Қазақстанда 6 заманауи оңалту орталығы пайдалануға берілді. Тағы төрт нысанның құрылысы жүріп жатыр, ал екі орталық бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде, деп хабарлайды DKNews.kz.
Мүгедектігі бар адамдардың денсаулығын қалпына келтірумен қатар, олардың күнделікті өмірде өздігінен әрекет етуіне мүмкіндік жасауға басымдық беріліп отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елде оңалту инфрақұрылымын кезең-кезеңімен кеңейту жалғасуда.

6 орталық ашылды, тағы 4 нысан салынып жатыр
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүгедектігі бар адамдарға арналған оңалту қызметтерінің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастырып келеді.

Қазіргі жағдай:
- 6 оңалту орталығы пайдалануға берілді;
- 4 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр;
- 2 нысан бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде.
Жаңа орталықтар азаматтардың денсаулығын қалпына келтіруге, тұрмыстық дағдыларын дамытуға және өз мүмкіндігін барынша пайдалануға жағдай жасауға бағытталған.
Жамбылдағы орталық 150 адамға арналған
Осындай нысандардың бірі — Жамбыл облыстық оңалту орталығы.
Мұнда 18 жастан асқан І және ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдарға, сондай-ақ жасы ұлғайғанына байланысты өзіне-өзі қызмет көрсете алмайтын азаматтарға арнайы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі.
Орталық бір мезетте 150 адамға қызмет көрсетуге арналған. Мұнда қимыл-қозғалысы шектеулі және өздігінен жүріп-тұруы қиын азаматтар да оңалтудан өтеді.
Мамандар үшін қызмет алушының қолын алғаш рет көтеруі, өздігінен орнынан тұруы немесе алғашқы қадамын жасауының өзі маңызды нәтиже саналады.
«Бұл жерге әртүрлі қызмет алушылар келеді. Кейбір адамдар қолын мүлдем қозғалта алмайтын кездері болады. Кейбірі өздігінен орнынан тұра алмайды. Әр адамның жасай алмайтын әрекеті бар. Сондықтан қолын сәл көтерудің өзі немесе өздігінен қозғала бастауы – қызмет алушы үшін үлкен жетістік. Бізде жүру тренажері де бар. Бұған дейін мүлдем жүре алмаған адамдар осы құрылғының көмегімен алғашқы қадамдарын жасай бастайды. Оның өзі біз үшін де, ем алушының өзі үшін де үлкен қуаныш. Әр адамның кішкентай жетістігінің өзі – үлкен жеңіс», – деді Жамбыл облыстық оңалту орталығының маманы Нұркелді Серікбаев.
Оңалту күнделікті өмірге бейімделуге көмектеседі
Орталықта азаматтарға бірнеше бағыт бойынша көмек көрсетіледі. Мамандар адамның физикалық жағдайын жақсартумен шектелмей, оның күнделікті өмірде өздігінен әрекет ету мүмкіндігін арттыруға күш салады.
Қызмет алушылар оңалту көмегінің тегін көрсетілетінін атап өтті.
«Өте жақсы оңалту орталығы. Осында жұмыс істейтін мамандардың барлығы өз ісін жақсы біледі. Осы кабинеттің өзінде қаншама көмек алдық. Барлық қызметті тегін алып жатырмыз. Бізге көрсетіп отырған қолдау үшін алғысымыз шексіз», – деді орталықта ем алып жатқан Майрам Жұмалықызы.
Бұл не үшін маңызды
Оңалту орталықтарының көбеюі мүгедектігі бар адамдар үшін медициналық және әлеуметтік көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Мұндай орталықтардың негізгі мақсаты — адамның денсаулығын қалпына келтірумен ғана шектелмей, оның өздігінен жүріп-тұруына, тұрмыстық әрекеттерді орындауына және қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасау.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі алдағы уақытта да мүгедектігі бар адамдарға көрсетілетін әлеуметтік және оңалту көмегін жетілдіру жұмыстарын жалғастырмақ.