Қазақстан цифрлық мемлекетке көшуді жеделдетеді.
2029 жылға қарай мемлекеттік қызметтер мен әлеуметтік қолдау көрсету мерзімі кемінде екі есе қысқарып, жасанды интеллект білім беру, медицина, өнеркәсіп, банк жүйесі, логистика және мемлекеттік басқаруға кеңінен енгізіледі, деп хабарлайды DKNews.kz.
Үкімет 2029 жылға дейінгі Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын бекітті. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.
Құжат үш негізгі бағытты қамтиды: азаматтарға арналған цифрлық сервистер, бизнес пен экономиканы цифрлық трансформациялау және мемлекеттік аппаратқа жасанды интеллектіні енгізу.
Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі кемінде 50%-ға қысқарады
Азаматтарға тікелей әсер ететін негізгі өзгерістердің бірі мемлекеттік қызметтерге қатысты.
2029 жылға қарай мемлекеттік қызметтер мен әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну мерзімі кемінде 50%-ға қысқаруы тиіс.
Ол үшін жасанды интеллект, проактивті сервистер, автоматты қол қою және процестерді автоматтандыру кеңінен қолданылады.
Мұндағы негізгі нәтиже — азаматтардың мемлекеттік органдарға артық баруын және бір қызмет алу үшін бірнеше кезеңнен өту қажеттілігін азайту.
Сонымен қатар мемлекеттік ақпараттық жүйелер «Дербес деректерге қолжетімділікті бақылау» сервисіне қосылады. Бұл азаматтарға жеке мәліметтерінің қалай пайдаланылып жатқанын бақылауға мүмкіндік береді.
Түлектердің 80%-ы жасанды интеллектіні меңгеруі тиіс
Digital Qazaqstan-ның ең ауқымды бағыттарының бірі білім беру жүйесіне қатысты.
AI-SANA бағдарламасын кеңейту аясында 2029 жылға қарай мектеп, колледж және жоғары оқу орны түлектерінің кемінде 80%-ы жасанды интеллектімен жұмыс істеудің базалық дағдыларын меңгеруі тиіс.
Сонымен бірге студенттерді тереңдетіп оқыту және педагогтердің біліктілігін арттыру шаралары күшейтіледі.
2028 жылға қарай жоғары оқу орындары мен колледждердің кемінде 80%-ы білім беру процесіне жасанды интеллект технологияларын енгізіп, оқу бағдарламаларын экономиканың қажеттіліктеріне бейімдеуі қажет.
Бұл жасанды интеллект дағдыларының тек IT-мамандарға ғана емес, еңбек нарығына шығатын түлектердің басым бөлігіне қажет базалық құзыретке айналатынын көрсетеді.
Медицинада дәрігерге бармай-ақ алатын сервистер көбейеді
Денсаулық сақтау саласында бірыңғай деректер жүйесіне көшу жоспарланған.
2029 жылға қарай медициналық self-service сервистерін пайдаланатын азаматтар саны едәуір артуы тиіс.
Медициналық ұйымдардың көбі нақты уақыт режимінде мәлімет алмасатын бірыңғай цифрлық контурға біріктіріледі.
Сонымен қатар клиникалық шешімдер қабылдау кезінде жасанды интеллектіні қолдану аясы кеңейеді.
Яғни цифрлық технологиялар тек дәрігерге жазылу немесе құжат сақтау үшін емес, медициналық процестердің өзінде де пайдаланылмақ.
Энергетикалық активтердің 70%-ы цифрлық бақылауға көшеді
Бизнес пен экономика үшін цифрлық трансформация энергетика, өнеркәсіп, құрылыс, көлік, логистика және агроөнеркәсіп кешенін қамтиды.
Жылу-энергетика саласында 2029 жылға қарай активтердің кемінде 70%-ы цифрлық мониторинг жүйесіне қосылуы тиіс.
Бұл жабдықтардың жағдайын нақты уақыт режимінде бақылауға және олардың сенімділігіне қауіп төндіретін тәуекелдерді алдын ала анықтауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар энергия ресурстарының қозғалысын толық цифрлық бақылау жүйесі кеңейтіледі.
Күрделі құрылыс нысандары 100% цифрлық контурда жүргізіледі
Құрылыс саласында цифрлық бақылау нысанның бүкіл өмірлік циклін қамтиды.
2029 жылға қарай техникалық күрделі жаңа нысандардың 100%-ын жобалау кезеңінен пайдалануға берілгенге дейін бірыңғай цифрлық контурда сүйемелдеу жоспарланып отыр.
Бұл цифрлық жүйелердің құрылыс процесінің бір ғана кезеңінде емес, жобалаудан бастап нысанды аяқтауға дейін қолданылатынын білдіреді.
Жүк тасымалдары цифрлық паспортпен бақыланады
Көлік пен логистика да Digital Qazaqstan стратегиясының ірі бағыттарының бірі.
Цифрландыру жүктің бүкіл қозғалысын — өткізу пункттерінен бастап негізгі көлік дәліздері мен мультимодальды тораптарға дейін қамтиды.
Мақсаттардың бірі — жүк көліктерінің басым өткізу пункттерінен өту уақытын қысқарту.
Ол үшін тасымал туралы ақпарат алдын ала өңделіп, қолмен орындалатын операциялар азайтылады.
Smart Cargo жобасы аясында басым жүк тасымалдары цифрлық паспортпен және бүкіл маршрут бойындағы трекинг жүйесімен сүйемелденеді.
Негізгі көлік дәліздері, өткізу пункттері мен мультимодальды тораптарға интеллектуалды көлік аналитикасы енгізіледі.
Бұл инфрақұрылымның жүктемесін жедел бағалауға, көлік ағындарын басқаруға және «тар жерлер» пайда болған кезде шешімді жылдам қабылдауға мүмкіндік береді.
Шағын бизнесті физикалық тексеру азаюы мүмкін
Шағын және орта бизнес үшін басты міндеттердің бірі — әкімшілік жүктемені қысқарту.
Кәсіпорындар цифрлық жетілу деңгейін бағалаудан өтіп, цифрландыру бойынша жеке жол картасын ала алады.
Цифрлық комплаенс пен тәуекелге бағдарланған бақылау енгізілген жағдайда тәуекелі төмен ШОБ субъектілеріне жүргізілетін физикалық тексерулер саны қысқарады.
Салық саласында да жаңа модельге көшу жоспарланып отыр.
Процестердің едәуір бөлігі салық төлеушінің қосымша қатысуынсыз автоматты түрде жүзеге асырылуы тиіс.
Үкімет бұл тәсілді «көзге көрінбейтін» салықтық әкімшілендіру моделін қалыптастыру және көлеңкелі экономиканың үлесін азайту үшін пайдалануды көздеп отыр.
Банктердің кемінде 80%-ы қауіпсіз цифрлық алмасуға қосылады
Қаржы секторы да ауқымды цифрлық өзгерістерге дайындалып жатыр.
2028 жылға қарай екінші деңгейдегі банктердің кемінде 80%-ын ақпаратпен қауіпсіз алмасудың цифрлық жүйесіне қосу жоспарланған.
Жеке тұлғаларға қаржылық өнім ұсынатын және Бірыңғай цифрлық платформаға қосылған ұйымдар үшін де осындай көрсеткіш белгіленген.
Квазимемлекеттік секторда цифрландыру нақты экономикалық нәтиже беруі тиіс.
«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ портфельдік компанияларында цифрлық және AI-бастамалардың EBITDA өсіміне қосатын үлесін жылына 5%-ға дейін жеткізу көзделген.
Ал «Бәйтерек» ҰИХ» АҚ-та 2029 жылға қарай инвестициялық жобалардың 100%-ын AI-мониторингпен қамту жоспарланып отыр.
Қазақстан IT-қызмет экспортын кемінде 50%-ға арттырмақ
Стратегияның тағы бір мақсаты — отандық IT-индустрияның халықаралық нарықтағы позициясын күшейту.
2029 жылға қарай IT-қызметтер мен цифрлық шешімдер экспортының көлемін кемінде 50%-ға арттыру жоспарланған.
Жаңа технологиялық экономиканы дамыту үшін робототехника бойынша өңірлік құзырет орталықтарын құру және коммерциялық жобалармен айналысатын отандық интеграторларды қолдау қарастырылған.
Цифрлық инфрақұрылымда «ДӨО алқабы» жобасына ерекше рөл беріліп отыр.
Ол Қазақстанға жаһандық технологиялық және бұлтты технологиялар саласындағы серіктестерді тартуға, заманауи есептеу қуаттарын орналастыруға және жасанды интеллектіні кең көлемде енгізуге қажетті база қалыптастыруға бағытталған.
Цифрлық сервистер көбейген сайын киберқауіпсіздікке қойылатын талап та күшейеді.
Сол себепті жоспар мемлекеттік ақпараттық жүйелерді қорғауды күшейтуді, кибермәдениетті дамытуды және халықтың цифрлық сервистерді қауіпсіз пайдалану жөніндегі сауатын арттыруды көздейді.
Бұған дейін біз 2029 жылға дейінгі Digital Qazaqstan стратегиясының бекітілгені туралы жазған едік. Енді стратегиялық мақсаттар нақты көрсеткіштерге айналды: түлектердің кемінде 80%-ы AI дағдыларын меңгеруі, мемлекеттік қызмет көрсету уақыты кемінде 50%-ға қысқаруы, ал IT-қызмет экспорты кемінде 50%-ға өсуі тиіс.

