Алматыда полиция қызметкерлері жасанды интеллектті күнделікті жұмыста қолдануды үйреніп жатыр.
Екі күндік арнайы семинарда тәртіп сақшылары заманауи технологиялардың мүмкіндіктерімен танысып қана қоймай, оларды нақты қызметтік міндеттерді шешуде сынап көрді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Оқу Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің базасында өтті. Семинар-тренингті Цифрлық үкіметті қолдау орталығы ұйымдастырды.
Жасанды интеллект полицияға не үшін қажет?
Бүгінде жасанды интеллект мәтін құрастыратын немесе сұраққа жауап беретін сервис қана емес. Үлкен көлемдегі деректі қысқа уақытта саралау, ақпаратты жүйелеу, белгілі бір үрдістерді анықтау және шешім қабылдауға көмектесу — технологияның мемлекеттік басқару мен құқық қорғау саласындағы негізгі мүмкіндіктерінің бірі.
Сондықтан семинар барысында теориядан гөрі практикалық жұмысқа басымдық берілді.
Полиция қызметкерлері жасанды интеллект құралдарын қызметтік, талдамалық және басқарушылық міндеттерге қалай пайдалануға болатынын зерттеді. Қатысушылар түрлі жағдайларды модельдеп, практикалық және тактикалық кейстерді талдады, сарапшылармен пікір алмасты.
Мәселен, жасанды интеллект ақпаратты дайындау мен сараптауды жеделдетуге, деректермен жұмысты жеңілдетуге және қайталанатын кейбір процестерді автоматтандыруға көмектесе алады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
«Жұмысты ұйымдастыру тәсілдерін едәуір өзгерте алады»
Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Айдын Кабдулдиновтың айтуынша, жаңа технологияларды меңгеру енді полиция үшін де маңызды кәсіби дағдыға айналып келеді.
— Бүгінде жасанды интеллект жай ғана заманауи технология емес, қызметтік жұмысты ұйымдастыру тәсілдерін едәуір өзгерте алатын тиімді құралға айналып келеді. Полиция үшін бұл, ең алдымен, үлкен көлемдегі ақпаратты жедел талдауға, басқарушылық шешімдердің сапасын арттыруға және жұмыс процестерін оңтайландыруға мүмкіндік береді. Сондықтан біздің міндетіміз – қызметкерлерді жасанды интеллект мүмкіндіктерімен таныстыру ғана емес, сонымен қатар бұл технологияларды сауатты әрі жауапкершілікпен, ішкі істер органдары қызметінің ерекшеліктерін ескере отырып қолдануға үйрету, – деді Айдын Кабдулдинов.
Полициядағы цифрлық дағдылардың маңызы артып келеді
Оқу бағдарламасының жеке бөлігі жасанды интеллектті нақты басқарушылық және талдамалық міндеттерде қолдануға арналды.
Қызметкерлер жекелеген процестерді автоматтандыру, ақпарат әзірлеу, деректерді талдау және әртүрлі қызметтік жағдайларда тиімді шешім іздеу мүмкіндіктерін қарастырды.
Мұндай даярлықтың маңызы алдағы уақытта одан әрі артуы мүмкін. Себебі құқық қорғау саласында ақпарат көлемі ұлғайған сайын оны жылдам әрі сапалы өңдей білу де маңызды бола түседі. Бұл ретте жасанды интеллект маманды алмастыратын құрал ретінде емес, қызметкердің жұмысын жеделдетіп, шешім қабылдау сапасын арттыруға көмектесетін технология ретінде қарастырылып отыр.
Сонымен бірге оны қолдануда деректердің қауіпсіздігі, ақпараттың дұрыстығын тексеру және технологияны жауапкершілікпен пайдалану мәселелері де ерекше маңызға ие.
Екі күндік оқу аяқталған соң қатысушыларға курстан өткенін растайтын сертификаттар табысталды.
Алматы полициясындағы бұл тәжірибе цифрлық технологиялардың құқық қорғау саласына да біртіндеп еніп жатқанын көрсетеді. Бұған дейін жасанды интеллект көбіне IT-компаниялар мен бизнеске қатысты айтылса, енді оны мемлекеттік қызметтің күнделікті процестерінде пайдалану мәселесі де алдыңғы қатарға шығып отыр.