Қауіпсіздік басты тақырыпқа айналды.
Білім күні Алматы қаласы Полиция департаментінің бастығы Айдын Кабдулдинов оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, бірінші сынып оқушыларына ерекше назар аударды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл туралы Polisia.kz хабарлады. Қалалық полиция басшысы Шоқан Уәлиханов атындағы №12 мамандандырылған гимназияға барып, салтанатты жиынға қатысты.
Айдын Кабдулдинов оқушыларға үндеу жасады
1 қыркүйек оқушылар үшін тек жаңа оқу жылының басталуы емес. Алматы полициясының басшысы балаларға білім алуға ұмтылу, биік мақсат қою және қауіпсіздік ережелерін сақтау жөнінде ақыл-кеңес айтты.
«Бүгін — әрбір оқушы үшін ерекше күн. Әсіресе мектеп табалдырығын алғаш аттаған балалар үшін толқынысқа толы сәт. Үлкен армандар дәл осы жерден басталады, алғашқы достар табылады, мінез қалыптасады. Сіздерге қызығушылықпен оқып, алдарыңызға биік мақсат қоюдан қорықпауға және қарапайым қауіпсіздік ережелерін әрдайым есте ұстауға тілектеспін. Ал біз, ересектер, мектеп жылдарыңыздың қызықты ғана емес, қауіпсіз болуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз», — деді Айдын Кабдулдинов.
Алматы мектептеріндегі қауіпсіздік мәселесі жаңа оқу жылы қарсаңында да полиция назарында болды. Бұған дейін қаладағы білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығы тексеріліп, дабыл түймелері, бейнебақылау жүйелері, күзет және мектеп маңындағы жол қауіпсіздігі назарға алынған.
Бірінші сынып оқушыларына жол қауіпсіздігі түсіндірілді
Салтанатты шарада мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндерге ерекше көңіл бөлінді.
Жиыннан кейін Айдын Кабдулдинов бірінші сынып оқушыларының сабағына кіріп, оларды алғашқы оқу күнімен құттықтап, естелік сыйлықтар табыстады.
Полиция қызметкерлері балалармен қауіпсіздік тақырыбында шағын түсіндіру жұмысын да өткізді. Оларға жол жүру ережелері, көшеде мұқият болу және қауіп төнген жағдайда кімнен көмек сұрау керектігі түсіндірілді.
«Балалардың қауіпсіздігі — баршамызға ортақ жауапкершілік. Баланың кішкентай кезінен бастап ережелерді сақтау өзін және жақындарын қорғаудың тәсілі екенін түсінуі өте маңызды», — деді Алматы Полиция департаментінің бастығы.
Полиция мектептердегі профилактиканы жалғастырады
Жаңа оқу жылында Алматы полициясы мектептердегі профилактикалық жұмысты жалғастырмақ.
Негізгі назар балалардың қауіпсіздігіне, жол-көлік жарақатының алдын алуға және оқушылар арасында заңға бағынатын әрі қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға аударылады.
Бұған дейін біз Алматыда мектептердің жаңа оқу жылына дайындығы мен қауіпсіздігі қалай тексерілгені туралы жазған едік.