен аспауы керек.
Берілген деректерге сәйкес, 2026 жылы Еуропротоколды қолдану үшін залал мөлшері 100 АЕК-тен, яғни 432 500 теңгеден аспауға тиіс.
Еуропротоколды толтырғанда ұсақ нәрсенің өзі маңызды. Оқиғаның күні мен уақытын, нақты орнын, қатысушылар туралы ақпаратты, апаттың мән-жайын және көліктердің зақымдарын қате жібермей көрсету қажет.
Ал ЖКО жалпы тәртіппен рәсімделсе, полиция қызметкерлерінің нұсқауларын және сақтандыру компаниясының талаптарын орындау керек.
Сақтандыру төлемін алу үшін не істеу керек?
ЖКО рәсімделгеннен кейін жүргізуші сақтандыру компаниясына төлем алу туралы өтініш береді және қажетті материалдарды ұсынады.
Мұнда негізгі қағида қарапайым: ақпарат неғұрлым нақты әрі толық болса, өтінішті қарау да соғұрлым жеңіл болады.
Сақтандыру компаниясы ұсынылған мәліметтерді тексереді. Қажет болса, клиентпен хабарласып, қосымша ақпарат сұратады. Содан кейін сақтандыру төлемін тағайындау туралы шешім қабылданады.
Ең бастысы – жүргізуші осы процесті өзі бақылап, қанша өтем есептелгенін және ақша қай шотқа аударылатынын біледі.
ЖКО-ны 15-20 минутта рәсімдеуге бола ма?
Freedom Insurance мәліметінше, компания Еуропротокол арқылы ЖКО-ны рәсімдеуге арналған DTP.kz цифрлық сервисін екі жылдан астам уақыттан бері пайдаланып келеді.
«Біздің компания екі жылдан астам уақыт бойы Еуропротокол тетігі арқылы жол-көлік оқиғаларын рәсімдеуге арналған жеке цифрлық DTP.kz сервисін әзірлеп, қолданып келеді. Мемлекеттік деректер базаларымен интеграцияның арқасында қосымша арқылы ЖКО-ны рәсімдеу орта есеппен 15-20 минутты алады, ал сақтандыру төлемі автокөлік иесінің шотына 5 жұмыс күні ішінде түседі», - деп атап өтті сақтандырушы.
Сарапшының айтуынша, сервисті тек Freedom Insurance клиенттері ғана емес, жағдайы Еуропротокол талаптарына сәйкес келетін басқа да автокөлік иелері пайдалана алады.
Мұндай цифрлық шешімдер бір жағынан полиция мен сақтандыру компанияларына түсетін жүктемені азайтса, екінші жағынан жүргізушінің өтемді жылдамырақ алуына мүмкіндік береді.
Жүргізуші есте сақтауы тиіс басты нәрсе
ЖКО – кез келген адам үшін күйзелісті жағдай. Осындай сәтте «бәрін өзіміз жасап береміз» деген ұсыныс өте тартымды естілуі мүмкін.
Бірақ асығыс шешімнің салдары кейін қымбатқа түсуі ықтимал.
Сондықтан белгісіз адамдарға сенімхат бермес бұрын немесе сақтандыру төлемін алу құқығын тапсырмас бұрын оның нақты не үшін қажет екенін түсініп алған дұрыс. Жеке және банктік деректерді де тексерілмеген тұлғаларға бермеу керек.
Қазіргі цифрлық сервистер көптеген сақтандыру жағдайын жүргізушінің өзіне рәсімдеуге мүмкіндік береді. Бұл тек уақытты үнемдеу емес, ең алдымен өз ақшаңыз бен жеке деректеріңізді бақылауда ұстаудың бір жолы.
«Жол-көлік оқиғасы - әрдайым күйзеліс тудыратын жағдай. Алайда жүргізуші барлық рәсімді заң талаптарына сай дұрыс орындау тәртібін білсе, сақтандыру төлемі толық көлемде, тікелей өз шотына және уақытылы түседі», - деп қорытындылады ол.