Субсидия енді отандық өнімге байланды. «Іскер аймақ» бағдарламасына қатысатын шағын бизнес инвестициялық жоба аясында жабдық, техника мен құрылыс материалдарын сатып алғанда қазақстандық өндірушілерге басымдық беруге тиіс, деп хабарлайды DKNews.kz.
Жаңартылған талаптар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 18 тамыздағы №729 қаулысымен бекітілді. Өзгерістер «Даму» қоры жүзеге асыратын «Іскер аймақ» шағын бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламасына қатысты.
Жабдық пен құрылыс материалын Қазақстаннан алу қажет
Бағдарламадағы ең елеулі өзгерістердің бірі инвестициялық жобаларға қатысты.
Инвестициялық шығындарға коммерциялық жылжымайтын мүлік, жабдық, техника және көлік сатып алу, сондай-ақ бизнес нысандарын салу, жаңғырту, реконструкциялау және күрделі жөндеу кіреді.
Жаңа талап бойынша инвестициялық жоба аясындағы жабдық, техника, көлік, құрылыс материалдары және басқа да активтер тиісті отандық тауар өндірушілер тізіліміне енгізілген қазақстандық компаниялардан сатып алынуға тиіс.
Егер қажетті тауар тізілімде болмаса, оны басқа өндірушілерден алуға рұқсат етіледі.
Бұл бизнес үшін сатып алу процесін күрделендіреді. Енді кәсіпкер тауардың бағасы мен техникалық сипаттамасымен қатар, оның қазақстандық өндірушілер тізілімінде бар-жоғын да алдын ала тексеруі керек.
Инвестициялық жобаға 18 ай беріледі
Жобаны іске асыру мерзімі де қысқарды.
Бұған дейін инвестициялық жобаны жүзеге асыруға 24 ай берілсе, енді ол субсидиялау басталған күннен бастап 18 айдың ішінде аяқталуға тиіс.
Белгілі бір жағдайларда мерзімді тағы алты айға дейін ұзартуға болады. Мұндай мүмкіндік заңнамадағы елеулі өзгерістер немесе алдын ала болжанбаған техникалық, экономикалық және өндірістік жағдайлар туындаған кезде қарастырылған.
Кәсіпкер үшін бұл сатып алу, құрылыс, монтаж және өндірісті іске қосу кестесін бұрынғыдан да мұқият жоспарлау қажеттігін білдіреді.
Әлеуметтік кәсіпкерлерге субсидия көлемі жоғары
Бағдарламаға қатысушылар қатары да кеңейді.
Енді әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері салалық шектеусіз мемлекеттік қолдауға қатыса алады. Олар әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімінде көрсетілген қызмет түрлері бойынша өтінім бере алады.
Бұл ретте жобаны жүзеге асыру орны мен кәсіпкердің тіркелген жері ескеріледі.
Әлеуметтік кәсіпкерлер үшін субсидиялау мөлшері номиналды сыйақы мөлшерлемесінің 50 пайызын құрайды.
Қалған кәсіпкерлер үшін бұл көрсеткіш 40 пайыз деңгейінде қалады.
Өңірлер тағы алты ЭҚЖЖ кодын қоса алады
Өңірлік әкімдіктерге де қосымша мүмкіндік берілді.
Олар Қазақстанның өңірлері мен аудандары үшін басым экономикалық қызмет түрлері ретінде қосымша алты ЭҚЖЖ кодын анықтай алады.
Бұл белгілі бір аймаққа тән бизнес бағыттарының субсидия бағдарламасына ену ықтималдығын арттырады. Яғни негізгі тізімге кірмеген қызмет түрі өңірдің басым бағыты ретінде белгіленсе, қолдау ала алады.
Кәсіпкер кез келген серіктес банкке жүгіне алады
Субсидия беру механизмі де өзгерді.
Бұрын банктер мен лизингтік компаниялар арасында лимиттер бөлінсе, енді бұл тәртіп алынып тасталды.
Кәсіпкер «Даму» қорының серіктесі болып саналатын кез келген екінші деңгейлі банкке немесе лизингтік компанияға жүгіне алады.
Алдымен қаржы ұйымы жобаны қарап, қаржыландыру туралы шешім қабылдайды. Мақұлданғаннан кейін өтінім «Даму» қорына жіберіледі.
Қор субсидия беру туралы шешімді бес жұмыс күні ішінде қабылдауға тиіс.
Оң шешім шықса, кәсіпкер, «Даму» қоры және банк немесе лизингтік компания арасында үшжақты субсидиялау шарты жасалады.
Сонымен қатар кәсіпкерге «Даму» қорының субсидия беруден бас тарту туралы шешімін Қазақстан заңнамасына сәйкес әкімшілік және немесе сот тәртібімен шағымдану құқығы берілді.
Табыс пен еңбекақы қорына бір пайыздық тармақтық ауытқу рұқсат етілді
Жобалардың тиімділігін бағалау тәртібі де нақтыланды.
Өзгерістер табыс деңгейі мен еңбекақы қоры көрсеткіштеріне қатысты.
Енді табыс пен еңбекақы қоры өсімінің нақты көрсеткіші жинақталған инфляция деңгейінен төмен болуы мүмкін. Бірақ айырмашылық бір пайыздық тармақтан аспауға тиіс.
Инфляция деңгейі туралы мәлімет Ұлттық статистика бюросының ресми сайтында жарияланады.
Егер кәсіпкерге тәуелсіз объективті жағдайлар жоспарланған көрсеткіштерге уақытында қол жеткізуге кедергі келтірсе, оған қосымша бір қаржы жылына дейін уақыт берілуі мүмкін.
Бұл үшін жобаның іске асырылғаны және қаражаттың мақсатты пайдаланылғаны расталуға тиіс.
Несие сомасы 200 млн теңгеге дейін
«Іскер аймақ» бағдарламасының негізгі қаржылық шарттары сақталды.
Бағдарламаға микро және шағын кәсіпкерлік субъектілері, ауыл шаруашылығы кооперативтері және әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері қатыса алады.
Несие сомасы 200 млн теңгеге дейін жетеді.
Қаражат инвестицияға немесе айналым қаражатын толықтыруға бағытталады.
Номиналды мөлшерлеме Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесіне 4 пайыздық тармақ қосу арқылы есептеледі.
Көпшілік кәсіпкерлер үшін субсидия номиналды мөлшерлеменің 40 пайызын құрайды. Бұл ретте кәсіпкер төлейтін мөлшерлеме 12,6 пайыздан төмен болмауға тиіс.
Әлеуметтік кәсіпкерлер үшін субсидиялау үлесі 50 пайызға дейін ұлғайтылған.
Субсидиялау мерзімі — үш жылға дейін.
Өтінім беру банк немесе лизингтік компаниядан басталады
Бағдарламаға қатысу үшін кәсіпкер алдымен «Даму» қорының серіктесі болып табылатын екінші деңгейлі банкке немесе лизингтік компанияға өтінім береді.
Қаржыландыру мақұлданған соң жоба субсидия беру туралы шешім қабылдау үшін «Даму» қорына жіберіледі.
Қор шағын және моноқалаларда, аудан орталықтары мен ауылдық елді мекендерде мобильді фронт-офистерді де іске қосып отыр.
Бұл алаңдарда кәсіпкерлер мен бизнес бастағысы келетін азаматтар мемлекеттік қолдау құралдары бойынша тегін кеңес алып, сол жерде қаржыландыруға өтінім бере алады.
Қосымша консультацияны «Даму» қорының өңірлік филиалдарынан немесе 1408 бірыңғай байланыс орталығы арқылы алуға болады.
Бұған дейін біз «Іскер аймақ» бағдарламасы аясында 300-ден астам бизнес-жоба қолдау алғаны туралы жазған едік. Енді бағдарламада жобаны 18 айда аяқтау және инвестициялық сатып алуда қазақстандық өндірушілерге басымдық беру негізгі талаптардың біріне айналды.