8,6 мыңға жуық адам жұмыс тапты.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында жұмыспен қамту жүйесінің тиімділігі азаматтың тұрақты жұмысқа орналасу нәтижесімен бағалануы тиіс екенін айтты, деп хабарлайды DKNews.kz.
Министр Петропавлдағы Мансап орталығы мен балаларға арналған әлеуметтік қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты.

Жұмыс адамды өзі табуы керек
Мансап орталығында Асқарбек Ертаевқа өңір тұрғындарын жұмыспен қамту бағытында атқарылып жатқан шаралар таныстырылды.
Орталық азаматтарға жұмыс іздеудің бірнеше кезеңінде қолдау көрсетеді:
- лайықты бос жұмыс орнын іздеу;
- кәсіптік оқытуға жолдау;
- кәсіпкерлік бастамаларды қолдау;
- жұмысқа орналасуға көмектесу;
- жұмысқа орналасқанға дейін сүйемелдеу.
Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында 8,6 мыңға жуық адам жұмысқа орналастырылған.

Өңір тұрғындары кәсіптік оқуға қатысып, кәсіпкерлік бастамаларын дамытуға және жұмыспен қамтуға бағытталған басқа да мемлекеттік қолдау тетіктерін пайдалана алады.
Асқарбек Ертаев жұмыспен қамту саласындағы тәсілдің өзгеріп жатқанын атап өтті.
«Бүгінде жұмыспен қамту саласындағы механизм өзгеріп жатыр. Енді адам жұмысты іздемей, жұмыс адамды табуы керек. Мамандардың міндеті – азаматқа лайықты бос жұмыс орнын ұсыну, қажет болса оқуға жіберу және жұмысқа орналасқанға дейін сүйемелдеу. Қолдау әр адам үшін нақты нәтижеге әкелуге тиіс», - деді министр.
Жұмыс іздеуге цифрлық жүйелер көмектеседі
Министрге жұмыспен қамту саласында пайдаланылатын цифрлық шешімдер де таныстырылды.
Жүйелер жұмыс іздеушінің білімі мен тәжірибесін ескеріп, бұл мәліметтерді жұмыс берушілердің сұранысымен сәйкестендіруге мүмкіндік береді.
Нәтижесінде азаматқа оның кәсіби деңгейіне сәйкес келетін жұмыс нұсқаларын ұсыну көзделген.
Мұндай тәсіл жұмыспен қамту қызметін бос жұмыс орындарын көрсететін жүйеден азаматты нақты жұмысқа орналастыруға бағытталған модельге көшіруге мүмкіндік береді.
Петропавлдағы орталық 110 баланы қабылдай алады
Жұмыс сапары барысында Асқарбек Ертаев Петропавл қаласындағы балаларға арналған әлеуметтік қызмет көрсету орталығына да барды.
Мұнда 3 пен 18 жас аралығындағы балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі.
Орталық бір мезгілде 110 баланы қабылдай алады.
Балаларға:
- күтім жасау;
- оңалту;
- медициналық сүйемелдеу;
- оқыту;
- дамыту;
- әлеуметтік бейімдеу қызметтері көрсетіледі.
Министр күндізгі бөлімді, Монтессори кабинетін, психолог және емдік дене шынықтыру кабинеттерін аралады.
Сондай-ақ орталық бөлімшелерінің жұмысымен және қызмет алушылардың шығармашылығымен танысты.
Әр балаға жеке тәсіл қажет
Асқарбек Ертаев арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету кезінде әр балаға жеке көзқарас қажет екенін атап өтті.
Оңалту бағдарламалары баланың қажеттілігі мен мүмкіндігіне қарай ұйымдастырылуы тиіс.
Негізгі мақсат — балалардың өз бетінше өмір сүру дағдыларын дамытуға және олардың өмір сапасын арттыруға жағдай жасау.
Неліктен бұл маңызды
Жұмыспен қамту жүйесіндегі жаңа тәсіл мемлекеттік қолдаудың нәтижесін азаматқа ұсынылған қызмет санымен емес, оның тұрақты жұмыс табуымен бағалауға бағытталған.
Бұл үшін цифрлық жүйелер арқылы адамның білімі мен тәжірибесін жұмыс берушілердің нақты сұранысымен сәйкестендіру маңызды.
Әлеуметтік қызмет көрсету саласында да нәтиже бірінші орынға шығады. Мұнда негізгі көрсеткіш — әр баланың жеке қажеттілігіне сәйкес оңалту, бейімдеу және дербес өмір сүру дағдыларын дамыту.

Өңірдегі әлеуметтік қызметтер талқыланды
Сапар соңында жергілікті атқарушы орган, Еңбек министрлігінің аумақтық бөлімшелері және өңірлік жұмыспен қамту қызметінің өкілдері қатысқан жұмыс кеңесі өтті.
Жиында:
- халықты жұмыспен қамту;
- азаматтарды әлеуметтік қолдау;
- еңбек құқықтарын қорғау;
- Солтүстік Қазақстан облысындағы әлеуметтік қызметтердің сапасын жақсарту мәселелері қаралды.
Осы бағыттар бойынша өңірдегі жұмысты одан әрі жетілдіру міндеттері талқыланды.

