Қор нарығын кең көлемде жаңартпақ. Қазақстанда IPO-ға салықтық ынталандырудан бастап қысқа сатылымдар, цифрлық қаржы активтері мен мемлекеттік исламдық бағалы қағаздарға дейінгі 35 бастама ұсынылды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Өзгерістер Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жариялаған Капитал нарығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған бағдарламасының жобасына енгізілген. Құжат Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ұлттық Банкпен, нарыққа қатысушылармен және сарапшылар қоғамдастығымен бірлесіп әзірленді. Бағдарлама жеті бағытты қамтиды.
Негізгі мақсаттардың бірі – қор нарығы арқылы қаржы тартуды тек ірі компаниялар үшін емес, шағын және орта бизнес үшін де қолжетімді ету.

Шағын және орта бизнеске биржаға дейін жетелейтін демеуші беріледі
Акциялар нарығына шығатын шағын және орта бизнес үшін листинг демеушілерінің институтын енгізу ұсынылып отыр.
Демеуші компанияның қоғамдық мәртебеге дайындығын бағалайды, дайындық бағдарламасын қалыптастырады және инвестициялық банктердің, аудиторлар мен заң консультанттарының жұмысын үйлестіреді.
Оның жұмысы листинг аяқталған кезде тоқтамайды. Демеуші эмитентті одан әрі сүйемелдеп, ақпаратты ашу және инвесторлармен өзара іс-қимыл мәселелеріне қатысады.
Сонымен бірге ол компанияның биржа мен реттеуші алдындағы дайындық сапасына жауап береді. Мұндай ұйымдарға біліктілік, ішкі бақылау және аккредиттеу тәртібі бойынша арнайы талаптар қойылмақ.
Бұл шағын компанияның IPO-ға дайындалу тәсілін өзгертуі мүмкін: бизнеске инвестициялық банк, аудитор және заңгерлердің жұмысын өз бетінше бір жүйеге жинаудың орнына, процесті үйлестіретін кәсіби қатысушы беріледі.
IPO шығыстарын салықтан шегеру ұсынылды
Биржаға шығу тек күрделі емес, қымбат процесс. Сондықтан бағдарламада IPO дайындауға және өткізуге тікелей байланысты шығыстарды салықтық шегеру мүмкіндігі қарастырылып отыр.
Оған инвестициялық банктердің, аудиторлардың және заң консультанттарының қызметіне жұмсалған шығындар кіруі мүмкін.
Тағы бір ұсыныс – еркін айналыстағы акциялардың белгіленген үлесін сақтайтын жария компаниялар үшін корпоративтік табыс салығы мөлшерлемесін уақытша төмендету.
Қолдау көлемін орналастыру параметрлеріне және оның қайталама нарық өтімділігіне қосқан үлесіне байланыстыру жоспарланып отыр.
Яғни IPO өткізу фактісінің өзі ең жоғары жеңілдік алуға жеткіліксіз болуы мүмкін. Компания акцияларының қанша бөлігі шын мәнінде еркін айналымда болатыны да есепке алынады.
Шетелдегі IPO-ға қазақстандық инвесторлар KASE немесе AIX арқылы қатыса алады
Қазақстандық компания шетелдік биржада акцияларын орналастырса, жергілікті инвесторларға арналған тәсіл де өзгермек.
Белгіленген ең төменгі жергілікті үлестің орнына эмитенттің қазақстандық инвесторларға KASE немесе AIX арқылы орналастыруға қатысу мүмкіндігін беру міндетін бекіту ұсынылады.
Шарттар шетелдік орналастырудағы ұсыныстармен салыстыруға келетіндей болуы тиіс.
Ал Қазақстанда нақты қанша акция сатылатыны алдын ала белгіленген квотаға емес, инвесторлардың сұранысына байланысты анықталады.
Квазимемлекеттік IPO-да халыққа акциялар арнайы резервтеледі
Квазимемлекеттік сектор компанияларына бөлек тәртіп ұсынылып отыр.
IPO және SPO кезінде міндетті жергілікті транш сақталады. Оның белгілі бір ең төменгі бөлігі бастапқыда бөлшек инвесторларға резервтелмек.
Акцияларды бөлу қағидалары алдын ала жарияланады.
Егер халық тарапынан сұраныс жоғары болса, бөлшек транш ұлғайтылуы мүмкін. Ал бөлінбей қалған акциялар инвесторлардың басқа санаттарына жіберіледі.
Бұл жерде жеке компаниялар мен квазимемлекеттік секторға екі түрлі тәсіл қалыптасады: біріншісіне көбірек икемділік берілсе, екіншісінде қазақстандық бөлшек инвесторлардың қатысуы арнайы қорғалмақ.
ТОО мен толыққанды АҚ арасында жаңа корпоративтік нысан пайда болуы мүмкін
Бағдарламаның ең қызықты бастамаларының бірі – жария емес акционерлік қоғамның оңайлатылған нысанын енгізу.
Ол серіктестік пен жария акционерлік қоғам арасындағы аралық формат болуы тиіс.
Мұндай компания әртүрлі санаттағы акциялар шығара алады, айырбасталатын құралдарды пайдаланып, қызметкерлерге арналған опциондық бағдарламалар енгізе алады. Сонымен бірге капитал мөлшері мен корпоративтік басқаруға қойылатын талаптар икемдірек болады.
Компанияның мөлшері мен акционерлер саны белгіленген деңгейге жеткенге дейін директорлар кеңесін құру міндетті болмайды.
Корпоративтік қатынастардың едәуір бөлігін жарғы және акционерлік келісімдер арқылы реттеуге мүмкіндік беріледі. Акционерлер тізілімі Орталық депозитарий немесе тіркеуші арқылы электрондық форматта жүргізіледі.
Алайда мұндай компания акцияларын бірден көпшілікке ұсына алмайды. Жария орналастыру үшін ол толыққанды акционерлік қоғам болып қайта құрылуы тиіс.
Іс жүзінде бизнес дамуының жаңа сатысы пайда болуы мүмкін: ТОО – жария емес АҚ – жария акционерлік қоғам.
Инвестициялық қорларды бір құжат арқылы салыстыруға болады
Реформаның келесі бөлігі ұжымдық инвестициялар нарығын кеңейтуге бағытталған.
Инвестициялық қорлар туралы жаңа заң ақша нарығы қорларын, облигациялық және индекстік қорларды, жылжымайтын мүлік қорларын, сондай-ақ салалық және тақырыптық стратегияларды дамытуға жағдай жасауы тиіс.
Сонымен бірге инвестициялық өнім туралы негізгі ақпараттың бірыңғай стандартын енгізу ұсынылады.
Инвестор өнімді сатып алмай тұрып стандартты форматтағы қысқаша құжат алады. Онда инвестициялық стратегия, тәуекел деңгейі, тарихи кірістілік, өтімділік және комиссиялар көрсетіледі.
Бұл әртүрлі басқарушы компаниялардың өнімдерін бірдей көрсеткіштер бойынша салыстыруға мүмкіндік береді. Инвестор тек жарияланған кірістілікке емес, оған жету үшін қабылданатын тәуекел мен төленетін комиссияға да қарай алады.
Шетелдік инвесторларды Қазақстанда қайта тексермеу ұсынылды
Шетелдік капитал үшін қазақстандық акцияларға қол жеткізуді жеңілдету жоспарланып отыр.
Халықаралық депозитарлық инфрақұрылым арқылы инвесторлар өздеріне үйреншікті тетіктермен есеп айырысып, дивиденд алып, дауыс беруге және басқа да корпоративтік іс-әрекеттерге қатыса алады.
Бағдарламада электрондық құжаттар мен электрондық апостильді қолдану, қашықтан сәйкестендіру және халықаралық депозитарий немесе жаһандық кастодиан жүргізген клиентті тексеру нәтижелерін тану қарастырылған.
Егер ақшаны жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы талаптар орындалса, сол рәсімдерді Қазақстанда екінші рет өту қажет болмайды.
Шетелдік инвестор үшін бұл жергілікті нарыққа кіру кезінде қайталанатын әкімшілік рәсімдердің азаюын білдіреді.
БЖЗҚ бағалы қағаздарын уақытша қарызға бере алады
Қайталама нарықтың өтімділігін арттыру үшін бағалы қағаздарды қарызға алудың орталықтандырылған тетігін құру ұсынылады.
БЖЗҚ, инвестициялық қорлар мен сақтандыру ұйымдары сияқты ұзақ мерзімді инвесторлар өздерінде бар бағалы қағаздарды басқа нарық қатысушыларына уақытша беріп, қосымша кіріс ала алады.
Қарыз алушылар оларды жабық қысқа сатылымдар, тәуекелдерді хеджирлеу және төрелік операциялар үшін пайдалана алады.
Бұл жерде негізгі шарт – бағалы қағаз алдын ала қарызға алынуы тиіс. Яғни қамтамасыз етілмеген қысқа сатылым туралы сөз болып отырған жоқ.
Механизмді іске қосу үшін арнайы инфрақұрылыммен бірге салық тәртібі де өзгеруі керек. Бағалы қағазды уақытша беру және кейін қайтару екі бөлек сатып алу-сату мәмілесі ретінде қарастырылмауы тиіс.
Маркет-мейкерлер жұмысы нақты көрсеткіштермен өлшенеді
Маркет-мейкерлерге қызмет ерекшеліктерін және нарықтық тәуекелді өз балансына қабылдайтынын ескеретін жеке пропорционалды реттеу режимін енгізу ұсынылады.
Олардың жұмысы нақты көрсеткіштер бойынша бағаланбақ.
Олардың қатарында орташа спрэд, өтінімдер тереңдігі, екіжақты баға белгілеуді қолдау ұзақтығы және нарыққа берілетін өтімділік көлемі бар.
Экономикалық ынталандыру да осы көрсеткіштердің нақты орындалуына байланысты болады.
Мұндай жүйе әсіресе сауда белсенділігі төмен бағалы қағаздар үшін маңызды: тұрақты сатып алу және сату өтінімдері инвестордың активке кіруін немесе одан шығуын жеңілдетеді.
Орта компаниялар туралы сараптама көбеймек
Қазақстандық эмитенттердің бәрі бірдей талдаушылардың назарында емес.
Сондықтан орташа мөлшердегі компаниялар үшін демеушілік талдамалық қамту бағдарламаларын дамыту ұсынылып отыр.
Бірақ сараптаманы кім қаржыландыратыны оның қорытындысына ықпал етпеуі тиіс. Осыған байланысты талдамалық тұжырымдардың тәуелсіздігіне және мүдделер қақтығысын басқаруға арнайы талаптар енгізіледі.
Сонымен бірге стандартталған корпоративтік деректердің бірыңғай массивіне көшу жоспарланған. Мұндай деректерді автоматты түрде өңдеп, олардың негізінде талдамалық материалдар әзірлеуге болады.
Кредиттік портфельдер облигацияға айналады
Бағдарламада секьюритилендіруді дамыту да қарастырылған.
Бұл механизм кредиттік портфельдерді айналыстағы облигацияларға айналдыруға және қаржы ұйымдарының жаңа кредит беруге арналған ресурстарын босатуға мүмкіндік береді.
Бастапқы кредитор дәрменсіз болған жағдайда активтерді берудің құқықтық режимін күшейту жоспарланып отыр.
Сондай-ақ портфельдердің құрамына қойылатын талаптарды стандарттау, олардың жағдайы туралы ақпаратты ашу және төлемдерге қызмет көрсетудің резервтік тетігін енгізу көзделген.
Алғашқы кредитор портфельді толығымен өткізіп, барлық тәуекелден шығып кете алмайды. Ол берілген портфель тәуекелінің бір бөлігін өзінде сақтауы тиіс.
Салық режимі секьюритилендірудің бірнеше кезеңінің өзі қосымша салық шығынын туғызбайтындай құрылмақ.
Цифрлық қаржы активтері эксперименттен тұрақты нарыққа өтеді
Жеке бағыт цифрлық қаржы активтері нарығын одан әрі дамытуға арналған.
Есеп айырысулардың түпкілікті болуын бекіту, платформа операторлары, банктер және есептік инфрақұрылым арасындағы өзара іс-қимыл тәртібін анықтау ұсынылады.
Сонымен бірге жобалардың реттеуші ортадан тұрақты режимге өту шарттары белгіленбек.
Біліктілігі жоқ инвесторлар үшін қорғауға қойылатын талаптар және олардың цифрлық активтерге сала алатын қаражатының шектері нақтыланады.
Цифрлық активтер тақырыбы Қазақстан үшін теориялық деңгейден шығып үлгерді. Бұған дейін біз токен мен кәдімгі акцияның айырмашылығы және цифрлық құрал иесінің қандай құқық алатыны туралы егжей-тегжейлі жазған едік.
«Жасыл» инвестицияларға әлеуметтік жобалар қосылады
Орнықты қаржыландыру саласында жобалардың бірыңғай ұлттық сыныптамасын қалыптастыру жоспарланған.
KASE пен AIX қағидаларын халықаралық деңгейде танылған қағидаттармен үндестіру ұсынылады.
Қолданыстағы жасыл таксономия әлеуметтік жобаларды жіктеу тәсілдерімен толықтырылмақ.
Сонымен қатар ESG-ақпаратты ашу, оны тәуелсіз тексеру және өздерін орнықты деп таныстыратын инвестициялық қорларға қойылатын талаптар дамытылады.
Бұл ESG немесе «жасыл» деген атаудың тек маркетингтік сипатта қолданылуын шектеп, өнімді нақты белгіленген өлшемдермен байланыстыруға мүмкіндік беруі тиіс.
Қазақстан мемлекеттік исламдық бағалы қағаздарға дайындалып жатыр
Бағдарламада исламдық қаржы құралдарына жеке блок берілген.
Мемлекеттік исламдық бағалы қағаздарды шығару үшін олардың Бюджет кодексіндегі мәртебесін және мемлекеттік мүлікті шығарылым құрылымында пайдалану тәртібін белгілеу жоспарланған.
Мемлекеттік шығарылым корпоративтік ислам құралдары үшін кірістілік бағдарын қалыптастыруы тиіс.
Сонымен бірге шариғаттық басқару мен сараптамаға бірыңғай талаптар енгізу және көп сатылы шығарылым құрылымдарының салықтық бейтараптығын қамтамасыз ету ұсынылып отыр.
Бұл бастама Қазақстандағы исламдық қаржы нарығы үшін ерекше мәнге ие. Бұған дейін біз Қазақстанда исламдық қаржының өсуіне не кедергі болып отырғанын және нарыққа мемлекеттік сукук не үшін қажет екенін талдаған едік.

35 бастаманың барлығы 2030 жылға дейін кезең-кезеңімен енгізіледі
Бағдарламадағы барлық өзгеріс бір мезетте іске қосылмайды.
Агенттік бастамаларды нәтижелер мен туындайтын тәуекелдерді тұрақты бағалай отырып, дәйекті түрде енгізуді жоспарлап отыр.
Егер ұсыныстар іске асса, өзгерістер капитал нарығының бүкіл тізбегін қамтиды: биржаға енді ғана шығуға дайындалып жатқан шағын компаниядан бастап қазақстандық акцияларды сатып алатын шетелдік инвесторға, БЖЗҚ активтерінен цифрлық қаржы құралдарына дейін.
Бағдарламаның ауқымын бір көрсеткіш анық көрсетеді: жеті бағыт бойынша бірден 35 бастама ұсынылған.
Бұған дейін компаниялардың Қазақстан қор нарығына шығуын қалай жеңілдету жоспарланғаны туралы жазған едік. Енді ұсынылған шаралар реформаның тек IPO рәсімдерімен шектелмейтінін көрсетеді: өзгерістер бизнеске капитал тартудан бастап қайталама нарықтағы саудаға, цифрлық активтерге және жаңа инвестициялық құралдарға дейін жетпек.