Қазақстанға 1,1 трлн теңгеден астам актив қайтарылды.
Қаражат елдің барлық өңіріндегі ауыз су, медицина, білім, спорт, әуежайлар мен инженерлік инфрақұрылымға бағытталып жатыр, деп хабарлайды DKNews.kz.
Арнаулы мемлекеттік қор арқылы жалпы құны 617,7 млрд теңгеден асатын 500-ден астам жобаны қаржыландыру мақұлданған. Соның ішінде ауыз суға — 226,5 млрд теңге, денсаулық сақтауға — 176,8 млрд теңге, спортқа — 67,5 млрд теңге бөлінді.
1,1 трлн теңгеден астам актив Қазақстанға қайтарылды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында Үкімет Бас прокуратурамен бірлесіп, елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару жұмысын жүргізіп жатыр.
Бүгінде Қазақстанға негізінен ақшалай нысанда 1,1 трлн теңгеден астам актив қайтарылған.
Қайтарылған қаражат Арнаулы мемлекеттік қор арқылы әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларға бағытталуда.
Қазіргі көрсеткіштер:
- 500-ден астам жобаны қаржыландыру мақұлданды;
- жобалардың жалпы құны — 617,7 млрд теңгеден астам;
- жобалар Қазақстанның барлық өңірін қамтиды;
- негізгі бағыттар — ауыз су, медицина, білім, спорт, көлік және инженерлік инфрақұрылым.
Ауыз суға 226,5 млрд теңге бағытталды
Халықты ауыз сумен толық қамтамасыз ету міндеті аясында Арнаулы мемлекеттік қордан 267 жобаға 226,5 млрд теңге бөлінді.

Ақмола облысында 2025 жылы сумен жабдықтау жүйелерін дамытуға 23 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалды. 32 жоба ондаған ауылды орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
«Өткен жылы біздің ауылда су құбыры тартылып, үйлерге су кіргізілді. Барлық жұмыс аяқталып, тұрғындар тұрақты сумен қамтамасыз етілді. Ауылымызға көрсеткен қолдауы үшін Президентімізге үлкен рақмет», – деді Ақмола облысы Садовое ауылының тұрғыны Сұлушаш Байгулина.
Солтүстік Қазақстан облысында жалпы құны 14,9 млрд теңге болатын 28 жоба аяқталды. Соның нәтижесінде Айыртау, Есіл, Мамлют, Тайынша және Шал ақын аудандарындағы 30-дан астам ауылдың тұрғындары тұрақты ауыз суға қол жеткізді.
Абай облысында 20 мыңға жуық ауыл тұрғынын қамтыған 15 жоба іске асырылды.
Ал Алматыда Қайрат, Ақжар, Ақбұлақ, Боралдай және Қарағайлы шағын аудандарында су құбыры мен кәріз желілері салынды.
Денсаулық сақтауға 176,8 млрд теңге бөлінді
Қайтарылған активтер есебінен денсаулық сақтау саласында 191 жобаны жүзеге асыру мақұлданды. Олардың жалпы құны — 176,8 млрд теңге.

Жобалар ауылдық медициналық пункттерден бастап жоғары технологиялық медициналық кешендерге дейінгі нысандарды қамтиды.
Бүгінде:
- Риддерде 200 орындық көпбейінді аурухана салынды;
- Ақтауда жедел медициналық жәрдем стансасының құрылысы аяқталды;
- «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» аясында 145 алғашқы медициналық-санитариялық көмек нысаны салынды;
- Қарағанды облысында 6,9 млрд теңгеге 51 медициналық нысан салынып немесе реконструкцияланды;
- Перелески ауылында дәрігерлік амбулатория ашылды;
- Жітіқарада емхана пайдалануға берілді;
- Арқалықтағы облыстық аурухананы реконструкциялау жалғасуда;
- Шығыс Қазақстан облысында Гематология орталығы салынып жатыр.
Ауылдарда 3,5 мыңнан астам адам медициналық көмекпен қамтылды
Қарағанды облысының Осакаров ауданында Арнаулы мемлекеттік қор қаражатына төрт медициналық пункт пен бір дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді.
«Жаңа нысандардың арқасында ауыл тұрғындарының 3,5 мыңнан астамы алғашқы медициналық көмекпен қамтылды. Дәрігерлік амбулаторияда тексеруден бөлек, зертханалық қызметтер мен физиотерапиялық процедуралар көрсетіледі. Күндізгі стационарлар ашу жоспарлануда. Бұл ауруларды дер кезінде анықтап, шұғыл медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді», – деп түсіндірді Қарағанды облысы Осакаров ауданының аудандық ауруханасының директоры Ольга Травнева.
Бұл ауыл тұрғындарына бірқатар медициналық қызметті ауданнан немесе өңір орталығынан іздемей, тұрғылықты жеріне жақын жерде алуға мүмкіндік береді.

Балқашта науқастарды 400 шақырымға тасымалдау қажеттілігі азайды
Балқаштың медициналық инфрақұрылымына 1 млрд теңгеден астам қаражат бағытталды.

Көпбейінді аудандық аурухана жанынан хирургиялық-ангиографиялық корпус салынып, балаларды оңалту орталығы ашылды.
Жаңа корпус жедел қан тамырлары аурулары кезінде медициналық көмекті барынша жылдам көрсетуге мүмкіндік берді.
«Қайтарылған активтер қаражаты есебінен аудандық көпбейінді аурухананың корпусы салынды. Соның арқасында біз «алтын уақыт» қағидатын сақтауға қол жеткіздік. Бұған дейін жедел инфаркт алған науқастарды ауа райының жағдайына қарамастан, Қарағандыға 400 шақырым жерге жеткізуге тура келетін. Мұндай ұзақ жолға бәрі бірдей шыдай бермейтін. Қазір науқас жедел жәрдем көлігімен бірден бейінді бөлімшеге жеткізіледі. Ал қазір жарты сағат-бір сағатқа дейінгі уақыт ішінде қажетті медициналық араласуды жүргізе аламыз. Ашылған сәттен бері 138 медициналық манипуляция, оның ішінде коронарография және церебралды ангиография жасалды. 12 науқасқа стенттеу жүргізілді», – деді Балқаш қаласының көпбейінді ауруханасының директоры Серікбол Түсіпбеков.
Ауылға барған жас дәрігерлер саны екі есе өсті
Өңірлердегі жаңа медициналық инфрақұрылым жас мамандар үшін де қосымша мүмкіндік қалыптастырып жатыр.
Өткен жылы медициналық жоғары оқу орындарын 10,5 мың түлек аяқтаса, олардың 3,5 мыңы ауылдық жерлерге жұмысқа орналасқан. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есе көп.
«Жас мамандар үшін бүгінде аудандарда жұмыс істеу үшін жақсы жағдайлар жасалуда: көтермеақы, тұрғын үй және кепілді жұмысқа орналасу қамтамасыз етілуде. Шетелде оқығаннан кейін мен қайтып оралып, алған білімімді осында қолдануды шештім. Аймақтық ауруханада жас хирургтың заманауи жабдықтармен жұмыс істеуге, күрделі операциялар жасауға, тәжірибе жинауға және сонымен бірге шұғыл емдеуге мұқтаж адамдарға көмектесуге мүмкіндігі бар», — деп атап өтті рентген-эндоваскулярлық хирург Олжас Серік.
Көлік инфрақұрылымына 43 млрд теңге бөлінді
Арнаулы мемлекеттік қордан көлік инфрақұрылымындағы сегіз жобаға 43 млрд теңге бағытталды.
Соның бірі — Балқаш әуежайын реконструкциялау. Жобаға 946 млн теңге бөлінді.
Жаңғырту кезінде 1967 жылғы ғимараттың тарихи архитектуралық келбеті сақталып, аэровокзал кешені толық жаңартылды.
Терминал кеңейтіліп, тексеру кешендері мен жүк таспасы орнатылды. Ана мен бала бөлмелері жабдықталып, мобильділігі төмен жолаушылар үшін кедергісіз орта жасалды.
Әуежайдың өткізу қабілеті сағатына 60 жолаушыдан 80 жолаушыға дейін артты.
2026 жылғы 1 маусымнан бастап Балқаштан Астана мен Алматыға аптасына бес рет тұрақты рейстер орындалады.
Арқалықтан Астанаға билет 10 мың теңге болуы жоспарланған
Қайтарылған активтер есебінен Арқалық әуежайында да құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталуға жақын.
Екі қабатты аэровокзал кешені салынып, ұзындығы 2,5 шақырым болатын ұшу-қону жолағы жөнделді және қажетті техника сатып алынды.

Барлық рәсім аяқталғаннан кейін Арқалықтан Қостанай, Астана және Алматыға тұрақты рейстер ашу жоспарланып отыр.
«Қазіргі уақытта азаматтық авиация комитеті осы бағыттар бойынша рейстерді орындайтын авиакомпанияларды анықтау жөнінде конкурстық рәсімдер жүргізуде. Билеттердің құны бекітілді: Астана мен Қостанайға ұшу 10 мың теңге, Алматыға – 25 мың теңге. Кадрлық құрам құрылуда: 136 штаттық бірліктің 119-ы жұмысқа қабылданды. Бұл ретте қызметкерлердің 95%-ы жергілікті тұрғындар екенін атай кеткен абзал. Әуе қатынасын ашу аймақ үшін өте маңызды. Мысалы, егер қазір Қостанайға автокөлікпен жол шамамен бес сағатты алса, онда тұрғындар ұшақпен небәрі 40 минутта жете алады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа осындай маңызды жобаны жүзеге асырғаны үшін шын жүректен алғысымызды білдіреміз», — деп атап өтті Арқалық қаласы әуежайының басшысы Жаслан Ысқақов.
Спорт нысандарына 67,5 млрд теңге бағытталды
Спорттық инфрақұрылымды дамыту бойынша алты жобаны қаржыландыру мақұлданған. Оларға Арнаулы мемлекеттік қордан 67,5 млрд теңге бөлінді.
Көкшетауда қайтарылған активтер есебінен көпфункционалды спорт кешені салынды. Онда жекпе-жек және ойын спорт түрлеріне арналған әмбебап залдар мен заманауи тренажерлер қарастырылған.
Сонымен қатар:
- Зеренді ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды;
- Астанада Қ.Мұнайтпасов атындағы стадион реконструкциядан кейін пайдалануға берілді;
- елордадағы «Қазақстан» спорт сарайын жаңғырту жалғасуда.
Білім беру саласына 64,4 млрд теңге бөлінді
Қайтарылған активтер қаражаты есебінен білім беру саласында жалпы сомасы 64,4 млрд теңге болатын 17 жоба мақұлданды.
Петропавлда жаңа мектеп пен 280 орындық балабақша ашылды. Шымкентте арнайы мектеп-интернатқа арналған 300 орындық жатақхана пайдалануға берілді.
Жаңа білім беру нысандары Абай, Ұлытау, Жамбыл және Қостанай облыстарында да пайда болды.
Арқалықтағы Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық институт үшін жалпы ауданы 6600 шаршы метр ғимарат реконструкцияланды.
«Біз үшін бұл жай ғана жаңа ғимарат емес, сапалы білім беру мен ЖОО-ны одан әрі дамыту үшін қосымша мүмкіндіктер. Осы жылдан бастап ақпараттық технологиялар, журналистика және ауыл шаруашылығы бойынша жаңа магистрлік бағдарламалар ашуды жоспарлап отырмыз. Ғимаратта ЖИ зертханасы мен салалық орталықтар да жұмыс істейтін болады. Мұнда білім басқармаларымен бірлескен жобалар, клиникалық мектеп, инклюзивті білім беру және педагогикалық зерттеулер бағыттары, сондай-ақ халықаралық бағдарламалар дамытылады. Мұның бәрі университеттің білім беру және ғылыми мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады», — деп атап өтті Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының проректоры Жайнагүл Дүйсебаева.
Қаражат өндірістік инфрақұрылымға да жұмсалуда
Қайтарылған активтердің бір бөлігі арнайы экономикалық аймақтар мен өндірістік алаңдардың инженерлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.
Солтүстік Қазақстан облысында жаңа зауыттарға қажетті:
- кірме автожолдар;
- жылумен жабдықтау желілері;
- телефондандыру желілері;
- магистральдық суағар кәрізі салынып жатыр.
Жамбыл, Қарағанды және Абай облыстарында қазандықтар, газ құбырлары мен электр беру желілерін салу және жаңғырту жобалары жүзеге асырылуда.
Бұл қазақстандықтар үшін нені білдіреді
Қайтарылған активтерді Арнаулы мемлекеттік қор арқылы нақты жобаларға бағыттау олардың әлеуметтік әсерін өлшеуге мүмкіндік береді.
Қазірдің өзінде қаражат есебінен ауылдарға ауыз су жеткізіліп, медициналық нысандар ашылып, әуежайлар мен спорт кешендері жаңартылып жатыр. Жекелеген жобалар тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер етуде: Балқашта күрделі медициналық көмек алу үшін 400 шақырым жол жүру қажеттілігі азайса, Арқалықта әуе қатынасын қалпына келтіру жұмыстары аяқталуға жақын.
Негізгі көрсеткіш енді қайтарылған 1,1 трлн теңгеден астам қаражаттың қаншалықты тиімді жұмсалып, өңірлердегі инфрақұрылым мен қызметтердің сапасын нақты жақсартатыны болмақ.
