2026 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша Қазақстан банктеріндегі бизнес салымдарының көлемі 21,1 трлн теңгеге жетіп, бесінші ай қатарынан тұрақты өсім көрсетті. Тек шілде айында портфель 559,2 млрд теңгеге немесе 2,7%-ға ұлғайды.
Бұл өсімге негізінен банк нарығындағы ірі ойыншылар үлес қосып отыр. Бүгінде Қазақстанның жетекші ЕДБ-ларындағы корпоративтік депозиттердің артуы банк жүйесіндегі бизнес қаражатының жалпы көлемінің ұлғаюына ықпал ететін негізгі факторлардың бірі болып отыр.
Ірі банктер өсімнің негізгі бөлігін қамтамасыз етуде
Шілде айында заңды тұлғалар салымдарының өсімі бойынша ForteBank көш бастады. Бір айда қаржы институтындағы бизнес қаражаты 157,8 млрд теңгеге немесе 7,2%-ға көбейіп, 2,3 трлн теңгеге жетті. Корпоративтік салымдар көлемі бойынша ForteBank Қазақстандағы ең ірі үш ЕДБ-ның қатарына кіреді. Бұған бизнеске арналған өнімдер мен сервистердің дамыған экожүйесі, соның ішінде корпоративтік клиенттерге арналған жеке цифрлық шешімдер елеулі ықпал етеді.
Өсім қарқыны бойынша екінші орынға Halyk Bank орналасты. Бизнес салымдары 148,7 млрд теңгеге немесе 2,3%-ға артып, 6,5 трлн теңгені құрады.
Үшінші орынға Отбасы банк жайғасты: бір айда заңды тұлғалардың салымдары 84,9 млрд теңгеге өсіп, 241,3 млрд теңгеге жетті.
Алғашқы бестікке Kaspi Bank (плюс 73,4 млрд теңге) пен Bank RBK (плюс 43,1 млрд теңге) кірді.
Осылайша, салымдары өскен бес ЕДБ банк жүйесіндегі бизнес салымдарының жалпы өсімінің шамамен 70%-ын қамтамасыз етті. Бұл жалпы динамиканың нарықтағы ең ірі әрі тұрақты қатысушыларға тәуелді екенін көрсетеді.
Алайда бұл өсім банктер арасында біркелкі емес. Шілде айында 6 ЕДБ-да бизнес салымдарының көлемі азайды. Олардың басым бөлігін шетелдік қатысуы бар немесе шетелдік қаржы институттарының еншілес ұйымдары саналатын банктер құрайды, соның ішінде екі ислам банкі бар. Корпоративтік депозиттер көлемінің азаюы бизнестің банк жүйесінен қаражатын жаппай шығарып жатқанын білдірмейді. Бұл көрсеткішке банктер арасында өтімділіктің қайта бөлінуі, корпоративтік шоттар құрылымының өзгеруі, төлемдердің маусымдық сипаты және басқа да факторлар әсер етуі мүмкін.
Неліктен бизнес банктерде қаражатын көбірек сақтай бастады
Бизнес салымдарының тұрақты өсімі бірден қалыптасқан жоқ. 2020 жылға дейін ҚР ЕДБ-дағы корпоративтік депозиттер көлемі айтарлықтай құбылып, тұрақты өсу динамикасын көрсетпеді. Мысалы, 2010–2015 жылдары көрсеткіш 5,6–6,9 трлн теңге аралығында болды, ал 2017 жылдан бастап төмендеп, 2019 жылға дейін қысқара берді.
2020 жылдан бастап жағдай өзгерді: банк секторында бизнес қаражатының тұрақты өсу үрдісі қалыптасты. Мәселен, тек соңғы бір жылдың өзінде салымдар сомасы 14,7%-ға артты. Бұл үрдіске бірнеше фактор ықпал етіп отыр.
Біріншіден, банктер корпоративтік клиенттермен жұмысты күшейтті. Бүгінде бизнес үшін қаржылық қызметтердің құнымен қатар, операциялардың жылдамдығы, шоттарды басқарудың ыңғайлылығы, қаржыландырудың қолжетімділігі және бір банктен түрлі қызмет алу мүмкіндігі де маңызды. Корпоративтік клиенттер үшін бәсекенің күшеюі ҚР ЕДБ-ны бизнеске арналған арнайы өнімдер мен кешенді сервистерді дамытуға ынталандырып отыр.
Екіншіден, банктік қызмет көрсетуді цифрландыру айтарлықтай жеделдеді. Шоттарды ашу және жүргізу, төлемдер, аударымдар, қаржыны басқару, үзінді көшірмелер алу және кредиттік операциялардың бір бөлігі онлайн форматта қолжетімді бола бастады. Бизнес үшін бұл операциялық шығындарды азайтып, стандартты банктік рәсімдерге жұмсалатын уақытты қысқартуға мүмкіндік береді.
Бизнес-клиенттерге арналған арнайы онлайн-бағыттардың дамуы да маңызды факторға айналды. Кәсіпкерлер банктік қызметтерді цифрлық платформалар мен мобильді қосымшалар арқылы пайдалана алады, бұл күнделікті қаржыны басқаруды жедел әрі ыңғайлы етеді. Нәтижесінде банк шоты қаражат сақтайтын орын ғана емес, компания қаржысын күнделікті басқаруға арналған толыққанды құралға айналады.
Тағы бір фактор — банк секторының тұрақтылығының артуы. Қазақстандағы ірі ЕДБ-лардың капиталы, активтері мен өтімділігінің артуы бизнестің банк жүйесіне деген сенімін нығайтып келеді. Қазақстандық компаниялар, әсіресе, айналымы жоғары кәсіпорындар, қаржылық серіктес таңдағанда банктің сенімділігіне ерекше мән береді.
Пайыздық мөлшерлемелер мен жалпы қаржылық жағдай да маңызды. Жекелеген қаржы құралдары бойынша кіріс жоғары болған жағдайда, бизнес бос қаражатын банк шоттарында сақтап қана қоймай, уақытша пайдаланылмайтын қаражатынан қосымша кіріс ала алады.
Осының бәрі бизнестің банктермен жұмыс істеу тәсілін өзгертіп келеді. Бүгінде ҚР ЕДБ корпоративтік депозиттер көлемі үшін ғана емес, компаниялардың күнделікті қаржылық операциялары үшін де бәсекелесіп, оларға ыңғайлы цифрлық құралдар, кешенді қызмет көрсету және өтімділікті тиімді басқару мүмкіндіктерін ұсынып отыр.
Сондықтан бизнес салымдарының қазіргі өсімі шоттардағы қаражаттың көбеюін ғана емес, банктер мен корпоративтік сектор арасындағы қарым-қатынастың да өзгеріп жатқанын көрсетеді. Компаниялар қаржылық операцияларын банктердің цифрлық жүйесіне көбірек көшірген сайын, банктердің күнделікті бизнес қызметіндегі маңызы арта түседі.